Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шымкентте депутаттық фракция мәжілісі өтті

0 129

Бүгін Шымкент қалалық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының мәжілісі өтті. Бұл туралы партияның Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Жанар Бектаева Facebook-тегі парақшасында жазды.

Көшбасшы партияның фракция жетекшісі Ерлан Қошановтың тапсырмасына сәйкес күн тәртібінде төрт тақырып талқыланды. Оның алғашқысы, қаладағы колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін жатақханамен қамту мәселесі.

«Жол картасы 2020-2025 жылдарға арналған жобасы аясында бес жыл ішінде 9 жатақхана салу жоспарланған. Оның ішінде бес жатақхана пайдалануға берілген. Биыл бір жатақхананың құрылысы аяқталуы тиіс. Ал қалған үш жатақхана құрылысы келесі жылға қалды», – деді Жанар Бектаева.

Қазіргі таңда барлығы 1786 орынды құрайтын жатақханалардың 90%-ын қазақстандық студенттер мекендесе, қалған 10%-ы шетелдік білімгерлерге арналған.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе – қала мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мен салу туралы сөз қозғалды. Қалалық Білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиеваның айтуынша, биыл «Білімді ұлт» сапалы білім беру ұлттық жобасының шеңберінде 1000 мектеп салу бойынша биыл үшінші мегаполисте 30 мектеп қатарға қосылады деп күтілуде.

«Ағымдағы жылы бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндердің саны 28 000-ға жетіп отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 25 000-ды құраған. Сондай-ақ жаңа оқу жылы басталғанша қаладағы 4 білім ордасындағы күрделі жөндеу жұмыстары 100% аяқталады деген жоспар бар», – деді «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы.

Мәжілісте қаралған келесі мәселе – Шымкент қаласының Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Б.Дүйсебековке тапсырма берілді. Ол жұмысы тұралаған кәсіпорындарды қайта іске қосу және жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз етіп, бағаның тұрақтылығын бақылауға алуы керек.

Кездесудегі соңғы көтерілген сұрақ, ол – базардағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына мемлекеттен сауда орындарына бөлінетін қаражаттың ашық өтуі мен мақсатты жұмсалуын бақылауға алу туралы болды. Бұл мәселе бойынша Шымкент қаласының Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Ә.Жанбатыров депутаттардың сауалдарына жауап берді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.