Қалалық қоғамдық-саяси газет

«SOS» қылмыстан қаншалықты қорғайды?

0 1  533

Өткен жылдан бастап Тараз қаласының аумағында полиция қызметкерлерімен шұғыл байланысқа шығуға арналған «SOS» дабыл батырмалары орнатыла бастады. Бұл құрылғы қылмыс деңгейінің азаюына қаншалықты ықпал етеді? Бүгінгі таңда бұл құрылғының қызметіне жүгінгендер бар ма? Осы сұрақтарға жауап іздеп, тиісті мекемеден құрылғы жайлы ақпар алған едік.

Ең алдымен «SOS» дабыл батырмасы қалай жұмыс істейді деген сұраққа жауап іздедік. Мұндағы тетікшені басқан соң, құрылғы орналасқан аумақ бейнекамераға түсіріліп, жедел басқару орталығындағы оператормен тікелей байланыс орнайды екен. Артынша шұғыл шақырту түскен орын қала картасынан нақтыланып, оператор бейнематериалды ашады. Соңыра шаһар тұрғынының хабарламасына қарай қажет болған жағдайда патрульдік полиция оқиға орнына жедел барады. Бейтаныс бұзақы бұл жағдайда бейнекамераға түсіп қалмаудың қам-қарекетін жасайтыны анық.
Бұл тетікшені басу расында полициямен ұялы телефон арқылы байланысқаннан әлдеқайда тез орындалады. Адам батырманы басқан сәттен бастап, ондағы әрекеттің барлығы бейнекамераға жазылады. Сондағы күдіктінің әрекеті де камераға түсіп қалуы ықтимал болғандықтан, бұзақылық жасап тұрған адам есін жиып алатыны анық. Сондықтан ол бейнежазбадан именіп, артық іс-әрекетке бара алмайды. Яғни бұл құрылғының қылмыстың алдын алуға көп көмегі бар деген сөз.
Бұрын осындай жедел көмек шақыруға арналған құрылғылардың дамыған елдерде болатынын құлағымыз шалған. Бүгінде өз қаламызда осындай құрылғының 10-ға жуығы орналастырылған. Қаңтар оқиғасында облыстық әкімшіліктің алдында тұрған қалалық бір «SOS» батырмасы бұзақылықтың салдарынан талқандалып, бұзылып қалған.
Осы орайда Тараз қаласы полиция басқармасының ресми өкілі Жанерке Әзімханмен тілдескен едік.
– Бүгінгі таңда бұзылып қалған бір құрылғы Астана қаласына арнайы техника мамандарына жөндеуге жіберілді. Қала аумағында бүгінгі таңда 9 батырма тұр, бірақ әлі толық іске қосылған жоқ. Себебі қаңтар оқиғасы кезінде толығымен қиратылды. Енді қалпына келтіріліп, іске қосылып, жұмыс жасауды қолға алып жатыр. Толығымен қалпына келген соң, басқару орталығына интеграция жүргізіліп, сол кезде «SOS» дабыл батырмасына тікелей қоңыраулар түседі. 2021 жылдың жоспары бойынша 2022 жылдың қаңтар айында бұл дабыл нүктелері ашылу керек еді. Бірақ қаңтар оқиғасына байланысты, бұл жоспар кейінге шегерілді. Толық қосылу уақыты әзірге белгісіз. Бұл батырмалар саябақтарда, халық көп жиналатын жерлерде, скверлерде орналастырылатын болады. Бұл құрылғыда, бейне және аудио жазба болады. Ол тікелей жедел басқару орталығына келеді. Мысалы, телефон өшіп қалған жағдайда немесе қандай да бір оқыс оқиға орын алса, 102-ге хабарласу қажеттігі туындаса немесе қандай да бір жағымсыз жағдайды көрген куәгерлер хабарлама жасай алады. Батырма орналастырылған жер картада электронды форматта көрсетіледі. Болған оқиғаға байланысты жақын тұрған атты экипаж немесе жаяу экипаж көмекке жетеді. Қызметкер хабарласушыны тікелей көріп, сөйлесуге мүмкіндігі бар, – деді ол.
Осы құрылғы іске қосылған соң, жедел әрекет ету арқылы қызмет сапасын жақсартуға, халықтың полицияға деген сенімін арттыруға оң ықпал етері сөзсіз.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.