Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шу өңірінің шаруашылығы шалқуда

0 623

Үкімет халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрғын үй, көгілдір отын, сапалы ауз сумен қамту бағытында бірқатар мақсатты бағдарламаларды қабылдап келеді. Бұл қатарда облысымызда да ілкімді істер атқарылуда. Әсіресе шырайлы Шу өңірінде халықтың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.

Ауыз судың азабы азаюда

Қай кезде болмасын ауыз судың сапалы болуы маңызды. Су – тіршілік көзі. Халық денсаулығының мықты болуы да таза ауыз судың сапасына байланысты. Мемлекет басшысы 2021 жылғы қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында «…Жалпы, ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, ауыз су мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Сондықтан, «Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы» аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндет» деп атап көрсеткен болатын. Су мәселесін шешу үшін Шу ауданы ауыз толтырып айтарлық істерді атқарып жатыр.
Ауданда 35 елді мекеннің 26-ы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Оның ішінде Шу қаласы мен Төле би, Абай, Ақсу, Оразалы батыр, Алға, Бірлікүстем, Балуан Шолақ, Белбасар, Жаңа жол, Бәйдібек, Тасөткел, Бірлік, Далақайнар, Қонаев, Мойынқұм, Шоқпар және Шоқпар станциясы, Аспара, Құмөзек, Жиделі, Еспе секілді 22 ауылға орталықтандырылған ауыз су жүйесі тартылған. Ал, Көктөбе, Сауытбек, Ақтөбе мен Жайсан сияқты төрт ауыл ауыз сумен ішінара қамтылған. Нақты айтқанда тұрғындар көше бойына тартылған құдықтан су ішіп отыр. Ал, Еңбекші, Тасөткел су қоймасы, Бөлтірік, Көкқайнар, Жиенбет, Еңбек, Алайғыр, Құлақшын, Көкжиек деп аталатын 9 елді мекендерде мұндай игілік жоқ.
Шу ауданы бойынша ауыз су жүйесінің жалпы ұзындығы 540,1 шақырым болса, кәріз жүйесі – 65,7 шақырым. Ауылдық округтерде су құбырларының ұзындығы 370,8 шақырым болса, Шу қаласында 169,3 шақырымды құрайды. Бұл жүйелерге «Ауыз су-Шу» және «Теміржолсу» ЖШС қызмет көрсетеді
Бүгінгі күнге аудан көлемінде ауыз сумен қамтылған елді мекендердің қамтылу деңгейі 74,3 пайызды құрап отыр. Елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету үлесін арттыру мақсатында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Айталық, өткен жылы Көктөбе, Ақтөбе, Еңбекші, Сауытбек, Көкқайнар және Шу қаласының Қант зауыты секілді алты ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары басталған болатын. Бұл нысандар ағымдағы жылы пайдалануға берілмек.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта Еңбек, Жиенбет, Жайсан және Тасөткел су қоймасы қатарлы 4 елді мекенді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынып, бюджеттік өтінім берілген. Бұдан бөлек Шу қаласының «Горгаз», «Жайсан», «Жанқұлиев» тұрғын алқаптарына және Бөлтірік пен Шоқпар ауылдарына ауыз су жүйелерін салуға аудандық бюджеттен 40,0 миллион теңге қаражат қарастырылып жобалау-сметалық құжаттар жасау жұмыстары жүргізілуде.
«Ауыз су-Шу» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында Төле би ауылының кәріз жүйесіне ауыз сумен қамтамасыз ету және ағызылған судың құны (тарифі) мемлекеттік мекемелерге 1 текше метр үшін 144,93 теңге, кәріз суының текше метрі 336,60 теңге, заңды тұлғаларға 128,38 теңге, кәріз 336,60 теңге, жеке тұлғаларға 53,49 теңге болса, кәріз суына 48,60 теңге бекітілген. «Теміржол су-Шу» ЖШС-нің Шу қаласының кәріз жүйесіне және ауыз сумен қамтамасыз ету үшін суды ағызу құны (тарифі) мемлекеттік мекемелер үшін 1 текше метр су үшін 327,23 теңге, кәріз – 112,96 теңге, заңды тұлғаларға суға – 306,6 теңге, кәрізге – 110,16 теңге, жеке тұлғаларға суға – 28,18 теңге, кәрізге – 17,50 теңге болып отыр.
Сонымен қатар Алға ауылдық округіне қарасты Сауытбек ауылындағы кәріз желісін тартуға мердігер компания анықталған болатын. Тиісті бөлім мен «Жаңғыру» ЖШС-мен жасалған келісімшарт құны 169 631,8 мың теңге. Оның ішінде 2022 жылға 39,477 мың теңге болса, 2023 жылға 130,1 миллион теңге бөлінген. Су құбырының ұзындығы 5,7 шақырымды құрап, елді мекенішілік ауыз су желілері мен тұрғын үйлерге жеткізу желілері толығымен салынды. Сондай-ақ көлемі 100 текше метр су алу нысанының (су тарту нысаны) екі су қоймасы құйылды. Одан бөлек сорғы станциясы және бақылау-өткізу пункті (өткізу пункті) соғылды. Бұған қоса Шу қаласындағы «Жанқұлиев» тұрғын аумағы, «Жайсан» және «Горгаз» ықшамаудандарына ауыз су жүйелерін салуға жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге аудандық бюжеттен қаражат қарастыруға ұсыныс беріледі. 2024-2025 жылдары Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесе Алайғыр, Құлақшын, Көкжиек, Бөлтірік елді мекендерінде суды тазартуға арналған біріктірілген блок-модулін орнату жоспарланып отыр. Ал, шалғай орналасқан және тұрғын саны аз Құлақшын, Алайғыр және Көкжиек қатарлы үш ауылға суды тазарту қондырғыларын КБМ орнату жоспарлануда. Осы бағытта бағалық ұсынымдар алынып, облыстық басқармаға бюджеттік өтінім берілген. Қаражат үстіміздегі жылы қарастырылады деп күтілуде. Осы жоғарыда аталған жұмыстар орындалған жағдайда Шу ауданының елді мекендері мен Шу қаласы толығымен сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

Көгілдір отынның қызығын көрер күн жақын

Бүгінгі таңда аудандағы 35 елді мекеннің Шу қаласы, Жаңажол, Көкқайнар, Белбасар, Еңбекші, Төле би, Бірлік, Қонаев, Көктөбе, Бірлікүстем, Алға, Сауытбек, Жайсан, Тасөткел, Абай, Оразалы батыр сынды 17 ауылға газ тартылып, табиғи отынның қ қамтылу көрсеткіші 52,47 пайызды құрап отыр.
Айталық, өткен жылы 6 елді мекенге магистральды газ құбыры тартылса Аспара, Ақтөбе, Тасөткел қатарлы 3 ауылдың ішкі газ тарту жұмыстары толығымен аяқталды. Сонымен қатар Мойынқұм, Еңбек, Жиенбет қатарлы 3 елді мекеннің ішкі газ құбырлары жүргізілуде. Нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 71,7 пайызды құрайтын болады. Ал, Балуан Шолақ, Бәйдібек, Бөлтірік, Далақайнар, Шоқпар, Шоқпар бекеті қатарлы ауылдарда магистральды газ құбырын тарту жұмыстары ағымдағы жылға жоспарлануда. Тағы бір айта кетерлігі Жиделі, Еспе, Құлақшын, Алайғыр, Көкжиек Құмөзек сынды 6 елді мекен халық саны аз және магистралды газ құбырын жүргізу тиімсіз болуына орай газдандырылмайды екен.
Былтыр Сауытбек ауылының Алға орта мектебі мен Төле би ауылының Бекмаханов, М.Әуезов, М.Мақатаев атындағы орта мектебі, «Айналайын» балабақшасы және Қонаев ауылының Төле би мектептерінің табиғи газға ауыстыру құрлыс монтаж жұмыстары аяқталып, жылыту қазандықтары іске қосылды. Бұдан бөлек, әлеуметтік нысандарды табиғи газға қосу бойынша осы жылы 13 нысанды табиғи газға қосу жоспарланып отыр. Оның 11-і білім нысандары, 1-і көппәтерлі тұрғын үй және 1- СПТУ-24 жатақханасы көгілдір отынға қосылмақ.

Жол жөндеу жұмыстары үздіксіз жалғасуда

Өңірлерді байланыстыратын күре жолдың да, ауыл-ауылға қатынайтын қара жолдың да жанға жайлы болғаны қандай жақсы. «Жол азабын жүрген біледі» дегендей, Шу ауданындағы шешімін күткен күрделі мәселелердің бірегейі авто¬көлік жолда¬рының жағдайы болатын.
Шу ауданы бойынша жалпы автомобиль жолдарының ұзындығы 844,82 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар 2 жолдың ұзындығы 118 шақырым, облыстық маңызы бар 3 жолдың ұзындығы 112,1 шақырым, аудандық маңызы бар 17 жолдың ұзындығы 71,72 шақырымды құраса, ішкі көше жолдары 543 шақырым. Аудан аумағынан өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдары Шу-Қайнар-56 шақырым болса Меркі-Шу-Бурылбайтал 71 шақырымды құрайды. Ал облыстық маңызы бар автомобиль жолдардан Төле би–Шоқпар-61, Кемер-Бірлікүстем-21, Төле би-Мойынқұм-Ақтөбе – 26 шақырым. Сондай-ақ, 543 шақырым елді мекен көшелерінің 189 шақырымы асфальт, 93 шақырымы қиыршық тас, 260 шақырымы жай топырақ.
Аудан аумағындағы облыстық маңызы бар Төле би-Шоқпар, Кемер-Бірлікүстем және Төле би-Мойынқұм-Ақтөбе автомобиль жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал жоба құны 517 331,0 мың теңгені құрайтын Төле би–Шоқпар 0-15 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары ағымдағы жылы жүргізілетін болады. Аталған жолдың жөндеу жұмыстары бойынша мердігер «B-grass» ЖШС-і анықталған. Қазіргі таңда жұмыстар қызу жүруде.
Қолданыстағы «Мерке-Шу-Бурылбайтал» автожолының Шу қаласы С.Сейфулин көшесімен өтіп Бәйдібек ауылына дейінгі 93+535 – 124+925 км аралығында ұзындығы 31+390 шақырым бөлігін күрделі жөндеуден өткізуге жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленген. Жоба құны 7982000,0 миллион теңгені құрап отыр. Бұл жолдың жөндеу жұмыстары бойынша мердігер «Синь-Синь» ЖШС анықталған. Қазіргі таңда жұмыстар жүргізілуде. Бұл көлік жолы еліміздің орталығы мен оңтүстігін жалғайды. Тасжолдың құрылысы 2019 жылы басталған болатын. Оның жалпы ұзындығы 262 шақырымды құрайды. Тасжол құрылысы 4 учаскеден тұрады. Қазіргі уақытта барлық учаскеде де жол салу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жолдың салынуына 2 компания жауапты және жобаның құны 89 миллиард теңгені құрайды. Жол салуда еңбектеніп жатқан мамандар мен жұмысшылардың 80 пайызы жергілікті халықты құрап отыр. Сондай-ақ республикалық маңызы бар «Шу-Қайнар-56 шақырымы» автомобиль жолын күрделі жөндеуден өткізуге жобалау-сметалык құжаттамасы әзірленген. Жоба құны 21,9 миллиард теңге. Мемлекеттік сатып алу порталының қорытындысы бойынша мердігер «QazConstructions» ЖШС анықталды.
Ағымдағы жылы Жаңа жол ауылының кіре беріс 6,85 шақырымының аудандық мәндегі жолына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Қарастырылған қаражат соммасы – 310363,0 мың теңге. Шу қаласы мен ауылдық округтерде 20 көшенің 16,7 шақырым жолдарына 343777,4 мың теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. «Ауыл Ел-бесігі» бағдарламасы аясында 15 жоба, яғни көшеішілік 25,3 шақырым жолдарды жөндеу жұмыстары іске асырылатын болады. Қарастырылып отырған жалпы қаражат соммасы – 803774,0 мың теңгені құрайды. Бұдан бөлек, аудандық мәндегі 71,72 шақырым жолдарды күтіп ұстау жұмыстарына 10000,0 мың теңге қаражат қарастырылған. Ал аудан орталығы Төле би ауылының 29,0 шақырым ішкі көшелерін күтіп ұстауға аудандық бюджеттен 9630,0 мың теңге бөлініп отыр. Белгілі болғандай Шу ауданында жол мәселесін оңынан шешу мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Демек, жергілікті тұрғындардың көптен күткен тілегі орындалады деуге болады. Жалпы облыс бойынша бүгінде көлік жолының 60 пайызы жақсы жағдайда. Жалпы жол да тұрғын үй немесе көлік секілді күтіп ұстап, оны жөндеуді талап етеді. Ағымдағы жөндеу жұмыстарынан соң облыс бойынша жолдың 95 пайызы асфальт болады деп жоспарлануда.

Жарқыраған көше жанға жылу сыйлайды

Көше жарығы – әр ауылдың сәні. Дейтұрғанмен, Шу ауданы және Шу қаласы бойынша жалпы алғанда 632 көше бар болса, оның 228-і жарықтандырылған, ал 404-іне әлі жарық орнатылмаған. Ауданның коммуналдық мекемелерінің теңгерімінде 155 қосалқы подстанция бар. Оның екеуі, яғни ПС 35 кВ-тық подстанция Шу қаласында орналасқан. Ал 153 данасы – ТП/КТП трансформаторлары аудан және қала аумағында орналасқан. Сонымен қатар, коммуналдық меншіктегі 6409 дана электр бағаны мен 357,72 шақырым әуе желісі және көше жарығының 6174 дана жарық шамы бар. Аудан және қала аумағындағы 357,72 шақырым әуе желілерінің басым бөлігі – көше жарығының желілері.
Ағымдағы жылы Шу ауданының Жаңа жол, Балуан Шолақ, Д.Қонаев және Мойынқұм төрт ауылындағы 7 көшені жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Қарастырылған қаражат соммасы – 144782,2 мың теңгені құрап отыр.

Талап болмаса тазалық орнамайды

Әрине, тіршілік болған соң тұрмыстық қатты қалдықтар кездесіп жатады. Оған дау жоқ. Қазір қала мен оның маңындағы ауылдық округтерде жылдағы дәстүр бойынша көркейту, санитарлық тазалау жұмыстары басталып кетті. Жалпы аудан бойынша Шу қаласы мен 18 ауылдық елді мекендерде 22 дана полигон бар. Оның жалпы аумағы 39,4 гектарды құрайды. Бұл тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын орындардың қоршаған ортаға коммуналдық рұқсаты алынған. Аудан бойынша 23 елді мекенде 22 полигон және қоқыс тастайтын орындары қызметімен қамтылған. Полигондардың қоршаған ортаға эмиссияға рұқсаттары бар және полигондардың жер актілері рәсімделген.
Полигондары жоқ елді мекендерді полигондары бар елді мекендерге байланыстыру мәселесі де қарастырылған. Олар Аң шаруашылығы-Төле би ауылына, Сауытбек – Алға ауылына, Аспара бекеті – Тасөткел, Шоқпар бекеті – Шоқпар, Жиенбет, Еңбек – Мойынқұм ауылындағы полигондарды пайдалана алады.
Шу қаласы мен Төле би ауылында жалпы 986 дана контейнер бар. Олар Шу қаласы мен Төле би ауылының көшелерінде және көпқабатты тұрғын үй аулаларында орналасқан. Сондай-ақ қауіпті қалдықтарды тастайтын 10 контейнерлар бар. Күнделікті қатты тұрмыстық қатты қалдықтар арнайы техникамен полигондарға шығарылып отырады. Бұл әсіресе Шу қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерде күнделікті жүзеге асады. Ал, көше бойындағы қоқыстар тұрғындардың сұранысына қарай шығарылып отырады. Тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдау және шығарумен ЖК «Ильяс», «Шу Сервис» ЖШС және ЖК «Сулейменова» сынды 3 мекеме айналысады.
45 мыңнан астам халқы бар Шу қаласында заңдастырылған қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жұмыс істейді. Ал оларды полигонға шығару қызметін «Шу Сервис» ЖШС-і жүзеге асырады. Полигон қаланың оңтүстік-шығыс шетінде орналасқан, жалпы ауданы – 3 гектар. Бұдан бөлек қазіргі уақытта Шу қаласы мен ауылдық округтерден шығатын тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдау мен шығару қызметін жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлерді тауып, жұмыспен қамтамасыз ету және ауылдық округтерде де тұрмыстық қатты қалдықтарды полигондарға жеткізіп отыруды ұйымдастыру мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.