Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұстаздар өзгелерге үлгі болу керек

0 189

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев Жамбыл ауданына жұмыс сапары барысындаӨрнек ауылындағы Б.Тайшапұлы атындағы орта мектептің жұмысымен танысып, қызметкерлерімен кездесті,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желі арқылы облыс әкімінің атына аталған білім ордасының қызметкелерінен бірқатар шағым түскен болатын. Онда мектеп директорының өз қызметін асыра пайдалануына қатысты жағдайлар айтылған. Осыған орай облыс басшысы, мәселенің анық-қанығына көз жеткізу мақсатында оқу орнына арнайы бұрылды.

Бердібек Сапарбаев биыл ғана күрделі жөндеуден өткен мектептің ұжымының əлеуметтік желіні шулатып, арызданып жатқаны ұстаздар қауымына лайық іс емес екенін атап өтті.

– Мектеп – білім мен тәрбие ошағы. Ондағы орта арызқой болса, басқаларынан не күтеміз?Нақты заңсыздықтар мен құқық бұзушылықтарға негізделген, дәлелдері келтірілген шағым болса әлбетте, қараусыз қалмайды. Бірақ, негізсіз арыз-шағыммен айналысып, уақытты босқа өткізуге болмайды. Сіздердің міндеттеріңіз балаға сапалы білім, саналы тəрбие беру. Ең бірінші сіздер соны ұмытпауға тиіссіздер, – деді облыс әкімі мектеп ұстаздарына.

Мектеп ұстаздары Əлиасхар Құлшынбаев, Салтанат Айтмағанбетова мен Гүлжамал Нұрабаева ұжымның ұйымшыл екенін айтып, ойларын ортаға салды.

Облыс әкімі әлеуметтік желіде айтылған нақты дәлелі жоқ бос сөз бен жалған айыптауларға сенбейтінін, дәлелсіз арыз-шағымдарды қарамайтынын ескертті.

Сондай-ақ, аймақ басшысы ауылдағы 140 орындық Мәдениет үйінің құрылысымен танысты. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында соғылып жатқан нысанның құрылысын «ЖаңаКемерҚұрылыс» ЖШС жүргізуде. Бүгінгі таңда шатыр жабыны жабылып, қабырғалары әрленіп, ауласы абаттандырылып жатқан нысанды пайдалануға беретін күн де алыс емес. Құрылыс жұмыстарын аралаған аймақ басшысы  жұмыстардың сапасына баса мән бәру керектігін жеткізді.

Бұдан кейін Өрнек дəрігерлік амбулаторияның ғимаратын көрді. 2011 жылы пайдалануға берілген ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Мердігердің жауапсыздығынан мұнда да Қызылқайнар ауылындағы дәрігерлік амбулаториясы сияқты қабырғаларында жарық сызаттары пайда болған.

Амбулатория дәрігері Ақботай Амантайдың айтуынша, оны 40 емделушіге арналған ғимараттың бүгінгі жағдайы алаңдатады.

«Ғимаратты мынандай жағдайда қалдыра алмаймыз», –  деген Бердібек Сапарбаев тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

«Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік транзитінің Көлқайнар ауылдық округі аумағындағы сервистік қызмет көрсету орталығы аудандағы айрықша нысандардың бірі болмақ.

Жобалық құны 200 миллион теңге тұратын нысанның құрылысын «Мақтарал» ЖШС жүргізуде. Учаске басшысы Бекжан Үсетаевтың айтуынша, мұнда көлік дәлізіндегі жүргіншілерінге, аймақ жұртшылығы мен қонақтарына демалу, тынығу, қонақ үй, дәмхана қызметтері, көлік жуу, желімдеу, май алмастыру, автотұрақ қызметтері ұсынылады. Қазіргі таңда құрылыс жұмысының 80 пайызы аяқталған. Нысанды мердігер бір айда аяқтап, іске қоспақ.

Аудандағы жұмыс сапарының соңында облыс әкімі аудан активімен кездесті. Аудан əкімі Сəкен Арубаев ауданның 11 айдағы əлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне тоқталып, баяндама жасады.

Ауданда мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың атқарылып жатқан жұмысына облыс əкімі Бердібек Сапарбаев жақсы бағалап, аудан басшылығына жұмыс қарқынын бəсеңдетпей жылды жақсы көрсеткішпен қорытындылауды тапсырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.