Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында пәтерде болған өрттен ер адам көз жұмды,
деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Болған оқиға жөнінде ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеген.
Департамент мәліметіне сүйенсек, Нагорная көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйдің екінші қабатындағы пәтер өртенген. Тілсіз жау жеке заттар мен төсекті шарпыған.
Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл келіп жеткен. Олар бірінші кезекте подъезден 3 адамды эвакуациялап, содан кейін түтін тұмшалаған көрші пәтерден 14 жастағы қыз құтқарылған.
«Өрт шыққан пәтерден 1972 жылғы ер адамның мәйіті табылды. Көп ұзамай 2 шаршы метрге жайылған жалын ауыздықталды. Өрттің шығуына – мас күйде темекі шегу кезіндегі абайсыздық себеп болуы мүмкін», – делінген ақпаратта.