Қалалық қоғамдық-саяси газет

Синтетикалық есірткілермен күреске тиімді жаңа платформа таныстырылды

0 235

Жамбыл облыстық прокуратураның ұйымдастыруымен өткен кеңесте синтетикалық есірткі заттарымен күрес мақсатында әзірленген ақпараттық платформа таныстырылды.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің, Парламент Мәжілісінің депуттары мен облыстық құқық қорғау және арнайы органдардың бірінші басшылары қатысқан жиынды облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров ашып, жүргізіп отырды.

Облыс прокуроры елімізде синтетикалық есірткі заттарына тәуелді адамдар әсіресе жастар санының өсу тенденциясы байқалатындығын, бұл заттардың арзан, әрі қолжетімді, интернет пен мессенджерлер арқылы сатып алу оңай екендігін атап өтті.

Сондай-ақ, осы орайда әзірленген ақпараттық платформаның маңыздылығын тілге тиек етті.

Басқосуда баяндама жасаған ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыс бойынша басқармасының бастығы Секер Бүркітбаев синтетикалық есірткі заттарымен күрес бағытында соңғы 5 жылда атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды.

Ал, облыс прокуратурасы 3-басқармасының бастығы Дәурен Кубеев «Синтетикалық есірткі заттарымен күрес мақсатында әзірленген ақпараттық платформа бойынша презентация жасады.

Айта кетейік, жастар арасында жүргізілген сауалнамада көрсеткендей, студенттер мен орта мектеп оқушыларының шамамен 47 пайызы әлеуметтік желі арқылы синтетикалық есірткі сатып алудың қол жетімділігі туралы хабарлады.

Осы орайда арнайы құрылған жұмыс тобы бір ай ішінде синтетикалық есірткіні насихаттайтын 400-ден астам сілтемелер мен сайттарды анықтаған десек, оның 100-ге жуығы жойылып, қалғандары бұғатталуда екен.

Жаңадан әзірленген «NARKO SHEKTEU TARAZ» телеграм-боты осы мақсатта тиімді құрал болмақ.

Платформаның негізгі мақсаты — нашақорлар санын азайту, халық арасында есірткі айналымы мен тұтынуға теріс көзқарас пен нөлдік төзімділікті қалыптастыру болып табылады. Ол бес негізгі бағытты қамтиды. Атап айтсақ, жарнамасы бар сайттарды (сілтемелерді) және есірткі сатып алу бойынша ұсыныстарды табу, есірткі жасырынған жерлер (закладка) бойынша ақпараттандыру, есірткіні дайындау орындары және қоймасы туралы ақпарат салу және тағы басқа бағыттарға сәйкес жұмыстар жүйеленген.

Сондай-ақ, бағдарламаның мүмкіндіктері есірткіні одан әрі бұғаттау үшін «Кибернадзор» жүйесіне насихаттайтын немесе жарнамалайтын заңсыз сілтемелер туралы алынған деректерді енгізу тәртібін көздейді.

Кездесу қорытындысымен қатысушылар Пилоттық жобаны енгізу, іске қосу және өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру туралы бірлескен жоспарды қабылдады.

Облыс әкімі еліміздің тірегі – саламатты өмір салтын ұстанған, дені сау ұрпақ екендігін атап өтіп, қазір жоғары технологиялардың дамыған заманы, есірткі бизнесі де толығымен кибер салаға көшкеніне назар аудартты.

Нұржан Нұржігітов есірткіні «телеграмм-боттар» немесе басқа да интернет-ресурстар арқылы сатуды тоқтату жолында ақпараттық платформаның есірткі затын сатудың алдын алуға өзіндік септігін тигізеріне сенім білдірді.

Аймақ басшысы есірткімен күресте жергілікті атқарушы және құқық қорғау, арнайы органдары бірлесіп, табанды әрекет еткенде нақты нәтижеге қол жеткізуге болатынын жеткізді.

Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров те  азаматтарды нашақорлыққа қарсы күресте өзінің азаматтық ұстанымын және нөлдік төзімділігін белсенді түрде көрсетуге шақырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.