Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шу ауданында «Қамқорлық» ерте араласу орталығы ашылды

0 2  832

Бүгін Шу аудандық орталық ауруханасы жанынан ашылған «Қамқорлық» ерте араласу орталығының салтанатты ашылуы өтті.

Іс-шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров, «Samruk-Kazyna Trust» Қоғамдық қорының бас директоры Альфия Адиева, «Қамқорлық Қоры» директоры Арайлым Еркінова, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова және өңірлік медицина жұртшылығы қатысты.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Нұржан Календеров өзінің құттықтау сөзінде аталмыш орталықтың ашылуы –денсаулық сақтау саласын дамытудағы оңды қадам екенін атап өтті:
– Шу аудандық орталық ауруханасының базасында «Қамқорлық» ерте араласу орталығының ашылғанына қуаныштымыз. Оңалту орталығының арқасында ерте жастан бастап, ерекше балалардың саулығын нығайтуға, оларға көңіл бөліп, кешенді сауықтыру көмегін ертерек бастауға мүмкіндік артады, – деп, еліміздің болашағы – балалар денсаулығын арттыру мен сақтаудың және ерекше жағдайдағы балалардың саулығын қалыптастыруды дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Орталықтың игілікті жұмысы “Қазақстан халқына» қорының бастамасымен және «Самрұқ-Қазына», «Қамқорлық» қоғамдық қорларымен бірлесіп, заманауи емдік құралдармен бүлдіршіндердің денсаулығын нығайту мақсатында жүзеге асуда. Басты міндеті – ерекше қажеттіліктері бар балаларды емдеу және оңалту үшін қолайлы жағдайлар жасап, мүгедектіктің алдын-алу.

Орталық 48 төсекке есептелген: 30 күндік стационар және 18 тәулік бойы жұмыс істейтін орын. Сондай-ақ, бастысы – заманауи құралдармен жабдықталған, сауықтыру жүзу бассейні, тренажер залы, галокамера, логопед, дефектолог, психолог кабинеттері жұмыс істейтін болады.
Орталықтың ерекше жағдайдағы балаларға жасалған мүмкіндіктеріне риза болған аудан қариялары мен мәслихат өкілдері демеуші болған қор өкілдеріне ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды.
Аудан тұрғындарының атынан медицина саласының ардагері Сейсенғали Ақпаев оларға ерекше алғыс айтып, жиналғандар алдында сөз сөйледі.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.