Қалалық қоғамдық-саяси газет

Соғыстың сұрапылына суарылғандар

0 658

Екеуі де майдангер жазушы. Соғыс өртіне шарпылған. Рас, Бауыржан Момышұлынан Тахауи Ахтановтың жасы кіші. Бауыржан 1910 жылы Жуалы топырағында дүниеге келсе, Тахауи 1923 жылы Ақтөбенің Шалқар ауданында дүние есігін ашқан. Мүшел жас кішілігі бар. Бауыржан соғысқа дейін-ақ Қиыр Шығыста әскери дайындықта болып, майданға шыңдалған әскери командир болып соғыс өмірбаянын бастаса, Тахауи соғысқа ҚазПИ-дің 2-курс студенті кезінде аттанған.

Ұлы Отан соғысына 316-атқыштар дивизиясының жасақталуына белсене атсалысып, сол дивизия құрамында 1941 жылдың қыркүйегінен бастап қатысқан Бауыржан Момышұлы соғыс кезінде жеке басының қаһармандық ерлігімен және ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігімен ерекше көзге түседі. Бірнеше рет жау қоршауынан жауынгерлерін аман-есен алып шығады. Мәскеу түбіндегі шайқастағы ерлігі сол кездің өзінде Одақ көлеміне аңыз болып жайылып, осы қаһармандық ерлігі негізінде орыстың белгілі жазушысы А.Бек «Волоколамское шоссе» (қазақшасы «Арпалыс») повесін жазады. Бұл шығарма кейін бірнеше тілге аударылып, тарады.
Бауыржан Момышұлының қайтыс болғанына бір жыл болуына орай жазылып, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1983 жылдың 10 маусымындағы санында жарияланған Тахауи Ахтановтың «Ел қасиеті – ер қасиеті» деген мақаласында автор қаһарманның даңқына сол соғыс жылдарында-ақ көппен бірге қанық болғанын жазады. Сөйтіп жүргенде, 1944 жылы алғы шепте бірде қолына «Правда» газеті тиіп, қарап отырғанда, «Полковник Б. Момышұлы» деп қол қойылған мақалаға кез болады. Мақала әдебиет туралы еді дейді. Бұл мақала Тахауи Ахтановқа күшті әсер етеді.
«Бұл мақала менің Бауыржан туралы түсінігімді түбірімен өзгертіп жіберді. Өзім әлденеше жыл бойы іште сақтап келген тау тұлға кенет қақ жарылды. Сол жаужүрек қазақ батыры енді кеп өз заманының әдебиетінде боп жатқан процестерді терең түсініп қана қоймай, сонымен бірге соғыстағы адамның психологиясы мен жан дүниесіне одан әсте кем бойламайтын, нәзік қайырып ойлайтын парасатты адам боп шықты. Сонда мынау Момышұлы кім болды өзі? Қатал, жігерлі командир, көзді жұмып қойып кететін батыр ма, әлде сыпайы-сырбаз интеллигент пе?» – дейді толғанып.
Кейін 50-жылдардың соңына қарай жазушы Тахауи Ахтановтың әйгілі «Қаһарлы күндер» романы мен Бауыржан Момышұлының «Артымызда Москва» шығармасы жарияланып, қазақ әдебиетінің табысты туындыларына айналды.
Бұл туралы академик С.Қирабаев: «Елуінші жылдардың орта тұсына қарай біздің елімізде соғыс және оны бағалау жайында жаңа көзқарастар қалыптаса бастады. Алғашқы әсермен жазылған шығармалар қайта қаралып, соғыстың қатал шындығы әр қилы талқыға түсті. Бұл әсіресе, жеке адамға табыну саясатының сыналуымен кең өріс алды. Бұрын тек шабуылмен жеңушілерді ғана мадақтап келсек, енді соғыста қоршауда қалған, жау қолына түскен адамдардың адам төзгісіз қиындықта жасаған ерліктерін (бұрын оны сатқындық деп түсінетінбіз) психологиялық суреттеуге жол ашылды. Орыс әдебиетінде жаңа үлгілі романдар туа бастады. Осы тұстағы қазақ романдары ішінен Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер» (1956) мен Б.Момышұлының «Артымызда Москва» (1959) сияқты кітаптарын айрықша атауға болады. Бұл шығармаларда соғыстың алғашқы кезеңіндегі (жаудың тұтқиылдан басып алуы мен біздің әскерлердің шегінуі бұрын айтылмайтын) майдангерлердің ауыр өмірі, қатты ұрыс пен шегіну оқиғалары суреттелген. Сондай қиыншылықта жүрсе де, біздің отандастарымыздың түпкі жеңіске деген сенімін жоғалтпағаны, оптимизмі тарихи шындық жағдайында көрсетілді», – деп жазды.
Біріншіден, Б.Момышұлы мен Т.Ахтановтың түйісетін тұсы – осы шығармалары болды. Екі шығарма да Ұлы Отан соғысының ең бір қиын кезеңіне – Мәскеу түбіндегі жанкешті соғысқа арналды.
Екіншіден, «Қаһарлы күндер» романының бас кейіпкерлерінің бірі – батальон командирі Мұрат Арыстанов. Оның прототипі аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы екенін романды оқыған екінің бірі көз жазбай таниды. Бұл кездейсоқтық па? Әлбетте, олай емес. Оның негізін автордың Бауыржан Момышұлымен ақын Қасым Аманжоловтың үйінде болған кездесуінен, сондағы ерекше әсерінен байқаймыз.
«1950 жылы алғаш ақын Қасым Аманжоловтың үйінде ол адамды жақынырақ тануға себін тигізген кездесу болды: бірін-бірі сыйлайтын адамдардың түннің бір уағына дейінгі оңаша отырысы маған батыр Момышұлын көрсетпей, Момышұлы интеллигент екен деген бір ойға ғана жүгіндірген. Бауыржанды көресің, от басы-ошақ қасы боп, өзім деген жолдастармен бірге отырасың деген шақырумен Аманжоловтың осы кезге дейін үй-іші тұрып келе жатқан кіп-кішкене үш бөлмелі үйіне жүгіріп келгендегі толғаныс-тебіренісімді айтсаң! Биік, сымбатты, кең иықты, келімді, бет-пішіні кесек, бітімді, маңдай жарқыраған кісі екен – көрдім. Бар бітімі – ірі, бар болмысы – үлгілі. Бірақ оның батырға ұқсас жері де сол ғана. Әйтпесе келесі сәтте-ақ оның соқталы тұлғасы әсем әрі әдемі, ал кесек пішіні ішкі тазалықтың әсерімен бірден жұмсарып, нұрланып сала берген. Құдайдай табынған мендегі жайсыздықты ол кісінің қалайша білдірмей жіберіп, дәп бір баяғыдан бергі таныстай, жақсы дос, пікірлес адамдардай ғып өзіне жақындатып жібергенін мен аңғармай да қалдым. Жұлдызы сондай ыстық еді, жарықтық. Кісіні үйіріп алатын. Үйіріп алғаны ғой, отыз жыл бойы сол алғашқы әсерден әлі айыға алмай келемін. Ол күнгі кеште Баукең мені ырқына көндіріп қана қоймай, көл-көсір білім-білігімен де табындырған еді. Сөз кезегінде ол ғасырымыздың бас кезіндегі ақындар жайында, декадент дейтіндердің тәжірибелері туралы беріле сөйлеп кетті. Сонда кейде өлеңнің ұзақ шумақтарын жатқа соғып отырды. Өз басым ол кезде әлгілер жөнінде оларды айыптағаннан өңге еш нәрсе білген жоқ ем. Баукең ол кеште соғысты сөз қылған жоқ, өз басын тіпті араластырмады да».
Тахауи Ахтанов сол кездесудегі Бауыржанның үлкен қара көздеріне айрықша мән береді.
«Мен оның тұлға-тұрпат, әдет-қылығынан қиялымдағы, әдебиетте сомдалып, ел аузында аңыз боп кеткен батырды іздеумен болдым. Ішкі нәзік сәуленің әсерімен нұрлана түскен жарқын бет-пішіні ірі, кесек бола тұра, болмашы бір сезім құбылысын да қалт жібермес әсем қалпымен көрінді. Меніңше, жаужүрек адамның бет-жүзі бұдан гөрі түсін бермес суық болса керек еді. Сонда тағы көздерін айтсаңшы. Алғаш кезіккенде А.Бектің өзін тайдырған да осынау сирек ұшырасатын, өңменнен өткендей үлкен қара көздері еді ғой. Еркектің көздері үлкен боп келуі батылдықтың белгісі саналмайтыны тағы бар. Бірақ Баукеңнің көзі қазақ ұғымынан мүлде бөлек екен. Керек сәтте жай отындай жалт етіп, кез келгеннің аузын аштырмай қоятын сиқырлы күш те Баукеңнің көзінде болса керек. Оның елден ерек ерлігі мен қажыр-қайратының сырын ашатын кілт те сол көздерінде жатқандай. Жан дүниесі соншалық нәзік адам өлім қаупін сезінбей қала алмақ емес. Онысын және Бауыржан өз мемуарларында талай рет мойындаған, кез келген адамның басында болатын үрейді талай рет бастан кешкенін өзіне ғана тән аяусыз шыншылдықпен айтқан да. Бірақ сол үрейге бой алдырмай, алапат жігер-күшімен жеңе де білген. Мен оның атағы жер жарған әскери қолбасшы болу себебін ашқым кеп, бірде өзіне бұның арғы негізін советтік әскери мектептен іздеу керек шығар дегенімде ол: «Аптығып, алдымды орай берме. Бәрін де рет-ретімен басынан бастау керек. Кез келген бұлтартпас шындықтың өз жөні бар. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің». Демек, ұядан бастауың керек. Қаһармандық эпостың көбі қазақта. Ерлігімізді, елдігімізді ести жүріп өскенбіз. Қазақтың ең ірі, ең қасиетті сөзі – НАМЫС. Байлық мұрат емес, жоқтық ұят емес, намысың үшін өлсең бопты дейтіні де содан. Мен өз халқымның намысын аяққа баса алмаймын», – деп кесім айтты».
Міне, осы және өзге де кездесулер кейін жазушының «Қаһарлы күндер» романын жазуда саналы, мақсатты түрде Мұрат Арыстанов-Бауыржан Момышұлы бейнесіне әкелгенін байқаймыз.
Т.Ахтанов пен Б.Момышұлының шығармалары ХХ ғасырдың 50-жылдарының екінші жартысындағы жаңалығы мол, тың концепциялы туындылар болды.
«Қаһарлы күндер» романында автор майдан шындығын көркемдік тұрғыдан жинақтап, санаулы образдардың тағдыр-талайы арқылы уақыттың қатал сынын, жауынгерлердің жанкешті ерлігін бейнеледі. Соғыс туралы шығарманың қай-қайсысында уақыт шындығынан туындап жататын тарихилық сипат болады. Нақты ұрыс оқиғаларының негізінде жазылады. Дегенмен Т.Ахтановтың романында осындай тарихилық сипат сақталғанмен, оны деректі шығарма қатарына жатқыза алмаймыз. Өйткені шығармадағы кейіпкерлерді жинақтау мен даралауда автор шығармашылық қиялға еркіндік береді.
Т.Ахтанов пен Б.Момышұлы шығармаларының тоғысытан жері мен жанрлық айырмашылығы да осы тұстан көрінеді. Тоғысатын тұсы екі шығарма да Ұлы Отан соғысының бір кезеңін – Мәскеу түбіндегі қаһармандық шайқасты бейнелеуге бағытталған. Басты айырмашылығы Т. Ахтановтың туындысы әскери тақырыптағы әдеби-көркем шығарма, ал Б.Момышұлының туындысын әскери деректі көркем прозаның үлгісіне жатқызамыз. Біз «деректі көркем» деген анықтамалықты арнайы айтып отырмыз. Өйткені соғысқа қатысқан көптеген авторлардың шығармалары деректі болғанмен, «көркем» дәрежесіне көтеріле алмай, естелік сипатында қалып қояды. Ал Б.Момышұлының шығармасының деректілігі басты сипаты болғанмен, шығарманың орындалуы, композициясы тұрғысынан көркем туынды талаптарына жауап береді.
Б.Момышұлы мен Т.Ахтановтың соғыс шындығын бейнелеудегі әдеби-эстетикалық көзқарастары да бір жерден шығып жатады. Ұрыс окобындағы жас Тахауиды таң қалдырып сүйсінткені де осы Б. Момышұлының соғыс шындығын көркем әдебиетте бейнелеу жөніндегі өткір, сыншыл көзқарастары болатын. Ол соғыс шындығының бұрмаланбай жазылуын, ұрыс кезіндегі адам психологиясының дұрыс суреттелуін өткір мәселе етіп қойды.
«Бүгінгі күні әділін айтсақ, әскери тақырыптағы барлық шығармалар мен заметкаларда солдаттың бейнесі ашылып көрсетілмей келеді, оның орнына жансыз қағаз адамның образы жасалынуда. Олардың шығармаларында солдат адамзаттың әлдебір жаратылысы бөлек перзенті сияқты суреттелінеді, сөйтіп, солдаттың шынайы бейнесі шықпай қалады», – деп жазды Б.Момышұлы.
Шайқастың қиямет-қайымын басынан өткерген және жоғарыда айтқанымыздай, Б.Момышұлының ащы шындыққа құрылған сынын көкірегіне түйген, оның бер жағында И.Сталиннің қайтыс болуына байланысты елдегі саяси өзгерістер мен әскери әдебиеттегі жаңа беталыстар Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романының жазылу процесіне елеулі ықпал жасады. Кейінгі еске алуында: «…Осы орайда, окоптағы күндер еске түседі. Жұрт қарша жауған оқ астында жауға қарсы шабар алдында әркім өзімен-өзі боп тұнжырап отырады. Ажал күтіп отырған адамдарға жаттанды қызыл сөз айтып, ұран тастауға қалай ғана дәтің жетер. Қастарына барып, отыра кетем. Көппен бірге жанды шүберекке түйіп, шабуылға шығамыз. Өз басым «Отан үшін, Сталин үшін» деген сөзді шабуыл кезінде ешкімнің аузынан естіген емеспін. Оған көтерілерде, командирлер «Алға!» деп айқайлайды да, артынан онша құлаққа жаға бермейтін сөз кетеді. Осындай майдан шындығының газет пен кинода қалай бұрмаланатынын көріп қарадай зығырданым қайнайтын менің майдан өмірін қаз-қалпында жазбауға хақым жоқ деп білдім», – дейді.
Шындығында, романда соғыстың ең бір қаһарлы күндері тақырып етіледі. Шегініс, жау күшінің басымдығы, соған қарамастан ел үшін, жер үшін жанкешті ұрыстар. Романның жазылу тарихын автор былай таратады:
«Бұл романның жазылуы онша көп уақыт алмағанымен, толғағы ұзақ болды. Үш жыл бастан кешкен соғыс туралы роман жазуды көп ойладым. 1949 жылы бас жағын жазып, кірісіп те кеттім. Бірақ жұмысым өнбеді. Шамасы, келер жылы болар, Ә.Нұрпейісовтің «Курляндия» романы жарық көрді. Соны оқып шығып ойға қалдым. Шығарма біраз кемшілігі болса да, маған қатты ұнады. Онда сол кездегі қазақ жазушыларының басым көпшілігінде жоқ, кәдімгі тірі, жанды сурет, бусанып тұрған өмір бөлшектері бар екен. Ал менің бастап жазып қойғандарымның дәрежесі одан әлдеқайда төмен болатын. Содан өзімнен-өзім жерідім де, жаза бастағандарымды тастап кеттім. Кейде болашақ шығарманы ойлап, толғанып жүрсем де, үш-төрт жылға дейін қайтып оралуға зауқым соқпады. Сын мен көркем аударма саласында жұмыс істей бердім. Бұл арада орыс әдебиетінде соғыс тақырыбына көптеген романдар шықты. Оларды да оқи жүрдім. Барған сайын алдымды ораушылар көбейіп, менің жазам деген романымның жолы қиындай түсті. Бірақ негізгі ой-пікірім де айқындала берді. Мен ең алдымен бұғанасы қатпай, майданға кірген, от ішінде есейген өз қатарым туралы айтқым келді. Мені және бір қызықтырған соғыстың шытырман оқиғасы, қауіп-қатері емес, соғыс арқылы, қауіп-қатер арқылы ашылатын адам характерлері болады».
Романда соғыс өртіне шарпылған әр алуан тағдыр иелері көрінеді. Взвод командирі лейтенант Ержан Қайсаров және оның қарулас жауынгерлері Бондаренко, Кәкібай, Зеленин, Көжек, Добрушкин, Қартбай… Әскери шендері жоғары, тағдыр-танымдары әркелкі батальон командирі, капитан Мұрат Арыстанов, полктың штаб бастығы, майор Купцианов, оның көмекшісі аға лейтенант Уәли Молдабаев… генерал Панферов, политрук Василий Кусков… Кейіпкерлердің тағы бір тобы – өрімдей жас, санитарка қыздар Раушан, Күләнде, санвзвод командирі Коростылев.
Жазушы оларды елден майдан шебіне әкеліп, соғыстың ең қаһарлы кезеңі – Мәскеу бағыты маңындағы ұрысқа салады. Осындай жауапты кезеңде жазушының кең қамтып суреттейтіні Ержан взводы. Алғаш жаумен бетпе-бет кездескенде әртүрлі күй кешкен, тәжірибесіздік танытқан қаруластар ұрыс шебінде бірте-бірте шыңдалады. Романдағы соғыс оқиғаларында Дәурен, Добрушкин, Кусков, Зеленин, Раушан ерлікпен қаза табады. Уәли образы арқылы жалған ар-намыс пен сатқындықтың бетпердесі ашылады. Жазушы шеберлігі – ұрыстың шиеленісті оқиғалары реалистік көркемдікпен суреттеліп, тартыс үстінде характерлер сомдалады.
Осы аралықта Б.Момышұлы мен Т.Ахтановтың соғыс шындығын бейнелеудегі көзқарас айырмашылығы да көрініс береді. Б. Момышұлы А. Бектің «Арпалыс» повесіне және өзінің кейінгі шығармаларына соғыс жөніндегі ағартушылық әдебиет және қанды шайқаста опат болған жандардың ерлігіне тағзым мен ескерткіш, олардың алдындағы азаматтық парыз деген ұстанымда болады. Сондықтан бұл шығармалар соғыстың алапат шындығын, ондағы ерлікпен шайқасқан адамдардың психологиясын терең және шыншыл бейнеленуі қажет, оған өзге қоспаларды қосудың қажеттігі жоқ деген принципті алға тартады.
Ал Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романы әскери әдеби көркем шығарма болғандықтан, қосымша сюжеттік арналар өріледі. Ержан мен Раушан арасындағы махаббат сезімі, Раушанның жылпос, екіжүзді Уәлидің алдауына түсуі, кейін ұрыс үстінде Раушанның қаза табуы мен оның Ержанға оңай тимеуі – романда соғыс трагедиясы болып суреттелінеді. Жазушының романы бұл ретте Э.Хемингуэйдің «Қош бол, қару» романын, әскери медсестра Кэтрин мен американдық офицер Генри арасындағы махаббат сезімін еске түсіреді. Сұрапыл соғыстың өзі адамдар арасындаға махаббат сезіміне тоқтау бола алмайды деген өмірлік көзқарасты аңғартады.
Романдағы батальон командирі Мұрат Арыстанов батыл, тік мінезді болып көрінеді. Оның іс-қимылдары, шапшаңдығы мен алғырлығы, бірбеттілігі Бауыржан Момышұлын еске түсіреді. Осындай ұқсастықтар байқалғанмен, автор көркем туындының табиғатына орай оның ішкі әлемін ашуда еркіндікке барады.
«Мұрат алақанына алып салмақтап көргендей Купциановты көзімен шолып өтті. Қорғасын тұлғалы салмақты адам, қалайыдан құйғандай жеңіл тартып кеткендей де көрінді.
– Сіз мені кешіріңіз, – деді Мұрат, бірақ бұл сөзі үкім айтқандай ауыр шықты. – Мен де ащы шындықты айтайын. Қолындағы мылтығының от алмайтыны барын білген адам жекпе-жекке тайсалмай шыға ала ма? Командир де сол сияқты. Мұндай пікірмен соғысқа баруға болмайды», – деп күш тең емес, дайындық жеткіліксіз, бізді тек өршеленген жауды уақытша тоқтату үшін ғана пайдаланады деп солқылдақтық танытатын шені жоғары Купциановты қисынды уәжімен, өткірлігімен сөзден тосылдырса, сонымен бірге ұтқыр теңеумен сөйлейтін шешендігі де байқалады.
Жазушы Мұрат образын даралауда өткен өмір-тарихын еске түсіру тәсілін қолданған. Жігіт боп есейген шағында Айша деген келіншекпен ұшырасады. Әйелі Хадишаның дүниеге жақын мінезі мен жайсыз қылықтары жанын құлазытып жүргенде, Айшамен жолығысуы өміріне жаңа леп әкелгендей еді. Қанша толқып ойланғанымен, өзінің Айшаны шын ұнататынын сезіп, бекем шешімге де келеді. Автор Мұрат образын осылайша күрделендіре түскен.
Мұрат образының айрықша көрінетін тұсы батальонды жау қоршауынан алып шығуда алғырлық, батылдық танытуымен байланысты. Қол астындағы жауынгерлердің намысын оятып, өздеріне деген сенімін арттырып, жауға тікелей бастап шығады. Оның генерал Панферовпен қатысы мен арадағы диалогтерден де тарихи тұлға Бауыржан Момышұлының бейнесі анық көрінеді.
Бауыржан Момышұлы мен Тахауи Ахтановтың бірін-бірі түсінуі мен құрмет тұтуы көптеген естеліктерде айтылады.
Т.Ахтановтың Б.Момышұлының алғашқы ұстазы, генерал И.В.Панфиловты, жазушылық еңбегін жоғары бағалаған пікірлері құнды. Сыншы Ахтанов Баукеңнің соғыс тақырыбындағы шығармаларының табиғатын тамыршыдай дәл анықтайды. «Момышұлы шығармаларында да сол Момышұлы күйінде көріне білді. Және оның шығармалары бастан-аяқ тек тамаша бір қасиетке – шындық атты ұлы сөзге тіреліп жатады», – деді.
Өз кезегінде Б.Момышұлы да қаламгер інісін жоғары бағалады. «О-о, ол Көтібар көкемнің ұрпағы ғой», – дейді екен сүйсініп.
Бұл жөнінде Халық жазушысы Шерхан Мұртаза «Айға шағылған найза» атты эссесінде тамаша айтады: «Мен көзі тірісінде Бауыржан Момышұлымен белгілі бір әдепте сырлас болдым. Ол туған халық, оның әдебиеті, өнері, әдебиет пен өнердің өрелі қайраткерлері туралы оңашада өз пікірлерін айтып отыратын. Солардың ішінде өзіне ерекше жақын тұтары, мінез байлығымен де, талант байлығымен де оны тәнті етері осы Тахауи Ахтанов еді. Әскери адамдардың, соғыстың сұрапылына суарылғандардың ауызбен айтып болмас, тек іштей ғана толық ұғынысар рухани туыстығы шығар, кезінде бұл екеуі ұдайы қатар жүріп, ұдайы әмпей-жәмпей болмаса да, араларындағы қимастық сезім, шын ерлерге тән асыл сезім мол еді. Мұны Бауыржан Момышұлы қабірінің басында Тахауи Ахтанов керемет жеткізді де. «Ноқталы бас пенделер дүниесінде ноқтаға басы сыймай кеткен» майдандас, найза-қаламдас ағасы туралы тебірене сөйлеген сөзі баршаның есінде», – деп жазады.
Ағалы-інілі майдандас-қаламдастардың рухы мәңгі жасай берсін!

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.