Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сирек кітаптар көрмесі көпшілік назарына ұсынылды

0 318

Дулати университетінде «Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Ұлы дала руханияты: Ғұламалар үндестігі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараны университеттің Ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Сейтжан Орынбаев алғысөзімен ашты. Өз сөзінде қазақ халқының тарихына көз жүгіртсек құнды тарихи деректермен таныс болатынымызды, сонау замандағы білім ошақтары, тарихи қалалар, медреселер, Қарахан мемлекеті тұсындағы биліктің саяси, әскери жетістіктері бәрі де тарихтың құнды деректері екенін айтты. Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Мұхаммед Хайдар Дулати сынды тарихи тұлғалардың еңбегі құнды қазына екенін жастарға жеткізді.

Дөңгелек үстел модераторы «Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, профессор Сейдехан Бахторазов іс-шара барысында жасалатын баяндамалардың маңыздылығына тоқталды. Ғылымға бет алған студенттердің талпынысы қуанарлықтай екенін сөз етті.

Жиында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі арнайы көрме ұйымдастырды. Аталмыш мекеменің «Есепке алу, сақтау және оқу залдарының жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің басшысы Анар Романқызы сирек кітаптармен таныстырды.

– Оқу ордаларыңызға арнайы таныстыру үшін сегіз сирек кітапты алып келдім. Яссауидің «Диуани хикметі», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі», Махмуд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк», Әл-фарабидың музыка саласына кіріспе қолжазбасы, Низамидың «Хұсрау мен Шырын» шығармасы бұлардың барлығы құнды жәдігеріміз. Негізгі түпнұсқалары шетелдегі ірі кітапханаларда сақтаулы тұр. Сонау ғасырда жазылған бұл дүниелер бүгінгі күнде де өзекті. Түркі тектес халықтың ортақ қазынасы, – деді Анар Романқызы. Сөз соңында «Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығына Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасының Вена нұсқасын табыс етті.

Әрмен қарай «Философия» кафедрасының меңгерушісі Дина Кульбаева «Әл-Фараби және Абай шығармаларындағы пікір сабақтастығы» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамасында Әл-Фарабидың еңбектеріндегі негізгі ойға тоқталды. – Ғалымның 1150 жылдығын атап өткен тұста біршама құнды мұралары табылып, деректі фильм түсірілді. «Қайырымды қала тұрғындары» шығармасындағы ой-тұжырымдары бүгінгі күнде де өзекті. Адам қоғамның мүшесі болғандықтан, сол қоғамға пайдасын тигізіп, адалдық, қайырымдылық қасиеттерін ұстану керек. Сонда әр адам бақытқа жетеді,- деді Дина Дүйсебайқызы.

«Қарахан мемлекеті тұсындағы Жүсіп Баласағұнидың пәлсапасы» тақырыбында баяндама жасаған «Тарих» кафедрасының магистрі Ақнұр Көбесова Баласағұн еңбектеріндегі құнды деректермен бөлісті. – Ғұлама ғалым өз еңбегінде мемлекет пен патшаның, бек пен бидің халықпен қарым-қатынасы қандай болу керегін айтады. Сондай-ақ, отбасында үйлесімді өмір сүру жайында ой қозғайды. Ол өз еңбегінде: «Ай маңдай ұл, қыз өссе қолыңда, үйіңде өсір бөтен жерге қондырма» дейді. Бұл да біздің ұлтымыздың бала тәрбиесіндегі ұстаныммен үндес келеді,-деді баяндамашы.

Сирек кітаптарды таныстырып, құнды еңбектердің мазмұнын ашқан жиын «Тарих» мамандығында оқитын студенттердің баяндамасымен жалғасты.

WhatsApp Image 2023 09 28 at 15.40.59

WhatsApp Image 2023 09 28 at 15.49.49

WhatsApp Image 2023 09 28 at 15.49.49 1

Медиа-қызмет

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.