Қалалық қоғамдық-саяси газет

Спорт додасына дайындық қалай?

0 423

Мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалтудың негізгі кепілі қозғалыс белсенділігі екені белгілі. Әлемде ерекше қабілеттілігі бар жандарды спортқа тарту мәселесі XVIII ғасырдан бастап қолға алынған болатын. Қазақстанның өзге елдермен керегесі кеңейіп, терезесі теңескеннен кейін ерекше қабілетке ие параспортшыларды дайындай бастады. Нәтижесінде соңғы жылдары қараша халықтың да ерекше жандарға көзқарасы өзгеріп келеді. Тиісінше, олар да қоғамның толық мүшесі екенін сезінуде. Алда 25 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Жапонияның Токио қаласында өтетін төртжылдықтың басты додасы күтіп тұр. Өңірімізде Паралимпиада жүлделерін сарапқа салуға ниетті спортшылар кімдер? Оларға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілуде? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын облыстық спорт басқармасына қарасты дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының басшысы, облыстық паралимпиадалық және сурдлимпиадалық ойындар федерациясының төрағасы Саттар Бейсембаевпен сұқбаттасқанда білдік.

– Саттар Ерғалиұлы, қаламызда ерекше қабілеттілігі бар адамдарға арналған спорт клубының барын бірі білсе, бірі біле бермейді. Жалпы ерекше жандардың ішінде спортқа қызығушылық танытатындар көп пе?

– Спортқа қызығушылық танытқан ерекше жандар жыл сайын артып келеді. Соның дені – жастар. Бізде жалпы 242 спортшы (оның ішінде 34-і негізгі, 206-сы қосалқы топта) спорттың суда жүзу, жеңіл атлетика, пауэрлифтинг, үстел теннисі, таэквондо, еркін және грек-рим күресі, шахмат, тоғызқұмалақ, арбадағы спорттық би түрлері бойынша жаттығып, машығын жетілдіру мүмкіндігіне ие болып отыр. Оларды даярлап, шеберлігін шыңдауға 10 жаттықтырушы күш салуда. Қазір 99 спортшы ҚР құрама командасы сапына алынған. Қазір бізде пара спорты бойынша екі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 11 Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 11 Қазақстан Республикасының спорт шебері және 30 Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидаттары шұғылданады. Осы нәтижеге қарап, спортшылар саны жыл сайын артып келеді деуге толық негіз бар.

– «Спортқа ден қойған жастар көп» деп айтып қалдыңыз, Паралимпиада ойындарында солардың жеңісін көруіміз мүмкін бе?

– Қазірде жастайынан спортпен айналысып жүргендердің өмірге деген көзқарасы таң қалдырмай қоймайды. Солардың бірі – жүзу спортымен айналысып жүрген, 2003 жылы туған Айбек Искра. 2018 жылдан бері спортпен айналысып жүрген Айбек соңғы бір жылда үлкен жетістікке жетті. Жүзумен айналысып жүрген алғашқы 9 айдың ішінде жастар арасындағы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы атанды. Артынша бір айдан кейін Германиядағы әлем біріншілігінде эстафета бағдарламасы бойынша күміс жүлде еншіледі. Қазір ел намысын Паралимпиадада қорғауға ниетті 7 спортшының қатарына кіруге мүмкіндігі жоғары. Санаулы күндерден кейін 20-24 қаңтар аралығында Минск қаласында (Беларусь) өтетін лицензиялық чемпионатта бабын тағы бір мәрте байқаймыз. Егер Айбек Паралимпиада жолдамасын жеңіп алса, үздік нәтиже көрсетуге барымызды саламыз.

– Сізді ел тарихына Паралимпиада ойындарының алтын жүлде иегерін сыйлаған бапкер ретінде танимыз. 100 метр қашықтықта еркін жүзуден 50 жасында Паралимпиада чемпионы болған Зульфия Габидуллинаның бабы қалай, Рио-де-Жанейро қаласындағы нәтижесін қайталай алады ма?

– Қазіргі таңда жүзу спортынан Зульфия Габидуллинаның ғана жолдамасы бар. Ол жүзу спортынан 5 қашықтықта сынға түсуге жолдама ұтып алды. Себебі жүзу спортынан Паралимпиада ойындарының лицензиясы 2018 жылдан бастап сарапқа салына бастаған еді. Атап айтсам, Индонезияның Джакарта қаласында Азия паралимпиадалық ойындары өткен болатын. Міне, сол кезде Зульфия Габидуллина үздік шығып, Паралимпиадаға жолдама алды. Біз Зульфияны дүбірлі додаға атағы үшін ғана алып баруға ниеттеніп отырғанымыз жоқ. Оның қазіргі таңдағы көрсеткіші көңіл қуантарлық. Зульфия рейтингте 6-орынға тұрақтады. Паралимпиада ойындарының алтын жүлдесін жеңіп алған спортшы үшін бұл жарамас деген ой туса, оның өз себебі бар. Өкінішке орай, Паралимпиада ойындарының ережесі өзгеріп, біздің спортшының класы бір сатыға жоғарылады. Енді ол дене мүшесі өзіне қарағанда едәуір жақсы қалыптасқан спортшылармен бақ сынасатын болады. Паралимпиада комитетінің бұл шешімі бізге ғана емес, басқа да спортшыларға кері әсерін тигізуде. Әрине, мұндайда спортшылар арасында теңсіздік пайда болып, бір спортшы басқаларына қарағанда оқ бойы оза шығып кетуі мүмкін. Бірақ біз оған қарамастан, жаттығуды тоқтатқан емеспіз. Қазіргі таңда Зульфия спорттық бабында. Себебі жаттығу уақытын 8 сағатқа дейін арттырдық. Жүзу спорты тарихында 14 мәрте әлем рекордын жаңартқан Зульфияның басты қарсыластары Италия және Австралия елдерінің спортшылары болып отыр.

– Талантты спортшылардың ұстаханасына айналған спорт клубының соңғы жылдардағы жетістігі қандай?

– Спорт клубы ашылған алты жылдың ішінде мүгедек жандарды қоғамның толыққанды мүшесі ретіндегі мәртебесін көтеру мен белсенділігін қалыптастыруға көңіл бөлініп келді. Олардың спортпен тұрақты түрде айналысуын, паралимпиадалық, паралимпиадалық емес және сурдлимпиадалық ойындарға қатысуын қамтамасыз ету бағытында қыруар жұмыстар атқарып үлгердік. Тек бұл жайлы екінің бірі біле бермейді. Мысалы, пара еркін күрестен Ғабит Есжанов, Нұрсұлтан Дүйсембиев, Бағдат Сәбитов, Ғасыр Тұрғынбай, Ғалымбет Молдашев, паратаэквондодан Нышан Өмірәлі, пара арбадағы спорттық биден Факия Шихова, Наргиза Ахметова, пара жеңіл атлетикадан Яна Сибирякова, пара үстел теннисінен Гүлжамила Әділова, Флора Ем мен Вера Приданова, пара шахматтан Абдурашид Алимханов пен Берік Нұрымовтар – республика мен әлем чемпионаттарында жүлде алып жүрген жүйріктер. Соның ішінде Берік Нұрымов парашахматтан Қазақстан Республикасының спорт шебері, есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен спартакиадаларының бірнеше дүркін жеңімпаз-жүлдегері, 2019 жылғы 15-20 шілде аралығында Львов (Украина) қаласында өткен командалық Еуропа чемпионатының жеңімпазы, 2019 жылдың 12-21 желтоқсан аралығында Италияның Вальтеллина қаласында өткен XIX Қысқы Сурдлимпиада ойындарының командалық шахматтан ел тарихында алғаш рет Қысқы Сурдлимпиада ойындарының жеңімпазы атанды.

– Олимпиада шыңын бағындыруды көздеген спортшылар жаттығудан қол үзбей шыңдалып, тер төгетіні белгілі. Спортшылардың соңғы жылдардағы нәтижесі ескеріліп, сурдлимпиадалық, паралимпиадалық және паралимпиадалық емес спорт түрлеріне мемлекет тарапынан қолдау да артқан болса керек.

– Бізде қазіргі таңда 29 кәсіби спортшы мемлекет тарапынан жалақы алып отыр. Олардың 70 пайызы – күрес шеберлері. 2017 жылдан бастап Елбасының қолдауымен Паралимпиада ойындарынан кейін араға бір жыл салып өтетін Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлеріне бөлінетін қаражат та артты. Бұл Сурдлимпиадаға қатысатын спортшылар үшін үлкен қолдау болды. Сондай-ақ өңірімізде 2 бірдей шағын автобус спортшыларды тасымалдаумен айналысады. Мұнымен қоса, биыл қосымша қызметтік автокөлік алу да жоспарда бар. Ендігі кезекте қосымша штат ашып, облыстық спорт басқармасының бекітуімен волейбол және дзюдо спорт түрлерінен спортшылар дайындауды қолға аламыз. Спорт басқармасы соңғы жылдары параспортшыларды дайындауға ерекше көңіл бөліп келеді. 2013 жылы спорт клубымыз ашылған кездері жеке кәсіпкерлер тарапынан да көмек көрсетіліп, тіпті дайындықта тәуір нәтиже көрсетіп жүрген спортшыларға ақшалай сыйақылар табыстағандар болды. Әрине, ол кезде спортшыларға қазіргідей үлкен қолдау көрсетілмейтін.

– Әуелде спорт клубының ғимаратына қарап, осы жерден ел намысын әлемдік аренада қорғап жүрген спортшылар шықты дегенге сеніңкіремеп едім. Алдағы уақытта облыстық спорт басқармасының бастамасымен еңсесі биік спорт кешенін салу жоспарда бар ма?

– Шындығында, спортқа бейімі бар азаматтар аудандарда көп. Десе де, өңірімізде олардың спортпен жүйелі айналысуына жағдай жасалмаған. Ендігі кезде параспортшыларға арнап спорттық ғимарат берілсе, ауданнан іріктелген спортшыларды даярлауға мүмкіндік жасалса деген ой бізді де алаңдатып отыр. Қазіргі таңда ерекше жандарға ерекше көңіл бөлініп жатқанын ескерсек, алдағы уақытта бұл тілегіміз де орындалып қалар. Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының өңіріміздегі ерекше қабілеттілігі бар жандарды спортқа баулу жолында атқарған жұмыстары баршылық. Мекемені қаржыландыруға бөлінген қаражат та жылдан-жылға артпаса, кеміген емес. Ел сенімін ақтау үшін Паралимпиада ойындарында топ жаруды мақсат тұтқан спортшылардың мүмкіндігі шектеулі болғанымен, ерік-жігері шектеусіз. Спортшылардың жеңісті жолы жалғаса бергей.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Сәндібек ПІРЕНОВ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.