Қалалық қоғамдық-саяси газет

Соғылды соңғы қоңырау

0 413

Ағымдағы оқу жылын қала мектептері бойынша 2143 түлек тәмамдады.

Толғанай АТАБАЙ, Суреттерді түсірген А.Қартабай

Оның 60-ы «Алтын белгіге», 48-і үздік аттестатқа үміткер. Білім бәйгелерінде топ жарып, оза шапқан өзге де оқушылар күні кеше «Білім» алаңында өткен соңғы қоңырау мерекесіне қатысты. Ән мен жырға ұласқан мерекелік кеште жас түлектерге ақжарма тілегін жеткізген облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова: «Елбасымыз бес әлеуметтік бастамасының үшінші бастамасында 2018-2019 оқу жылында жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша тағы 20 мың грант бөлгендігін хабарлаған болатын. Міне, жыл сайын мектеп түлектерінің жоғары білім алуына үлкен мүмкіндіктер жасалуда», – деді. Бұл күні жаңа өмірге қадам басқалы тұрған жастарға аға буын өкілдері де сәт-сапар тіледі.

– Бүгінгі мереке – мектеп өміріндегі ерекше орын алатын сәттердің бірі. Жыл бойғы мектептің жалпы жұмысы жинақталып, жетістіктері сараланатын кез. Осынау сын сағаттарда шәкірттерін білім нәрімен сусындатқан аяулы ұстаздардың бір жылдық еңбектерінің жемісіне куә боламыз. Бүгінгі жас түлектер – ертеңгі ел тұтқасын ұстар маман иелері. Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты жастарымыз – еліміздің болашағы. Ұлы ғұлама әл-Фараби бабамыз «Білімді болу деген – жаңалық ашуға қабілетті болу» дегендей, жаңалыққа жаны құмар, әлемнің көшіне ілесетін, озық ойлы жастар ретінде сендерден үлкен үміт күтеміз, – деді қала әкімі Қайрат Әскербекұлы.

Балалықты мектепке қалдырып, үлкен өмірдің даңғыл жолын таңдап, келешекке нық қадам басқан ел ертеңіне қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің бас редакторы, қалалық мәслихаттың депутаты, облыстық ата-аналар кеңесінің төрайымы Эльмира Мырза-Ғали да аналық лебізін арнады.

– Қазақта «айналайын» деген қасиетті ұғым бар. Осынау ұғымның ішінде барлық ізгілік пен мейірім тұнып тұр. Сондықтан, айналайындар, сендерді алда үлкен өмір, биік белестер күтіп тұр дегім келеді. Болашақтарыңнан үміт еткен ата-аналарың мен ұстаздарыңның еңбегін ақтап, қай қияға қонсаңдар да, туған жерлеріңнің жақсы атын шығаратын азамат болыңдар. Еліміздің ертеңі – сендерсіңдер. Жолдарың ашық болсын! – деді.
Жиында білім сайыстарында дараланған дарабоздар облыс, қала әкімдерінің, білім басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталып, өңір мерейін асырған озат оқушыларға құрмет көрсетілді.

– Бүгін біз үшін қоңыраудың сиқырлы да сазды әуені соңғы рет соғылды. Сондай-ақ бұл үн біздерді өмір деп аталатын алып күре жолдың төскейіне шығарып салып отыр. Бізді қаншама жыл оқытып, білім берген, тәрбие берген аяулы мектебіміз бен құрметті ұстаздарымыз іштей тілектестік білдіруде. Толқынысты сәтте бойымызға білім нәрін сепкен ұстаздарға алғыс айтамын. Он бір жылдық жиған білімімізді Ұлттық бірыңғай тестілеу барысында жоғары ұпай еншілеп, ақтаймыз деген сенімдемін. Міне, бүгінгі мереке қарсаңында облыс әкімінің Алғыс хатын иеленіп отырмын. Алдағы тестілеуден барлық бітіруші түлектерге сүрінбей өтсін дегім келеді, – дейді жас түлек Айтораз Асланбекұлы.

Жамбыл облысы он жылға жуық білім саласы бойынша үздіктер көшінде. Ал бұл дарынды оқушылар мен білікті ұстаздардың еңбегі екені даусыз. Облыс бойынша дүниежүзілік, халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда топ жарған 66 оқушының 32-сі қала мектептерінің түлектері.
Мектеп қабырғасында сағат сайын соғылатын қоңырау үнін жас түлектер мерекелік жиында соңғы рет естіді. Білім мерекесі соңында ақ армандарын арқалаған түлектер қолындағы көгершіндерін заңғар көкке ұшырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.