Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әскери бөлімді балабақшаға айналдырып алмайық!

0 194

Бүгінде әскери салаға деген сенімге селкеу түскені жасырын емес. Әйтеуір соңғы жылдары дау-дамай, арыз-шағымнан басы бір арылмады. Ал әскери бөлімдегі сарбаздардың қазасы әскери өмірге деген көзқарасты түбегейлі өзгертті. Сондықтан Үкімет биыл түрлі жеңілдіктерді жандандырып, жастарды Отан алдындағы борышын өтеуге қызықтыруда. Міне, сондай бастаманың бірі Жамбыл жерінде жанданып, шекарашы сарбаздар өз борышын туған жерінде өтейтін болып шешілді. Алайда мұндай жүйе тиімді ме?

Жалпы аталған тың өзгеріс елді елең еткізгені анық. Тараз қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қатарына әскерге шақырылушыларды іріктеуде аса маңызды өзгеріс енгізіліп отыр екен.
– Қазіргі таңда мемлекетімізде мерзімді әскери қызметке шақыртудың аумақтан тыс принципі жалғастырылуда. Яғни әскерге шақырылушылар өздерінің облыстарынан тыс мемлекетіміздің басқа өңірлеріне қызмет атқаруға кетеді. Алайда болашақ шекарашыларға бұл тәртіп енді қолданылмайды. Жамбыл облысынан шақырылған жастар үйінен бір қадам дерлік жерде борышын өтемек.
Әскерге шақырылушылар қатарындағы іріктеуден өткен жас сарбаздар ең алдымен Қордай ауданы бойынша шекара басқармасының базасында орналасқан техникалық және кәсіби даярлау бөліміне оқуға жіберіледі.
Қордай ауданы бойынша шекара басқармасы – бұл заманауи ғимараттары мен казармалары бар, тамақтану мен медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастырудың жоғары деңгейіндегі үлкен әскери қалашық. Оқу орталығының оқытушылары мен нұсқаушыларының құрамын тәжірибелі офицерлер мен кәсіби дайындықтары жоғары әскерилер құрайды, – дейді басқарма өкілдері.
Үш айлық оқу курсынан өткеннен кейін ары қарай әскери қызметін жалғастыру үшін сарбаздар Жамбыл облысында орналасқан шекара бөлімшелеріне жіберіледі. Шекарадағы қызмет күрделі және әскери қызметшілерден үлкен жауапкершілікті, моральдық және физикалық күшті қажет ететіндіктен, үйге жақын жерде қызмет ету мүмкіндігі сарбаздарға жан тыныштығы мен тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік беретініне мамандар сенімді. Оған қоса сарбаздардың ата-аналары ұлына жиі келіп, оны көріп тұру құқығына ие болмақ.
Жалпы жыл сайын Жамбыл облысынан 300-ге жуық жас Шекара қызметінің қатарына қабылдануда. Басқарма мамандары жаңа өзгерістер Отан алдындағы борышын өтеушілердің санын арттыратындығына сенімді. Сондықтан шекарашылардың қатарына іріктеу бұрынғыдан да аса мұқият жүргізілмек. Атап айтсақ, жастардың өмірбаяндық деректері, физикалық және моральдық-психологиялық жағдайы, сондай-ақ шақырылушының мерзімді әскери қызмет өткеруге дайындығы егжей-тегжейлі зерделенбек. Осы сыннан сүрінбей өткен сарбаздар мерзімді қызметі аяқталғаннан кейін келісімшарт бойынша әскери қызметте қалу мүмкіндігі бар.
Қазіргі уақытта келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің ең төменгі жалақысы 200 мың теңгені құрап отыр. Сондай-ақ ай сайын тұрғын үйді жалға алу өтемақысы мемлекет есебінен төленеді. Тағы бір айта кетерлігі, қызмет өткеру барысында сарбаздардың ҚР ҰҚК Шекара академиясына және шет мемлекеттердегі басқа да жоғарғы әскери оқу орнына түсу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар мерзімді әскери қызметті өткерген және өзін жақсы жағынан көрсеткен азаматтар еліміздегі жоғарғы оқу орындарында тегін оқуға түсе алады.
Міне, осылайша қорғаныс істері жөніндегі басқарма мамандары жастарды әскери борышын өтеуге тартудың тың тәсілін тапқандарын айтуда. Алайда мұндай жүйе 2009 жылы елімізде қолға алынған екен. Бірақ кейіннен түрлі себептермен тоқтап қалған. Енді міне, қайта жанданған жоба жастарды әскерге тартудың тетігі бола ала ма?
– Ілгеріде бабаларымыз баласы атқа қонса, тақымын қысатын. Ал қазіргі ата-ана баласын әскерге жібермеуге барын салуда. Әрине, оған кейінгі жылдары әскери бөлімдерде орын алып жатқан жағдайлар себеп болып тұрғаны түсінікті. Алайда барлық әскери бөлімдерге бірдей күйе жағуға болмайды. Мен Жамбыл облысындағы негізгі әскери бөлімдерді аралап шықтым. Адам қорқатындай ештеңе жоқ. Барлығында сарбаздарға қолайлы жағдай жасалған. Бірақ, бір ескерерлігі, Отан алдындағы борышын өтеп жатқан сарбаздардың арасында әлсіздері болып жатады. Міне, осы жастар әскери тәртіпке шыдай алмай, шырылдап жатуы мүмкін. Оған қарап, әскерде әлімжеттік белең алып кетті деген байлам жасауға болмайды.
Ел тәуелсіздігін алған жылдары әскерді ойлайтын ешкім болмады. Себебі жағдай қиын еді. Міне, осы тұста әскери өмірді көрмеген әкелер бүгін балаларына дұрыс тәрбие бере алмауда. Егер әрбір әке баласын жастайынан шынықтырып, Отан алдындағы борышын өтеу парыз екенін ұғындырса, әскерден қашу сынды жағдайлар орын алмас еді. Сондықтан мен әскерге шақырылған жастардың ата-аналарымен алдымен психологтар жұмыс жасауы керек деп ойлаймын. Халықтың әуелі әскери салаға деген санасын өзгерту керек. Сонда ғана бір нәтижеге жете ала- мыз, – дейді Ауған соғысының ардагері Дүкенбай Ермеков.
Сала ардагері ел егемендігін сақтау үшін әскердің әлеуеті мықты болуы қажеттігін айтады. Алайда сарбаздарды Отан алдындағы борышын туған жерінде өтету арқылы бұл мәселе шешілмейтіндігін алға тартуда.
– Қолданысқа енгізіліп жатқан жаңа жүйе арқылы біз әскери бөлімді балабақшаға айналдырып аламыз. Ата-анасының қасынан шықпаған балаларын ертең әке-шешесі әскерге көлікпен апарып, ас-ауқатын тасып, нағыз бөбекжай қылады. Оған қоса ата-анаға ұлын жиі көруге рұқсат берілетіндіктен, туған күні сынды мерекелерде тағы жылы-жұмсақты аузына тосып, әскери бөлімде той-думанды көбейтеміз. Ал ондай баладан Отан қорғайтын қандай сарбаз шығады? Сондықтан мен жастардың үйіне жақын жерде борышын өтеуге түбегейлі қарсы-мын, – дейді Д.Ермеков.
Ауған соғысының ардагері баласын әскерге жібергісі келмеген ата-анаға ірі көлемде айыппұл салуды ұсынады. Оның сөзіне сүйенсек, көп жағдайда бай-манаптар баласын әскерден алып қалуға тырысады екен. Міне, осы қалталы азаматтарға 10-20 миллион теңге көлемінде айыппұл салынса, одан екі тарапта ұтатын көрінеді. Яғни әскерилер баланың артынан іздеп жүрмей, қомақты құйылған қаржыға кем-кетіктерін түгендеп алады.
Сала ардагерінің ұсынысы қаншалықты қолдау табатындығы белгісіз. Алайда жастарды Отан алдындағы борышын үйінен жырақта өтету туралы ойы орынсыз дей алмассың. Шынында, ертең әскери бөлімдердің алды ата-анаға толып, баласы қит етсе әке-шешесі жетіп келетін жүйе арқылы әлеуетті әскер құрамыз дей алмаймыз. Сондықтан бұл бастаманың бір қайнауы кем болып тұрғандай. Осыны әскери салаға жауаптылар ескеріп, жобаны бір сүзгіден өткізеді деп сенеміз.

Саян Тілеужан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.