Қалалық қоғамдық-саяси газет

Спорт деген бір сиқыр

0 198

Шахматшы қыздар шашасына шаң жұқтырмауда

Үндістанның Ченнай қаласында шахматтан Бүкіләлемдік Олимпиада жалғасып жатыр. Дүбірлі додада қазақстандық қыздар шашасына шаң жұқтырмауда.

Айталық, Болгария құрамасымен бақ сынаған Жансая Әбдімәлік пен Гүлісхан Нахбаева қарсыластарын айқын басымдықпен ұтса, Бибісара Асаубаева және Ксения Балабаева кездесулерін тең нәтижемен аяқтады. Бұл – қазақстандық қыздардың осы жарыстағы 7-ші жеңісі. Осылайша жалпыкомандалық есепте ел құрамасы 6-шы сатыдан 3-ші сатыға жоғарылады.
Сондай-ақ 18 жастағы қазақстандық әлем чемпионы Бибісара Асаубаева Азияның үздік шахматшысы атанды. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бибісара Асаубаеваны арнайы құттықтап, ізгі лебізін жолдады.

Ала доп аламанының үздіктері анықталды

Кеше «Ұлан» стадионында жекеменшік футбол клубтары арасындағы қалалық чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.

Салтанатты шараға қала әкімінің орынбасары Бақдәулет Сариев қатысып, ізгі тілегін білдірді. Жалпы Тараз қаласы әкімдігі мен облыстық футбол федерациясының ұйымдастыруымен өткен додада 4 жас ерекшелігі бойынша, яғни 2006-2007, 2008-2009, 2010-2011 жылдары туған жасөспірімдер және 2012-2013 жылғы бүлдіршіндер арасында 12 команда қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша 2012-2013 жылғы бүлдіршіндер арасында «Регион-01» командасы топ жарса, 2010-2011 жылғы жасөспірімдер арасында «Сұңқар» командасы жеңімпаз атанды. Ал 2008-2009 және 2006-2007 жылғы жасөспірімдер арасында «Жамбыл жастары» құрамасы тұғыр биігіне көтерілді.

Головкин өзін әйгілі Мұхаммед Әлиге теңеді

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен өтетін үшінші кездесу туралы ойымен бөлісті. Отандасымыз әңгіме барысында өзін әйгілі Мұхаммед Әлимен теңестірді.

– Канеломен үшінші кездесудің өтетінін білгенде не сезіндім? Әрине, жақсы көңіл-күйде болдым.
Егер өзімді салыстырып айтатын болсам, бұрын Мұхаммед Әлидің (Кен Нортон және Джо Фрейзермен) трилогиялары болды. Осыған қарап өзімнің бокс әлемінде қаншалықты сұранысқа ие екенімді көремін, – деді Головкин SerEbro EnlosDeportes YouTube арнасына берген сұхбатында.
Айта кетейік, Головкин мен Канело арасындағы үшінші айқас 17 қыркүйек күні Лас-Вегас қаласындағы T-Mobile Arena спорт кешенінде өтеді.

Жамбылдық жампоздың жарқын жеңісі

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында дзюдодан түндігін түрген Азия чемпионаты мәресіне жетті.

Сары құрлықтың байрақты бәсекесінде Азияның 17 елінен 168 татами шебері сынға түсті. Солардың ішінде еліміздің спортшылары 1 алтын, 2 күміс, 5 қоланы еншілеп, командалық есепте 4-орынға жайғасты. Қазақстан қоржынына жалғыз алтынды жерлесіміз Данияр Шамшаев салды.
Жерлесіміз қарсыластарын қоғадай жапырып, ақтық сында өзбек балуаны Муроджон Юлдошовты небәрі 1 минутқа жетпейтін уақытта иппон әдісімен жеңіп кетті.

«Барселона» Мессиді қайтарып ала ма?

«Барселона» клубының президенті Жоан Лапорта франциялық «ПСЖ» сапында өнер көрсетіп жүрген 35 жастағы аргентиналық шабуылшы Лионель Мессиді қайтарып алуға тырысуда.

Қазіргі уақытта Лапорта аргентиналық футболшының жақындарымен келіссөз өткізіп, Мессиді 2023 жылы «Барселонаға» қайтарып алмақшы. Месси «Барселонадан» өткен жылдың жазында кеткен болатын. Шабуылшы каталониялық команда сапында 520 кездесу өткізіп, 474 гол соғып, 216 нәтижелі пас берді. Бұл командамен ол 35 мәрте жүлде жеңіп, жеті мәрте «Алтын доп» иегері атанды.

Дайындаған Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.