Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шығарма өзегі – шынайы сезім

0 478

Таразда белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы «Балалар және жастар әдебиеті» бөлімінің кеңесшісі Бейбіт Сарыбайдың «Мөп-мөлдір көздің қарасы» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

«Жазушы деген көп жазатын емес, көп оқылатын адам» деген екен орыстың белгілі журналисі Михаил Генин. Расында, Бейбіт Сарыбай – бүгінгі жас буынның жадында жаңғырып тұрған есім. Ол әуелде өлең жазды. Кейіннен балалар әдебиетіне ден қоя отырып жазған дүниелері кітапхана сөрелерінен орын тапты. Қазірдің өзінде қаламгер оқырмандарына жеті бірдей кітап ұсынып үлгеріпті. Абайша айтсақ, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиген» шығармалары түрлі әдеби байқауларда озып шығып, жас оқырмандардың сүйікті туындыларына айналған. 2012 жылы «Жас өркен» журналына берген сұқбатында әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек Бейбіт Сарыбайдың шығармашылығы жөнінде былай дейді: «Бейбіт Сарыбай алған тақырыбын жетік игере біледі екен. Осы әңгімесімен-ақ («Рауғаш ерте гүлдейді» әңгімесін айтып отыр (ред.) оны толық жазушы деуге болады. «Мейірімі» – суретші өмірінен, қазақтың жас зиялыларының өмірінен жазылған әңгіме. Адамдардың бірінің бойынан бірі кішкентай жалғандық көріп, кешіре алмай жүретіні бар. Осында Бейбіт адам бойындағы психологияны шын жазушыға тән иіріммен, көркемдікпен жеткізген. Бұл да мінезге құрылған шығарма және Бейбіт не айтқысы келетінін жып-жинақы, тап-тұйнақтай етіп бере алады. Тіліне келсек, Төлен Әбдіктің тіліндей ұстамды, құнарлы тіл екен. Қораш сөйлемдер жоқ». Міне, сол кездің өзінде «сен тимесең, мен тимен» болып жататын әдеби ахуалды көп сынайтын сыншылардың бірі жазушы қаламының қуатына осылай деп баға берген екен.
Бұл жолы Бейбіт Сарыбай өз оқырмандарына «Мөп-мөлдір көздің қарасы» атты жаңа туындының өмірге келгенін сүйіншіледі. Шығыс шайыры Фирдоуси жырының әйгілі тіркесімен аталған кітап бірден тараздықтардың назарын өзіне аударып, туындының тұсаукесері Әулиеатада өтуі тиіс деген міндет алған едік. Бұл ойды жүзеге асыруға Тараз қаласы әкімдігі мұрындық болды. Руханиятқа деген жанашырлық осы болса керек. Тұсаукесер күні бекітіліп, жазушыны төрімізге алдырдық. Шара арулардың халықаралық мерекесі қарсаңында ұйымдастырылғандықтан, әдебиетсүйер қауымның назарына елге белгілі фотограф Алтынбек Қартабайдың «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» фото көрмесіне қойылған туындылары ұсынылды. Осынысымен де кешке сән кірді, көркі ашылды. Мазмұны жұмбақ болған шығарманың тұсаукесеріне сапалы аудитория жиылды деуге болатындай. Себебі жиылғандардың дені әдебиетті жан дауасы санайтын филология мамандығының студенттері, журналистер, алды қабырғалы қаламгер Несіпбек Дәутайұлы бастаған ел ағалары, әкімдіктен шаһар басшысының орынбасары Кенжебек Олжабай арнайы келді. Кешті Бейбіт Сарыбайдың әдебиеттегі інісі, Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл облыстық филиалының басшысы, ақын Хамит Есаман жүргізді. Ең әуелі сөз осы өңірдегі қаламды жанына серік еткен жастардың жанашыр ағасына, ақыл сұрар асыл қазынасына айналған Несіпбек Дәутайұлына берілді.
– Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын елдің түкпір-түкпіріндегі жазушылыққа жаңадан ден қойып келе жатқан талантты қыз-жігіттерді іздеп тауып, «Жамбыл» журналына жарияладым. Қатарында осы Бейбіт Сарыбай да бар. Өзің Әулиеата топырағына табан тіреп отыр екенсің, біз бұл жердің қадір-қасиетіне, өткеніне енді ғана тереңдеп келе жатырмыз. Бұл үшін өңірдің басшылық қызметінен кеше ғана босаған Асқар Мырзахметовке алғыс айтуымыз керек. Ел боламыз десек, бізге ең алдымен жақсы тәрбие қажет. Біз бір уыс қазақпыз. Ертең жұдырықты ашсақ шашылып қаламыз. Руханиятымызға, әдебиетімізге тереңінен қарауға тиіспіз. Шығыстың шайырлары өз шығармашылықтарына қыздардың сұлулығын молынан арқау еткен. Бейбіт те сол секілді өз шығармасына Фирдоусидің жырынан тақырып етіпті. Ендігі жолы «Азамат ердің баласын, Әулиеатадан табасың» деген кітап жазуыңа тура келіп тұр. Мұны тапсырма деп қабылда. Себебі мұнда әдебиет пен ұлт руханияты үшін көп шаруа тындырып жүрген қыздарымыз жүр. Мына тұсаукесер де Эльмира Мырза-Ғали қарындасымыздың бастамасы. Бұл азаматтыққа сен жаңа шығармамен жауап беруің керек. Шығармашылыққа қолдау білдіріп жатқан тарихи шаһардың жаңа басшысы да әдебиетке оң қабақ танытып жатқаны шын қуантады. Аумалы-төкпелі замандар келеді. Тек талантты адамның ғана бар байлығы бойында қалады. Осы ретте Тараз топырағына жаңа шығармамен жасаған осынау тағзым құтты болсын деймін, – деді қаламгер.
Жазушының сүйекті сөздерінен соң қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай сөз алып, көптің сүйікті жазушысына айналған Бейбіт Сарыбайға әкімдіктің ілтипатын жеткізіп, жаңа кітаптың көрімдігін табыс етті.
– Қай елде, қай шаһарда болмасын Тараз жеріндегідей арулардың парасатын, сұлулығын, инабаты мен ибасын жырға қосқан ақындар жоқ шығар. Бейбіт інімізге қаламыздың брендіне айналған сөзді қайта жаңғыртып, ортамызға кітап күйінде алып келгені үшін алғыс айтамын. Осы сөз бүгінгідей әсем келбетке ие болған тарихи қаламыздың бір тұсынан орын тапса деген ниетіміз де жоқ емес. Мұндай дүниелердің әдебиет арқылы жаңғыруы барлық уақытта жақсы үрдіске баланады, – деді Кенжебек Олжабай.
Шығарма хақындағы аз-кем мәнді әңгімеден соң Несіпбек Дәутайұлы мен Кенжебек Мамашбайұлы кітаптың лентасын қиып, көптен күткен тұсаукесер рәсімін жасады. Сондай-ақ мереке қарсаңында кешке арнайы келген аруларға қызыл раушан гүлдері үлестіріліп, шараның шырайы кіре түсті. Дәстүрлі рәсімнен соң автордың өзі кітаптың жазылуы турасындағы оқиғалармен бөлісіп, шығармаға ат қою кезінде тап болған қызықтарды баяндады.
– Таразға келгенде, ең әуелі әдебиеттегі әкеміздей болған Несіпбек көкемізге кіріп амандасамыз. Көкеміз осыдан бірнеше жылдар бұрынғы оқиғаны баян етті ғой. Ол 2007 жыл болатын. «Жамбыл» журналына шыққан дүниеміз үшін Несағамыз бір айлық көлемінде қаламақы қойып берген. Ол сол кезде әжептәуір қаржы еді. Тараз десе, көкеміздің осындай жанашырлығы ойға оралады. Ал бүгін осы киелі шаһарда жетінші кітабымның таныстырылымы өтіп жатыр. Бұл – мен үшін атаулы оқиға. Себебі осыған дейін кітаптарымның тұсаукесерін өткізуден қашқақтайтынмын. Ол дүниеге лайықпын ба, жоқ па деген сынды ойлар мазалайтын. Бұл жолы кітаптағы оқиға өрбіген қасиетті қаладағы қарындастарымыз арнайы шақырғандықтан бас тарта алмадым. Дән риза болып отырмын. Бұл шығарма «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы Жазушылар одағының «Әдеби өлкетану» жобасы бойынша өмірге келді. Әуелдегі мақсат жазушыға белгілі бір өңір туралы өз қалауынша, өз стилінде көркем туынды жазып шығу болатын. Мен Тараз қаласына осы жердің тумасы, ақын Ерлан Жүніспен бірге келдім. Ол осы топырақтың тамырымен біте қайнасқан терең әрі талантты ақын ғой. Екеуміз кітапты жазу барысында Тараз туралы тың дүниелер іздеп бірге жүрдік. Әңгімені жазып шығатын уақыт өте тығыз болды. Көлемі 100 беттен кем болмау керек деген талап болды. Кітапты бастамас бұрын Несіпбек көкеміздің батасын алдым. Шығарманың атауы пойызда, тамбурда темекі шегіп тұрғанда қойылды. Ерлан бауырыма: «Шығармаға Фирдоусидің «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деген өлең жолын эпиграф етіп аламын», – дедім. Мұнымды құп көрген Ерлан кітап атауын да тауып тұрғанымды айтып, бойыма сенім ұялатты, – деді жазушы жаңа туындысы хақында.
Кеш барысында тараздық ақындар «Жүрек хаттары» кітабының авторы Данияр Әлімқұл, «Aray» жастар газетінің бөлім меңгерушісі Нұржан Қадірәлі, «Jambyl-Taraz» газетінің тілшісі Арайлы Жақсылық өз туындыларын тебірене оқып, көптің ықыласына бөленді. Бұдан соң жиылған көпшілік жазушыға көкейлеріндегі сауалдарын қойып, танымды жауаптар алды. Осылайша, шығыс шайыры Фирдоуси жырының тіркесін тақырып етіп тапқырлық танытқан Бейбіт Сарыбайдың тараздық оқырмандарға арнаған сүбелі әңгімесі соңына таяп, көпшілік кештен соң автордың қолтаңбасын алып, емен-жарқын сұқбат құрды.
Өңір тарихымен біте қайнасқан аңыз-әңгімелер мен тың деректер арқау болған кітап бүгінде көптің қызығушылығын тудыруда. Алматылық жазушының Тараз туралы шығармасындағы әдемі оқиғаның мазмұны мен терең сезім иірімдерін біз оқырманның өзіне қалдырдық.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.