Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Шойын жолда шыңдалған Болат

0 287

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек», – деп атап өткен еді.

Сондай-ақ өткен жылы Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді», – деп атап көрсеткен Мемлекет басшысы ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға міндетті екеніне ерекше тоқталған болатын.
«Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы», – деді Президент кезекті Жолауында.
Расында, маңдай терін төгіп, адал еңбегімен ел еңсесін көтеріп жүрген жандардың еңбегі қашанда ұлықталуға лайық. Солардың қатарында теміржолшылардың орны айрықша. Өйткені теміржол саласы – ел экономикасының күретамыры, халықты бір-бірімен жалғап, өңірлерді байланыстыратын аса маңызды сала.
Күннің аптап ыстығы мен қақаған аязына қарамай, таң атысынан күн батқанша қажырлы қызмет атқарып жүрген теміржолшылардың еңбегі ерен. Олар пойыз қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, уақытпен санаспай жолаушылардың діттеген жеріне аман-есен жетуіне жағдай жасайды. Әрбір вагонды жөндеуден өткізу, рельстерді қалыпқа келтіру, қозғалысты үздіксіз қадағалау – бәрі де үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Бұл қатарда «Қазақстан теміржолы» филиалы, Тараз станциясында аға жүк және багаждарды қабылдап-тапсырушысы Болат Искаковта бар.
Дана халқымыз «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп бекер айтпаған. Осы бір ұлағатты сөз өмірін теміржолмен өрген Болат Сейдахметұлына арналып айтылғандай. Өйткені 1972 жылдың 26 желтоқсанында Т.Рысқұлов ауданына қарасты Луговой станциясында дүниеге келген Болаттың әулетінің тыныс-тіршілігі теміржолмен тығыз байланысты болды. Ардақты әкесі – Сейдахмет Искаков 1979-1983 жылдары Үшбұлақ станциясында станция кезекшісі болып еңбек етті. Кейін 1983-1994 жылдары пойыз тізгінін ұстаған машинист атанып, ал 1994 жылдан 2011 жылға дейін пойыз құрастырушы болып адал қызмет қылды. Ал аяулы анасы – Базаркүл Таңсықбайқызы да темір жол саласынан өз орнын тапқан жан. 1949 жылы дүниеге келген ол 1977 жылдан 1999 жылға дейін ОРСНОД-2 мекемесіне қарасты дүкенде қарапайым сатушы болған екен.
Осылайша балалық шағы теміржолдың бойында өткен жас өреннің жүрегінде: «Әкемнің ізін басып, теміржолшы атансам, отарбаның тізгінін ұстасам» деген бір ғана арман тұрды. Арман алдамайды екен, сол балауса ой Болатты болат жолмен байланысты үлкен өмірге жетеледі.
1980-1990 жылдары Т.Рысқұлов атындағы №33 орта мектепті үздік нәтижемен тәмамдаған ол, араға көп уақыт салмай, отан алдындағы парызын абыроймен атқаруға Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласына аттанады.
Әскерден оралған жас жігіт туған жеріне табан тіреп, 1992 жылы «Қазақстан темір жолы» құрамындағы «Луговой» станциясында пойыз қабылдаушы қызметінен еңбек жолын бастады. Іскерлігі мен жауапкершілігінің арқасында көп ұзамай Жамбыл станциясына ауысып, осында қызметін жалғастырып еңбекпен қатар білімді де серік еткен ол 2002-2008 жылдары Қырғызстан астанасы Бішкектегі КГУСТА университетінде сырттай оқып, «Тасымалды ұйымдастыру және көліктегі қозғалысты басқару» мамандығын меңгеріп шыққан жас маман 2011 жылы Талас станциясында пойыз құрастырушы болса, 2018 жылдан бері «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы – Тараз станциясында аға жүк және багаждарды қабылдап-тапсырушы қызметін абыроймен атқарып келеді.
– Тараз станциясында аға жүк және багаждарды қабылдап-тапсырушы болып жұмыс істеп жүргеніме аттай желіп 7 жыл өте шығыпты. Бұл қызметті сырттай қарағанда қарапайым көрінгенімен, жауапкершілігі орасан. Әрбір тапсырылған жүк – біреудің еңбегі, біреудің аманаты. Сондықтан біз үшін әр сәлемдеменің, әр багаждың уақтылы әрі аман-есен жеткізілуі – ең басты міндет.
Кейде түннің бір уағына дейін жұмыс істейміз. Жолаушылардың ағыны үзілмейді, жүктер де толассыз. Бірақ соған қарамастан, шаршауды ұмыттыратын бір сезім бар – ол халыққа қызмет етіп, адамдардың сенімін ақтап жүргенімнің қуанышы. Мен үшін бұл тек жұмыс емес, өмір мектебі. Тәртіпке, төзімге, жауапкершілікке баулыған орта. Әкем айтушы еді, «Адал еңбек еткен адам ешқашан ұтылмайды» деп. Сол сөзді өмірлік ұстанымым еттім. Халықтың аманатын адал атқару – менің теміржолдағы басты парызым, – дейді Болат Сейдахметұлы.
Міне, осындай табанды еңбегінің арқасында кейіпкеріміз талай мәрте марапат биігінен көрініп, кеудесіне құрмет медальдары тағылды. Шын мәнінде, болат жолдың бойында шыныққан Болаттың өмір жолы – Қазақстан теміржолының шежіресінде алтын әріппен жазылары сөзсіз.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.