Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұстаздар ұстаханасы

0 359

Кез келген саланың қарқынды дамуы оны жүзеге асыратын білікті мамандарға тікелей байланысты. Олардың өнімді еңбегі болмаса, ешбір сала алға баспайды. Соның ішінде оқу-ағарту ісі де ұлағаттан сусындаған парасатты ұстаздардың өз жұмыстарына деген адалдығымен және сүйіспеншілігімен өзгелерден дараланып тұрғаны сөзсіз.

Мысалы, білім саласын үлкен бір ақ боз үй деп алсақ, әр педагог сол үйдің шаңырағын ұстап тұрған бір-бір уық іспетті. Ал бір уығы кем болса, шаңырақтың шайқалатыны тәрізді, мықты мамандарсыз бұл саланың да ілгері жылжуы неғайбыл. Сондықтан егемендік жылдары елімізде білікті мұғалімдер даярлауға айрықша ден қойылып келеді. Бұл тұрғыда жоғары оқу орындарына зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған биылғы Жолдауында бұған баса мән берді.
– Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек, – деген Президент осы бағыттағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыруды тапсырды.
Бүгінде Жамбыл облысы да педагог кадрларды даярлау ісінен кенде емес. Бұған Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты «Педагогика» факультетінің қосып отырған үлесі қомақты.
2009 жылы құрылған «Білім» факультеті құрылымдық өзгеруіне байланысты 2020-2021 оқу жылында «Педагогика» факультеті атауымен өз жұмысын жалғастырды. Қазіргі таңда мұнда 64 профессор-оқытушылар құрамы жұмыс істейді. Соның ішінде 4 ғылым докторы, 2 PhD докторы, 22 ғылым кандидаты мен доценттер қызмет атқаруда. Факультетіміздің профессор-оқытушылар құрамы ғылыми жобаларға қатысып, мақалаларын отандық және шетелдік басылымдарда үздіксіз жариялап келеді.
Қазір аталған факультетке қарасты «Жалпы педагогика», «Қазақ тілі мен әдебиеті» және «Шетел тілдері» кафедралары бар. «Жалпы педагогика» кафедрасында бакалавриат білім беру бағдарламасы бойынша «6B01101-Педагогика және психология», «6В01201-Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу», «6В01301-Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» және «6В01202-Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу педагогикасы» мамандықтары бойынша тәлім берілуде. Сонымен қатар мұндағы студенттер «7М01101-Педагогика және психология» мамандығының магистратурасында білімін жалғастыра алады. Оқу процесін қамтамасыз ету мақсатында кафедра қажетті материалдық-техникалық базамен, заманға сай құрал-жабдықтармен толығымен қамтамасыз етілген.
Кафедраның профессор-оқытушы құрамы студенттерге бағытталған оқыту саясатын жүзеге асыра отырып, оқу процесінде тұлғаға бағытталған тәсілдер мен оқытудың инновациялық әдістерін, креативті және бәсекеге қабілетті мамандарды қалыптастыру бойынша әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының оң тәжірибесін белсенді пайдаланады. Магистрлік жұмыстар компьютерлік техниканы қолдану және заманауи бағдарламалық өнімдер мен ғылыми жабдықтарды қолдану арқылы орындалады.
Сондай-ақ «6В01701-Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша маман даярлау «Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру» стандартына сәйкес жүзеге асырылып келеді. Ал «7М01701-Қазақ тілі мен әдебиеті» (2 жылдық), «7М01702-Қазақ тілі мен әдебиеті» (1 жылдық) магистратурада білім беру «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім» стандарты аясында орындалуда. Аталған кафедра қызметі ғылыми-педагогикалық әлеуеттің тұрақты өсуімен, заманауи ғылыми-зерттеу орталықтарының болуымен сипатталады. Кафедрада және институттың ақпараттық-кітапханалық орталығында оқу және ғылыми-техникалық әдебиеттердің кең заманауи базасы бар. Студенттеріміздің өздеріне қажет кез келген мағлұматты осы жерден алуларына барлық мүмкіндік қарастырылған.
Сонымен қатар 2009 жылы құрылған «Шетел тілдері» кафедрасында «Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру» стандартына сәйкес бакалавр бойынша «6В101702-Шетел тілі: екі шетел тілі», ал магистратура бойынша «7М101703-Шетел тілі: екі шетел тілі», оның ішінде ағылшын-түрік, ағылшын-корей, ағылшын-қытай тілдерінен мамандар даярланады.
Ерекше атап өтерлігі, бүгінде оқу ордасында үш тілді қатар қолданатын жан-жақты білімді, жоғары білікті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау мақсатында проблемалық сұрақтар, тренингтер, миға шабуыл, эвристикалық әңгімелесу, іскерлік ойындар, шағын топтарда істеу, жобалық оқыту, сыни тұрғыдан ойлауды дамыту технологиялары, «Activstudio», «Excel», «Course Lab», «Padlet», «Microsoft Power Point», «British Council», «LinguaLeo» подкастары, оқу фильмдері, бейнеклиптер, анимациялық және көркем фильмдерден үзінділер сияқты түрлі қосымша білім беру технологиялары пайдаланылып, оқытушылар мен студенттерге барлық жағдай жасалуда.
«Педагогика» факультеті тарапынан университет түлектерін тұрақты жұмыспен қамтуға да ерекше екпін түсірілген. Соның жарқын дәлелі – Тараз қаласындағы Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясы, №23, 30, 16, 32 орта мектептер, №28, №18, №9, №35 бөбекжай-балабақшалар, Абай атындағы педагогикалық колледж және Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжі жұмыс берушілерімен ашық есік күні өтті. Шара барысында академиялық жұмыстар жөніндегі проректоры А.Қадырова сөз сөйлеп, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салса, жұмыс берушілер де өз кезегінде бұл бағытта бірлесе жұмыс істеуге әзір екендігін жеткізді.
Факультет ұстаздары өз біліктіліктерін арттырудан да бір сәтке жалыққан емес. Айталық, 2023 жылдың 14-19 желтоқсан аралығында Түркияның Стамбул қаласында өткен «Білім беру саласындағы заманауи үрдістер. Инклюзивті оқыту әдістері» атты халықаралық біліктілікті арттыру курсына «Жалпы педагогика» кафедрасының меңгерушісі Елубаева Рахат Сайлаубекқызы қатысып, өз тәжірибесін толықтырып қайтты.
Шара барысында Түркия мемлекетінің инклюзивті білім беру жүйесіне байланысты дәрістер оқылып, шетелдік әріптес оқытушылар өз іс-тәжірибесімен бөлісіп, тренингтер жүргізді. Бұл халықаралық біліктілікті арттыру курсына Қазақстанның түрлі аймақтарынан педагогтар қатысты. Курсты Қазақстандағы «Алтын ғасыр» оқу орталығы және Түркияның Халық университеті бірлесе ұйымдастырған болатын. Курс соңында 72 сағаттық курстан өткенін растайтын сертификат табысталды.
Бұған қоса, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасы бойынша 2021 оқу жылы 12, 2022 жылы бойынша 9 қызметкер біліктілігін арттырды. Сондай-ақ кафедра оқытушыларының 90 пайызы «ҚР ЖОО педагогикалық мамандықтар оқытушыларының біліктілігін арттыру» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтті.
Қазақ елі тарихта өшпестей ізі мен өнегелі ісін қалдырған ұлы тұлғаларға кенде емес. Ұлы дала көптеген ұлы тұлғаларды – батырлар мен билерді, абыз жырауларды, от ауызды, орақ тілді шешендерді тарих сахнасына алып келді.
Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай сынды ұлы тұлғалар шоғырының шоқтығы қашанда биік. Ұлы даланың даңқын көкке көтерген де, көшпенділер мұрасының жауһарларын әлемдік тарихқа енгізген де дәл осы тұлғалар. Ата-бабаларымыздың мұрасын дәріптеу – қастерлі міндет. Осыны жете ұғынған кафедра ұжымы Алаш арыстарын ардақтауды бір сәтке де ұмытқан емес. Айталық, белгілі ақын М.Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына орай «Қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы – Мағжан Жұмабаев» атты аймақтық эссе байқауы өтті. Тағылымы зор аталмыш іс-шарада ақынның жасаған еңбегі, саясат жолындағы қажымас қайраты кеңінен әңгімеленіп, оның тарихтағы ұмытылмайтын істері, қазақ әдебиетіндегі елеулі орны дәріптелді.
Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Менеджмент академиясының (Павлодар) профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Меңдібай Әбіловтің «М.Әбілұлы және «Сұр жебе» роман-эпопеясының жазылу тарихы» атты облыстық ғылыми-әдістемелік семинары өтті. Облыстық ғылыми-әдістемелік семинарда «Сұр жебе» кітабының тұсаукесері өтіп, арнайы шақырылған қонақтардың баяндамалары тыңдалды. Шара «Шабытты шақ» атты оқушылардың шығармашылығына арналған бөліммен жалғасты. Жамбыл облысы бойынша ғылыми-әдістемелік семинарға қатысқан мектеп мұғалімдері тың баяндамалар жасап, өз ойлары мен пікірлерін ортаға салды. Мектеп оқушылары өз кезегінде «Сұр жебе» роман-эпопеясы бойынша мәтіндерді жатқа оқып, «Қызғалдақ майы» қойылымынан үзінділер көрсетті.
Шара соңында семинарға қатысқан баяндамашылар мен мектеп оқушыларына дипломдар, М.Әбілұлының қаламынан туған кітаптар тарту етілді.
Сонымен қатар қазақ тіл білімінің лингвистикалық статистика саласының білікті маманы, филология ғылымдарының кандидаты, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің академиялық профессоры, доцент Белботаев Алмасбек Батанұлының 75 жас мерейтойына орай «Қазақ филологиясының өзекті мәселелері және цифрландыру кезеңіндегі IT-лингвистиканың зерттелуі» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Бұған қоса, аударматану саласының білікті маманы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қожаева Маржан Төреғұлқызының мерейтойына орай «Жаңа Қазақстан дәуіріндегі аударматанудың өзекті мәселелері: зерттелу тарихы, теориясы, қалыптасуы мен дамуы» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылды.
«Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының ұйымдастыруымен «Ыбырай Алтынсариннің шығармашылық әлемі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы, профессор, ф.ғ.к., доцент А.Ө.Кәрібаеваның 63 жылдық мерейтойына орай «Дүниежүзілік жағдайындағы түркі әлемі: тіл, қоғам, әдебиет» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы, А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай «А.Байтұрсынұлы мұрасының зерттелуі: дерек пен дәйек» аймақтық апталық өтіп, кафедраға қарасты топ студенттері белсене атсалысты. Сонымен қоса Жамбыл облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасымен бірлесе отырып, Халықаралық ана тілі күніне орай өткен «Тіл – достықтың тірегі» атты студенттер арасында интеллектуалды сайысқа «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының «Қт-21-1» тобы І орын иеленген. Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті «Филология» факультеті «А.Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі» кафедрасы ұйымдастырған ұлт ұстазы, тұңғыш тілтанушы ғалым, ақын, әдебиет зерттеушісі, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері, ғасыр ғұламасы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай ЖОО студенттері арасында өткен «Ұлттық мүддеге қызмет еткен кемел тұлға» тақырыбындағы халықаралық зияткерлік сайыста кафедра студенттері Б.Балтабай, Б.Сапарғали, Ә.Рысбектен құралған «Қт-21-1» тобы жүлделі ІІІ орынға қол жеткізді.
Бүгінде факультетте Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ф.ғ.к. Меңдібай Әбілұлының басқаруымен Ж.Баласағұн атындағы әдеби үйірме жұмыс істейді. Оған 25-ке тарта студенттер мен өзара келісімшарт жасалған мектептердің оқушылары қатысады. Аталған үйірменің белсенді мүшелері Нұрсұлу Саден, Бибінұр Мәлік, Фатима Қалтұрсын, Қамар Асан, Ақбілек Бурановалар түрлі білім бәйгелерінде жеңіс тұғырынан көрініп жүр.
«Шетел тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасы бойынша Алматы менеджмент университетінде «Entrepreneurial MeetUp-2023» шеңберінде өткен студенттік стартап іс-шарасына «Шетел тілі: екі шет тілі» кафедрасының оқытушысы Г.А.Байғазиева бастаған «ШТ-20-3» тобының студенттері – Альбина Сұлтанова, Әдемі Оразхан, Назым Даниярбекова және Ақбота Қойшыбаева қатысып, сертификат иеленді. Бұған дейін аталмыш топ студенттері Тараз қаласында онлайн форматта өткен «Kemel Kasipker» атты бизнес-кейсті шешу бойынша чемпионатқа қатысып, жоғарыда аталған жыл сайынғы ұйымдастырылатын кәсіпкерлік форумға жолдама ұтып алған болатын. Аталмыш іс-шара барысында қатысушылар жан-жақтан келген білікті мамандардың шеберлік сабақтарына қатысып, жаңа идеялармен сусындап қайтты.
Сонымен қатар АҚШ, Өзбекстан, Румыния, Қытай, Мальта, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, Сауд Арабиясы мемлекеттерінің маңдайалды университеттерінің білім алушылары арасында ғылыми зерттеу/стартап жобаларының көрмесінің «INTERNATIONAL 7TH STUDENT SYMPOSIUM 2022» байқауы ұйымдастырылып, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты студенттері IT-агрономия және шет тілдерін қазақ тілінде үйрету мен брендтік ұлттық бұйымдар жасаудың озық технологиялары бағыттары – «Best Student Paper Award» бойынша Zhansaya Dzhuginisova, Zhanerke Nyiatbek, Arushan Kenes үздіктер қатарынан көрінді.
Сондай-ақ «Шт-23-3» тобының 3-курс студенттері – Шолпан Жұмабаева мен Жания Кадирхан академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Польша елінде оқып келді. Бұған қоса, ағымдағы жылдың қыркүйек айында осы бағдарламамен «ШТ 22-3» тобының 3-курс студенттері – Балжан Шәмшібек пен Аружан Есімханқызы Түркия еліне бір семестрге оқуға аттанды.
Факультеттің білім беру бағдарламалары талапкерлердің сұранысына ие. Соңғы жылдары студенттер саны артып келеді. Айталық, бүгінде факультетте 2 мыңға жуық студент білім алуда. Олардың академиялық ұтқырлықпен еліміздің басқа қалаларындағы және шетелдің алдыңғы қатарлы оқу орындарына «Болон» процестерінің талаптарына сай оқуға мүмкіндіктері бар. Факультетте Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, т.б. елдерден келген шетелдік студенттермен қатар, еліміздің Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда, Алматы секілді өңірлерінің де білім алушылары да тәлім алуда.
«Педагогика» факультеті – заманауи педагогтар даярлайтын нағыз шеберхана. Мұнда алынған білім мен тәжірибе жастардың өзін танытуына және тұлғалық қалыптасуына мүмкіндік беріп, өзгермелі әлемде шығармашылық әлеуетін ашуға ықпал етеді.

Талғат Нурбеков,
Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты «Педагогика» факультетінің деканы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.