Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шомылу маусымына дайындық қалай?

0 471

Жаз мезгілінде өзен-көлдердің жағасында уақыт өткізген жақсы. Жағажайда демалып қана қоймай, денсаулықты да нығайтуға болады. Суға шомылу, күннің көзіне қыздырыну адамды сергек етеді және жұмысқа қабілетін арттырады. Алайда суға шомылу кезінде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамасақ, жазатайым оқиғаға тап болуымыз мүмкін. Суға түсу кезінде көбінесе балалар, ішімдік ішкен адамдар ғана емес, денсаулығы мықты, жүзе білетін адамдар да қайғылы жағдайға тап болып жатады.

Мәселен, Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы 424 адам, оның ішінде 131 бала, 2022 жылы 242 адам, оның ішінде 77 кәмелет жасына толмаған бала суға кетіп, қайтыс болған. Ал өткен жылы тұрғындармен жүргізілген профилактикалық жұмыстарға қарамастан, жаздың үш айында 177 адам, оның ішінде 53 кәмелетке толмаған бала суға батып кеткен екен.
Өкінішке қарай, мұндай жағдайдар Жамбыл облысында да тіркеліп отыр. Былтыр 1 маусымнан 31 тамызға дейін облыстың су айдындарында 4 суға бату фактісі тіркеліп, онда 5 адам қаза тапқан еді. Оның ішінде үшеуі бала. Жазатайым жағдайлардың көбі балаларды шомылу кезінде ересектердің қарауынсыз қалдыру, жүзу кезінде өз күшін бағаламау, суға түсуге арналмаған жерлерде шомылу және балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан туындап отыр.
Бір қуанары, Тараз қаласының аумағында жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстардың арқасында қайғылы оқиғалардың саны төмендеген. Айталық, 2021-2022 жылдың шомылу маусымында қала аумағында су айдындарында жазатайым оқиға тіркелмеген болса, өкінішке қарай, өткен жылдың 31 шілдесінде Талас өзенінің «Т.И. Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» мекемесі аумағынан өтетін бөлігінде 2 жазатайым оқиға тіркелген екен.
Жаздағы шомылу маусымының басталуына да санаулы күндер қалғаны бәрімізге мәлім. Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ербол Әміровтің айтуынша, осыған байланысты алдағы шомылу маусымына дайындық жұмыстары жүйелі жүріп жатыр екен.
– 2023 жылы 1 маусым мен 31 тамыз аралығында ересектер мен жасөспірімдердің судағы қауіпсіздігіне арналған бірқатар іс-шара өткізілді. Атап айтқанда, Тараз қаласы аумағында 102 рейдтік жұмыс жүргізіліп, 2 500-ге жуық жадынама таратылды. Ал биылғы шомылу маусымы кезінде Талас өзенінің жағасына ескерту жазылған билбордтар орнату, көпбалалы және жағдайы төмен отбасылардың балаларына жекеменшік бассейндерге кіруге жеңілдік беру, күнделікті рейдтік шараларды құтқарушылармен бірге кезекшілікке жергілікті полиция және білім бөлімінің қызметкерлерін қосып өткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар «Жеңіс» саябағында орналасқан жүзу құралдарын жалға беру орындары ескерту тақтайшалармен, медициналық пунктпен жабдықталады, – дейді басқарма бастығы.
Тараз қаласы аумағында гидрографиялық тұрғыда 10-нан аса су айдыны бар. Оның ішінде ең ірілері – Талас, Аса өзендері және «Шөлдала» алқабындағы каналдар. Бұдан бөлек, шаһарда шомылуға қауіпті аймақтар да бар. Атап айтсақ, «Тектұрмас», «Қант зауыты», «Автовокзал», «Шөлдала» мен «Қарасай» аумағында суға түсуге тыйым салынған.
Сонымен қатар басқарма басшысы жазғы демалыс кезіне сәйкес келетін шомылу маусымында кәмелетке толмағандарға қатысты оқыс оқиғаларды болдырмау үшін құзырлы мекемелермен рейдтік шараларды қосып өткізу керек деп санайды.
– Оқу жылы аяқталғанға дейін оқушыларды шомылуға үйрету мақсатында мектептерде каркасты бассейндер орнату мәселесін қарастыру және Тараз қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімімен бірлесе отырып, көпбалалы отбасылар мен жағдайы төмен отбасылардың балаларына жекеменшік бассейндерде жеңілдік беру бойынша мәселелерді талқылау жүруде. Себебі жазғы маусымда су айдындарында демалушылардың 90 пайызы жасөспірімдер мен оқушылар болатыны белгілі. Биыл күнделікті рейдтік іс-шараны құтқарушылармен бірге кезекшілікке жергілікті полиция және білім бөлімінің қызметкерлерін қосып өткізуді ұсынамыз, – дейді Е.Әміров.
Бүгінде құзырлы орындардың әр күні жүргізіп жатқан рейдтік шаралары оң нәтижесін беруде. Айталық, ағымдағы жылдың 16 мамырында Қуаныш есімді жас жігіт Айша бибі көшесінде өз ісімен жүрді. Кенеттен көшенің қарама-қарсы жағынан айқай естілді. Дауыс металл қоршаумен қоршалған дренаждық каналдың бүйірінен жеткен. Көмек сұраған айқайды естіген Қуаныш ойланбастан бірден жол бойындағы қоршаулардан өтіп, көмек сұраған 5 жасар қыздың қасына барады. Кішкентай бала абайсызда арнаға құлап, шыға алмапты. Кішкентай балақайды көрген Қуаныш ойланбастан суға секіріп, баланы жағаға алып шыққан. Абырой болғанда «Боран-3» автоэкипажы өзіне бекітілген аумақты патрульдеп жүрген екен. Сол сәтте рация бойынша кезекшіден шұғыл шақырту түсіп, Айша бибі көшесінің бойында мектеп жанындағы ағып жатқан каналға 2 жасар бала құлап кеткені туралы ақпарат жеткен. Полиция бірнеше минут ішінде шақырту орнына келген. Жедел медициналық көмек бригадасы келгенше полиция қызметкері 10 минут бойы жүрек-өкпе реанимациясын жүргізген. Аллаға шүкір, періштесі қаққан сәби дін-аман.
– Балақайдың өз бетінше дем ала алмай жатқанына қарамастан, мен алғашқы медициналық көмек көрсетуді тоқтатпадым. Бізге үйреткендей, тоқтаусыз жүрекке массаж жасадым. Көрер жарығы бар екен, өкпеден су шықты. Бүлдіршін дем ала бастады, – дейді Тараз қаласының полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының инспекторы Дәурен Қолқаев.
Ержүректігі мен батылдығы, төтенше жағдайда уақытылы көмек көрсеткені үшін Қуаныш Еркінбекұлына Жамбыл облысының төтенше жағдайлар департаменті бастығының атынан Алғыс хат табысталып, бағалы сыйлық берілген.
Осыған байланысты Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының аға офицері, азаматтық қорғаныс капитаны Данияр Келіс қарапайым қауіпсіздік ережелерін әрқашан есте сақтау керек екенін ескертеді.
– Өкінішке қарай, Тараз қаласының тұрғындары қызметкерлердің ескертулеріне құлақ аса бермейді. Бұл көбінесе судағы төтенше жағдайларға әкеледі. Мұндай оқиғалардың басым көпшілігі суда ата-аналарының балаларды қараусыз қалдыруына, сондай-ақ олардың мас күйінде шомылуына байланысты болуда. Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері су жағасындағы демалыс қайғылы оқиғамен аяқталмауы үшін қауіпсіздік ережелерін есте сақтау қажеттігін еске салады. Ыстық ауа райында судағы қайғылы жағдайлардың жиі себептері – суық суға күрт кіру, мас күйінде жүзу және өз күштерін асыра бағалау. Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері облыс орталығының тұрғындары мен қонақтарына табиғатта демалу кезінде мұқият болуды, барлық сақтық шараларын сақтауды сұранады. Сақ болыңыз, балаларды қараусыз қалдырмаңыз! Өйткені қарапайым назар аудармау кейде қайғылы салдарға әкеледі. Төтенше жағдай туындаған жағдайда Бірыңғай құтқару қызметінің «112» телефонына хабарласыңыз, – дейді Данияр Жанатұлы.
Жауапты мамандардың айтуынша, «Lider.kz» волонтерлық қозғалысы, «Жастар рухы» және «AMANAT» жастар қозғалысымен бірлесе өтетін қала аумағындағы шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған су айдындарында адамдардың қауіпсіздік шараларын сақтау жөніндегі үгіт-насихат және профилактикалық жұмыстарына 25 волонтер қосылған. Сонымен қатар қала аумағында халықты хабардар ету мақсатында маңызды көшелерге арнайы билбордтар орнату үшін тиісті хат жолданған. ҚР Ішкі істер министрлігінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы №34 бұйрығымен бекітілген «Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері» талаптарына орай, жабдықтау жұмыстарын жүргізу туралы» бұйрығына сәйкес, мекеме басшыларына су айдындарында ескертпе тақтайшалар орнату мен жүзу құралдарын жалға беру орындарында құтқарушы жилеттермен жабдықтау бойынша сұраныс хаттар жолданған.
«Сақтансаң – сақтаймын» демекші, оқыс жағдайлардың алдын алу үшін қаланың су айдындарында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жоспарлы алдын алу жұмыстарына қарамастан, шомылу маусымы кезеңінде қауіпсіздік ережелері мен қарапайым шараларын сақтамау себебінен суда адамдардың қаза болуы жалғасуда. Жалпы судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамаған азаматтар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364, 412 және 440-баптары бойынша жауапкершілікке тартылады. Сондықтан да тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырамыз!

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.