Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Ұстаздарымыз бізді жиі шатастыратын»

0 487

Мынау шексіз ғаламда Тәңір Тағала әрбір тіршілік иесін аса шеберлікпен жаратқан. Иә, шаңыраққа сәби келіп, шаттыққа бөлесе – баға жетпес қуаныш. Ал бір мезетте екі бүлдіршінді дүниеге әкеліп, өрісі кеңейген отбасының сезімін сөзбен жеткізу мүмкін емес шығар. Себебі бұл – кез келген отбасына бұйыра бермейтін батпандай бақыт.

Жап-жас ана!
Қандырып кәусарымен,
Кезек құшып,
Аймалап аңсарымен,
Егіздерін мінгізіп арбасына,

Бақшасына беттеді таңсәріден, – деп жырлаған екен Таласта туып, Алашқа танылған ақын Абдрахман Асылбек «Егіздер туралы түсінік» атты өлеңінде. Шайырдың осы жырын оқып отырып, көз алдыңызға ақ орамалы адалдықтың жалауындай желбіреген асыл ананың егіздеріне емірене қарап тұрған бейнесі оралатыны шүбәсіз. Дәл осындай қос перзентін құрсағына сыйдырып, аман-есен өмірге алып келген ардақты ана – Фарида Исабекова.
Әңгімені әріден бастасақ, махаббат қызық, мол жылдарды бірге кешкен Марат пен Фарида үлкендердің батасымен бас құраған соң, жас отбасының шаңырағын шаттыққа бөлеп, тұңғыштары Мөлдір дүниеге келеді. Арада 4 жыл өткен соң Фарида тағы да құрсақ көтерді. Алайда егіз болады деген ой үш ұйықтаса да түсіне кірмеген еді.
– Не менің, не күйеуімнің тегінде егіздер болмаған еді. Алғаш білгенде әкесі екеуміз таңғалдық, қуандық. Бұл туралы медицина мамандарынан сұрағанымызда: «Мүмкін бірінші егіздерді сіздер бастайтын шығарсыздар», – деп жауап берді. Осылайша 2004 жылы шілденің 13-інде Әсел мен Әсем өмір есігін ашты. Әсел таңғы 7:35-те, Әсем 7:38-де дүниеге келген болатын. Бұл сандарды мен ешқашан ұмытпаймын. Қыздарымыздың есімін қоярда әкесі екеуміз ұзақ ойландық. Басында ортақ шешім таба алмадық. Арада бір ай өткенде барып Әсел мен Әсем деген есімге тоқтадық. Екеумізге де ұнады бұл есім. Аллаға шүкір, қазір жұрттың бәрі таңғалып, бізге қызыға қарайды. Қыздарымыз бүгінде жоғары оқу орнында білім алып жүр, – дейді Фарида Айтжанқызы.
Егіздердің әкесі Марат Тасыбеков «ЖамбылСнап» ЖШС-де абыройлы еңбек етіп жүрсе, аналары Фарида Исабекова №15 балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді. Әсел мен Әсем өздерін мүлде екі түрлі адамбыз деп түсінеді. Басқалар сияқты мінезі, шашы, касы, тіпті киім кию талғамы да ұқсамайды. Олар да тек ойымыз ғана ұқсас дегенді жиі айтады.
– Біз әулеттің ең алғашқы егізі болғандықтан, ата-анам ерекше қуанды. Анамның айтуынша, аяғы ауыр кезінде көп қиналыпты. Әрине, егіз бала оңай салмақ емес қой. Әсел екеумізді мектеп кезінде ұстаздарымыз жиі шатастыратын. Туыстар да ажырата алмай әлек болатын. Бұл күнде есейдік, бойжеттік. Қазір кейбіреулер ұқсайсыңдар десе, енді бірі мүлде ұқсатпай жатады. Сыңарым Әселдің жақсы қасиеттері өте көп. Ол көп ойланады, ішіндегісін жасырмай ашық айтады, өзгелерге де қолдан келген көмегін аямайды. Бір байқағаным, ол не айтса да ойлап айтады. Сосын айтқандары үнемі дәл келетіндері бар. Десе де, ашуға тез ерік беретін сәттері де жоқ емес. Біз бір-бірімізсіз жүре алмаймыз, кетсек іздейміз. Бала күнімізде анамыз бірімізге ұрысса, екеуміз де қосылып жылайтынбыз. Қазір сыңарымды бір күн көрмесем жылап алатыным жасырын емес. Ол жыласа. мен де көңілсіз боламын, – дейді Әсем Сейдазим.

Ал сыңары Әсел өздерін ерекше егіздерміз деп санайды. «Біз екі бөлек адам болсақ та, ойымыз ортақ», – дейді ол. Оларда бірақ басқалар секілді біреуі ауырса, екіншісі сезетін қабілет жоқ екен. Бір қызығы, біреуі ауырып-жазылған соң, екіншісі ауыратын көрінеді. Әрі бұл жиі қайталанатынын айтады.

– Әсем адамдармен бірден ашылып, сөйлесіп кете алмайды. Ал мен адамдармен тез тіл табысамын. Десе де, ол өз ойын жасырған емес. Мәселен, дүкенде немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарында тұрғанда, кейбір адамдар біздің орнымызды кезексіз алып қоятын келеңсіз жағдайлар кездесіп тұрады. Сондай сәттерде ол өз ойын бүкпесіз айтып, өз құқығын талап ете алады. Бірақ мен оған қарағанда жасқаншақтаумын, ондайға батылым жете бермейді. Бірақ бұл «біз мүлдем ұқсамаймыз» дегенім емес. Біз қай жерде болсақ та, бір-бірімізді іздеп жүреміз. Әсем тез сөйлейтін болғандықтан, оның айтқан сөздерін жұрт түсінбей қалады. Сондықтан оның сөзін өзгелерге мен түсіндіріп жүремін. Жасыратыны жоқ, мен 8-ші сыныпқа дейін математика сабағынан есептерді Әсемнен көшіретінмін. Өйткені маған математика сабағы қиын. Ол жаратылыстану бағытындағы, мен гуманитарлық пәндерге жақынмын. Сол себепті де ол болашақ физик болуға ниет етіп, сол мамандықта білім алуда. Ал мен архитектура мамандығын таңдадым, – дейді Әсел Сейдазим.

Бүгінде жыл сайын әлемде 1,6 миллионға жуық егіздер дүниеге келетін көрінеді. Бұл әр 42-ші бала егіз болып өмір есігін ашады деген сөз.

Жұматай Көксубай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.