Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шыңғыстаудың шынары

0 226

Қарт Шыңғыстау даласы қай заманда да қазаққа қайталанбас перзенттерін сыйлаған. Сонау Мекке қаласында мешіт салдырған қажы Құнанбай, оның ұлы Абай – сол сөзіміздің дәлелі. Сол сияқты, осынау киелі топырақта өмірге келген тағы бір дара тұлға – Шәкәрім Құдайбердіұлы. Биыл ақын, аудармашы, тарихшы, сазгер, философтың туғанына – 165 жыл.

Бүгінде Абай облысы аталатын, қазақ руханиятының кағбасы Семейдің Байқошқар өзенінің бойындағы Кеңбұлақ деген жерде 1858 жылдың 11 шілдесінде дүниеге келген бала Шәкәрім әкесінен жастайынан жетім қалып, атақты абыз Абайдың бауырында өседі. Құдайберді қайтыс боларда Абай оған: «Балаларыңды әке орнына бағу қарызым болар, жетімдік көрсетпеспін», – деп ант еткендей болған екен. Айтқанындай, Абай содан бері Құдайберді балаларын қатты еркелететіні Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында да нақты айтылған. Жалпы Шәкәрім туралы сөз болғанда Абай Құнанбайұлына соқпай кету мүмкін емес. Ақынның: «Атадан алтау, анадан төртеу» деген өлең жолдарындағы алтаудың біреуі – Шәкәрімнің әкесі Құдайберді. Жас кеткен әке қазаққа Шәкәрімдей ұл сыйлады. Абайдың өнегесі – Шәкәрімнің өмірде көрген ең басты үлгісі. Бір әулеттен екі ақын, ақын ғана емес, философ, сазгер, қайраткер адамның шығуы – бұл әулеттің тектілігінің белгісі. Абай мен Шәкәрім заманы мен ХХ ғасырдың алғашқы бөлігі өте күрделі кезеңде өтті.
Біз Шәкәрімді Абайды алғаш танып зерттеген тұлға десек, артық айтқандық емес. Ол қазақ жастарын ағасы, ақылшысы Абайдан тәлім алуға шақырып, «Жалыналық Абайға, жүр баралық» атты өлеңін жазады. Шәкәрім – жарты ғасырдан астам шығармашылық өмірінде әдебиеттің барлық жанрында жемісті еңбек еткен қайраткер. Ақын араб, парсы, орыс тілдерін жетік меңгереді. Өз бетінше ізденуі нәтижесінде заманындағы ең білімді адамдар санатына қосылады. Бірнеше тіл білуі оның тамаша аудармалар жасауына алғышарт еді. Шығыс шайырлары Хафиздің лирикалық шығармаларын, Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын тәржімалады. Орыстың классикалық әдебиетін терең зерттеп оқыды. А.Пушкиннің «Дубровский» повесі мен «Боранын» өлеңін аударды. Л.Толстойдың бір топ әңгімелерімен қазақ оқырманына алғаш таныстырған да осы тұлға еді. Олар туралы:
Айтқан сөзі ауруға ем, жанға құмар,
Тауып айтқыш тәтті тіл, сайраушылар.
Байрон, Пушкин, Лермонтов, Некрасов,
Қожа Хафиз, Науаи, Физули бар, – деп толғайды. Ол Толстойға арнайы хат жазып, көкейіне қордаланған ойларын жинақтап, ақыл-кеңес сұрап тұрады екен.
Шәкәрім 1905 жылы ағасы Абайдың тапсырмасымен қажылыққа сапар шегеді. Сапар аясында Стамбулға, Египетке, Меккеге саяхат жасайды. Бұл сапардан діндік дәстүр бойынша қажы атанып қайтқан. Осы жолында Парижге тоқтап, Францияның архивіне аялдап, кітапханаларына бас сұғады. Ақын бұл туралы:
Пароходта жүрiп жолда,
Әр елде кез келiп молда.
Он үш күн боп Стамболда,
Керек кiтап табылғаны-ай!
Осы шумақ бізге ақынның Ыстамбұлға пароходпен жеткенiн, бұл қалада он үш күн болып, керек кiтаптарды тапқан қуанышын жеткізеді. Өлеңге, өнерге жаралған тұлға 1925 жылы Шыңғыстың Шақпақ аталатын өз қыстауынан он бес шақырымдай жерде қора-жай салып алып, таза шығармашылық жұмыспен шұғылданады. Өмірінің ақырына дейін елден оқшауланып, жазу-сызумен біржолата беріле айналысады. Шәкәрім баласы Ахат бір естелігінде: «Мен тәтеме сәлем беріп тұратын едім. Бірақ жиі барып, қасында отыруға мүмкіндік болмады. Тәтемнің ауылы біздің ауылдан шалғай болатын. Жылына 5-6 рет барғанымның өзінде көп әңгіме айтып, ақыл беретін. Маған өз өмірінің түрлі жайттарын айтатын. Әсіресе адалдық жағын баса үйрететін. Елге адал еңбек сіңірсең, адал болсаң, абыройлы боласың. «Елге жақсаң – құдайға жағасың!», «Көпсіз – көмусіз қалады», «Көп тілегі – көл», «Көпке сенген көгереді, Көпті жамандаған көміледі», «Адам көппен көркейеді» деген нақыл сөздерді айтып отыратын», – деп жазады.
Туған жер кім-кімге болса да ыстық қой. Сондықтан халқымыз «Өз елің – алтын бесік» дейді. Шыңғыстауда ойлы шығармаларды өмірге алып келген абыз туған жері туралы егіле жазады. «Кәрі Шыңғыстау!» Адам жерге ие болғаннан бері қарай сенің көрмегенің жоқ… Талай-талай сайыпқырандарды қолыңнан жөнелттің. Талай-талай талпынған жас жүрек мұратына да жетті. Ай мен күндей ажары сұлу, қыршын жастарды да арыстан жүректі айнымас батырларды да, аузынан бал тамған шешен, билерді де, жер ошақтай жер қазып, бауырыңа көміп, жатсаң да бақайыңнан келмей, түк көрмегендей-ақ мыңқиып тұра бересің-ау! – деп толғанады абыз.
Шәкәрім мен Шыңғыстау! Бұл – бір-бірінен ажырамас тұтас ұғым. Тұмса табиғат пен ұлы талантты табыстырған ерекше бір құбылыс. Тәңірдің керемет күші. Бұл да отансүйгіштіктің бір көрінісі. Біз тұлғаны тек қағаз-қаламын құшақтап, керемет туындыларды жазып жата берген жан деп түсінбеуміз керек. Ол да бабадан қалған бай мұраны жалғастырған, Абай ағасы сияқты қансонарда бүркітін баптап, аңға шығып, серілік өмір де кешкен.
Оның әрбір өлең ұйқасы да адамды үйіріп әкетеді. Мәселен, оның:
Ән – өлшеуіш, өлең – күміс,
Қоспаңыз мыс аралас.
Артық алу не кем салу,
Қапы қалу жарамас, – деген жыр жолдары бар. Бұл өлеңді оқып отырып, есімізге Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деген қалам ұстаған ақынның ұранына айналған шумағы оралады.
Абай мен Шәкәрімнің мол әдеби мұрасынан өзгеше мәдениет, кең өріс, бедерлі өрнек танимыз. Қос ақынның өлеңдерінде, поэмаларында, философиялық ой-толғауларында бір пендеге ғана емес, бүкіл адамзатқа тән сырлы мұң жатыр. Бұл өлең өрісін, өнер көкжиегін айқындайтын биік меже. Сондықтан да қос алыптың шалқар дүниетанымы, нұрлы жаны, талантты тебіренісі, өзгеше бітімі, биік мақсаты, ақыл-ой тереңдігі қазақ халқының арымайтын рухани биігі болып қала береді.
Шәкәрім жүйесіз заманда өмір сүрген. Оның кезі патша үкіметі мен большевиктер, алашордашылар үкіметі, одан кейінгісі зобалаң жылдарға ұласып, нағыз бейберекет, жүйесіз заманға тап келген. 1930 жылдардан бастап Шәкәрім көтерілісті қолдады деп айыпталады. Сол кезде ол былай деп жазды: «Елу жасымда жалғыз отырып, бар ойын қағазға түсірдім. Мен оларды мақтану үшін жазған жоқпын. Өйткені мұндай сөздердің құны жоқ екенін білемін. Болашақ ұрпақ үлгі алсын, үйренсін деп жаздым. Қазір жетпістен асты – ой қартамайды, тек дене тозды. Тозған дене жаңа ойларға жарамсыз болып қалды».
1931 жылы 2 қазанда елдегі шолақ белсенділердің орынсыз жаласымен және қатыгездігімен өлім құшып, мәйіті құдық түбіне тасталды. Оның бай кітапханасы өртеліп, өзі із-түссіз жоғалдыға саналды. Ақын-философ, қазақтың дара туған, дана туған ұлдарының бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы – дүние салғаннан кейін елу жылға жуық ұмыт қалған тұлға. Оның сүйегі отыз жыл бойы құдықта жатып, тек 1961 жылы ғана ақынның баласы Ахат оны Жидебайдағы Абай зиратының жанына жерледі.
Тәуелсіздік таңы атқан тұстан бастап тұлғаларымызды түгендеу басталды. Бүгінде ақын атында университет, мектеп, көшелер бар. Әрине, Шәкәрім әлеміне сапар шегіп, қажының өзін, ғұламалық сөзін ұғынатын ұлты барда ақын аты мәңгі өшпейді.

Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.