Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Шоқ тілді Шона»

0 518

Талас ауданының орталығы Қаратау қаласында Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай ұйымдастырылған «Шоқ тілді Шона» атты облыстық әзіл-сықақ байқауы өз мәресіне жетті.

Шона Смаханұлы туралы айтқанда, есімізге қызыл сөздің шебері, киелі ана тіліміздің жанашыры, сатираның сарбазы, Таластың тарлан мінез тау тұлғасы есімізге түседі. Сонау 70-жылдардың аяғы 80-жылдардың басында Алматыда қазақ мектептері жоққа тән екендігін байқап, дабыл қаққан, тек дабыл қағып қана қоймай, өзі тікелей осы істі қолға алған азамат.
Сынағанын сынадай қағатын Шона Смаханұлы сықақшы ғана емес, 120 әнге төгілтіп өлең жазған өрісі кең, өрелі ақын. Әсіресе композитор Әбиірбек Тінәлиев шығарған «Анамның тілі – аяулы үні» атты әннің шоқтығы биік. Өлең мазмұнындағы ана тіліне деген іңкәрлік сезім бар жаныңды баурап алатыны анық. Әуені әлі күнге дейін құлағымыздың түбінде тұрғандай. Әуезділігі өз алдына, шоқтығы биік тұлға Шона Смаханұлының жүрегінен ақ бұлақтай ағып шыққан ән мәтіні ерекше.
Киелі Талас топырағында дүниеге келіп, артынан осындай өшпес мол мұра қалдырған жерлесіміздің шығармашылығы туралы қанша айтып, насихаттасақ та жарасымды. Ол кісінің әрбір сөзі, ұлттық тәрбиесі кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге болып қалары сөзсіз.
Қаратауда Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай ұйымдастырылған «Шоқ тілді Шона» атты облыстық әзіл-сықақ байқауында таластықтар жеңімпаз атанса, екінші орынды Т.Рысқұлов ауданының өнерпаздары иеленді, ал үздік үштікті мойынқұмдықтар түйіндеді. Сондай-ақ «Көрермен көзайымы» номинациясы Жамбыл ауданына бұйырды. Барлық жеңімпаз жүлдегерлер ақшалай сыйақымен марапатталды. Сонымен қатар барлық қатысқан халық театрлары да ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Айта кетейік, жеңіс тұғырынан көрінген өнер ұжымдары республикалық бәсекеде бақ сынамақ.

Гүлдана Жұмаділ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Конвергенттік журналистика» білім беру бағдарламасның 3-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.