Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шоқан Уәлихановтың Әулиеатаға сапары

0 484

(Жалғасы. Басы өткен санда)

Шоқан сол жерде Әулиеата шаһарының комендантына полковник М.Черняевтің атынан хат жолдап, қаланы қиратпай, соғыссыз, қақтығыссыз, қантөгіссіз, бейбіт түрде орыстарға берілуін талап етті. Ол хат сол күні кешке қала бастығы Нияз Әли датқаға жергілікті қазақ елші арқылы жіберілді. Көп уақыт күттірмей, яғни маусымның 3-ші күні таңертең хатқа жауап келді. Онда Нияз Әли датқа асықпай ойланып, дұрыс шешім қабылдауға екі жұма яки 14 күн мұрша берулерін өтініпті. Оның ойынша, осы уақыттың ішінде Ташкенттен оны қолдайтын, қорғайтын қоқандық сарбаздар келіп жетеді деп жобалаған болатын-ды. Әрине, полковник М.Черняевтің қол астындағы жасақтың офицерлері мен солдаттары, қала басшысы Нияз Әли датқа, Қоқан мемлекетінің жетекшілері де қарапайым халықты қырғынға ұшырататын қантөгісті қолдамады, барлығы бейбіт жағдайда шешілу керек деген ойда болды. Талап бейбіт жағдайда шешілуі үшін Шоқан да бар мүмкіншілігін жұмсады, өзі парламентерлар құрамында Әулиеата қамалына қақпадан еніп, қала бегімен бетпе-бет әңгімелесіп, оқ-дәрісі мен қару-жарағы шектеулі жергілікті халықты қырғынға ұшыратпауы үшін соғыссыз қаланы орыс әскери жасағына беруді жөн санады. Бірақ қала басшысы оған келісім бермей, қасарысып, шиеленіс ширығып, уақыт өткен сайын күрделене берді.
Маусымның 4-і күні, түн бойы сіркіреп жауған майда ақ жауынға қарамай, таңертеңгі сағат 6-да М.Черняевтің отряды буырқана аққан тентек Талас өзенінен өтіп, Әулиеата қамалын шабуыл астына алды. Ауыр зеңбірек пен мылтық-винтовкалармен қаруланған әскерге қарсы тұру Әулиеата қорғаушылары үшін жеңіл жұмыс емес еді. Бораған оқ астында қалған Әулиеата қамалының тұрғындары қолдарынан келгенше озбыр орыс әскерлеріне қарсы тұра білді. Бірақ қарсы келер қауқар, күресіп-айқасар күш тең емес еді. Шамалы сағатта Әулиеата қамалы өрт-жалынға оранып, сансыз үйлер қирап, жүздеген адам оққа ұшты. Қала тұрғындары арасында үрей мен қорқыныш орын алды. Нияз Әли датқа өзінің 400-ден астам атты сарбазымен қамалдың теріс жағындағы қақпа арқылы сытылып шығып, ел-жұртын тастап, бас сауғалап қашып кетуге мәжбүр болды. Қаруы жоқ біраз сарбаз қала тұрғындарына араласып, жоқ болып кетті. Орыс әскерлері жергілікті тұрғындарды аяусыз жаншып-таптап, Әулиеата қамалын қантөгіс соғыспен басып кірді. Бізге жеткен мәліметтер бойынша, сол күні қамалдағы 307 адам оққа ұшып, 390 адам әртүрлі жарақат алып, 341 сарбаз тұтқынға алыныпты. Ал орыс солдаттарынан бар болғаны 5 адам жарақат алған.
Оққа ұшып, қанға бөккен қарапайым халықты, аяусыз қиратылған қаланы, шаңырағы ортасына түскен үйлерді, ботадай боздаған әйелдерді, қасіретке душар болған қауқарсыз қарттар мен жас балалардың көз жасын, от-жалынға шарпылып, күйген бесікте ащы түтінге тұншығып шырылдаған сәбилерді көрген Шоқанның жүрегі езіліп, жаны қысылып, жүзі түтігіп, өзінің мына шексіз жүгенсіздікке, озбырлыққа қарсы екенін М.Черняевқа ашық айтып, бұдан былай мұндай сорақы жорықтан мүлдем бас тартатынын білдіріп рапорт жазып, өз еркімен әскер қатарынан кетеді.
Шоқанның әскерден кетуіне басты себеп осы болғаны жайлы оның сыныптас, сырлас жақын досы, орыс зерттеуші-ғалымы, атақты жиһанкез Г.Н.Потанин өзінің естеліктерінде жасырмай ашық жазады. Ол пікір шындыққа жанасады. Мысалы, ол туралы белгілі қоғам қайраткері, ақын ағамыз Кәкімбек Салықов былай деп баяндайды: «1864 жылы көптен көрмеген ең жақсы досы Г.П.Потанинмен кездескенде баяғыдай құшақтасып сүйіспей: «Ғафу ет, мен бүлініп бара жатырмын», – деп жай ғана қол алысыпты. Шоқанның өкпе ауруы асқынған екен деп Потанин ойласа, Шоқан ақырын ғана: «Суық тиіп, ұшық шықты», – депті. Сонда Г.Н.Потанин: «Байқап сөйлесейші, адамды шошытпай. Әлбетте билік бүлінеді не билікке қарсы халық бүлінеді», – деп бұрқ етсе, Шоқан: «Менде екеуі де бар», – деп шартпа-шұрт жауап беріпті. Аз ғана әзілде қаншама зор мағына жатыр, біздің билік те бүлінген, халық та іштей наразы, бүліне бастады, демек, ойды реті келгенде аз ғана әзілге сыйғызған» («Қазақ әдебиеті», 20.08.2010).
Әулиеата шаһарын жаулап алғаннан кейін М.Черняев маусымның 7-сі күні өз әскерінің шамалы тобын Верныйға кері қайтарады. Олардың арасында отставкаға шыққан жас офицер Шоқан да бар еді. Ш.Уәлихановтың сол «Түркістан жорығы» кезінде атқарған қызметін ерекше бағалаған М.Черняев оған ротмистр әскери атағын беріп, құрметтеп шығарып салды. Ал өзі сол әскери сапарын сәтті аяқтағаны үшін Ресей патшасының үкімімен генерал-майор шеніне ілікті. Ал Шоқан еңбегі ұмыт қалды.
Жалпы Шоқанды «шоқынған» деушілер оның Ресейге қызмет еткенін, барлаушылық жұмыста болғанын айтады деп ойлаймын. Бірақ бәрібір ол ең бірінші кезекке ұлтының мүддесін қойған. Сол себепті Шоқан ақырында Черняев жасағынан да кетеді. Әскери адам ретінде бұл әрекеті үшін ол негізі сотталуы керек болатын. Бірақ бұрынғы еңбектері ескерілгендіктен болар, соңына түсіп, қудалаған ешкім болмайды.
Күздің бірінші айының 22-сі күні М.Черняевтің әскери отряды Шымкент қаласын басып кірді, ал полковник Веревкин басқарған топ Түркістан қаласына енді. Сөйтіп, 1864 жылдың күзінде генерал-майор М.Черняевтің әскери жасағы Қазақстанның оңтүстік аймағын Ресейге қосу операциясын ойдағыдай аяқтады.
Сол уақыттан бастап Әулиеата (қазіргі Тараз) шаһары Түркістан генерал-губернаторлығының Сырдария облысының құрамына кірді.
1864 жылғы «Түркістан жорығы», оның Әулиеатаға сапары бүгіндері қазақтың мақтанышына айналған, құйрықты жұлдыздай көкте ағып өткен дарынды ғалым Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың өміріндегі соңғы әскери жорығы әрі зерттеу сапары болды.
Верный қаласына оралған Шоқан одан әрі әскери қызметтен мүлдем бас тартып, денсаулығының нашарлай бастағанын сылтау етіп, болашақтағы қатерді сезіп, ауасы таза, жері шұрайлы, суы шипалы, жер жәннаты Жетісу өңірінің сол кездегі беделді азаматы Тезек Нұралыұлы сұлтанның ауылына қоныс аударады. Осы жерде ол Тезек төренің қарындасы Айсарыға үйленеді. Бірақ ауыр өкпе ауруынан (туберкулезден) айыға алмаған Шоқанның денсаулығы бірте-бірте нашарлап, ол сол дертінің асқынуынан 1865 жылы сәуір айының 4-інде (базбір мәліметтерде 10 сәуірде) Алтынемел өңіріндегі Көшентоған мекенінде (қазіргі Алматы облысының Кербұлақ ауданындағы Алтынемелге таяу елді мекен) 30 жасында көз жұмады да, сол жерге жерленеді. Сөйтіп, Алаштың ұлы ғалымы мәңгілік тыныштықты Жетісу жерінен тапты.
Ғалымның зиратының басына Түркістан генерал-губернаторы К.П.Кауфманның тапсыруымен мрамор тастан биік ескерткіш орнатылды. Онда: «Бұл араға 1865 жылы қайтыс болған штабс-ротмистр Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов жерленген. Түркістан ген.-губернаторы К.П.Кауфман І-нің тілегі бойынша Уәлихановтың ғылымға сіңірген еңбегі үшін осы ескерткішті 1881 жылы ген.-лейтенант Колпаковский қойған», – деп жазылған.
Тағдырдың тәлкегіне түскен қазақтың ғұлама ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов – аз ғана ғұмырында этнография және географиямен, тарих пен фольклорлық зерттеулермен, суретшілік өнерімен айналысып, аса құнды академиялық еңбектер жазып, артына мол ғылыми мұра қалдырған дарынды Алаш азаматы. Қазақ ғалымның еңбектері ХІХ ғасырдың әр жылдарында Ресейдің ғылыми журналдары мен жинақтарында, 1862 жылы Германияда, 1865 жылы Англияда жарық көрген. Оның өмірі мен артында қалдырған бағалы еңбектері соңғы кезге дейін зерттелуде. Шоқанның ғылыми еңбектері мен жолжазбалары жинақталып, сараланып, Қазақ ғылым академиясының қолдауымен 1983-1985 жылдары 5 томдық кітап болып ғалымның 150 жылдығына Алматыдағы баспадан шықты. Ұлы ғалымның өмірі мен еңбектерін зерттеп, жинауға қазақтың белгілі ғалым-этнографы Әлкей Марғұлан көп еңбек сіңірді. Сол азаматтың қолдауымен жоғарыда келтірілген Шоқанның еңбектері ғылыми жүйеге келтіріліп, еңбектері көптомдық болып жарық көрді. Әлі де ғалымның біраз еңбектері түбегейлі зерттеуді күтіп, көпшілікке жетпей отырғанын айта кеткеніміз жөн. Уақыт келе олар да зерттеліп, сарапталынып, көпшілікпен қауышар деген ойдамыз.
Шоқан есімі еліміздің Тарих және этнография ғылыми-зерттеу институтына берілген. Алматыдағы Ұлттық академия үйінің алдында оның сұлу мүсін-ескерткіші ерекше көз тартады. Көкшетаудағы мемлекеттік университеті Шоқан Уәлихановтың есімімен аталады. Еліміздегі көптеген қала көшелері Ш.Уәлихановтың атымен аталып, қазақ шаңырағында өскен жүздеген қара домалақ жас сәбилерге Шоқан есімі берілген. Сол есімді ардақтап, бұл күндері халықтың ойынан шығып, ел намысын қорғап, қазақтың атын шығарып жүрген Алаштың талай тарлан, нарқасқа Шоқан атты азаматтарының барына шүкіршілік етеміз. «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» деген қазақтың дана сөзі осындайдан шықса керек. Заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматов Шоқан Уәлиханов туралы тебірене келіп: «Мына жалғанда бар-жоғы отыз жылға жетер-жетпес өмір сүріп, шығыстану ғылымында қопара еңбек еткен мұндай тұлғаның дүниеде болғанына тіпті сенбейтін тәріздімін…», – депті. Иә, расында да, таңданбасқа болмайды, Шоқан аз ғұмырында артына өшпес мұра қалдырды. Оның жазбаларындағы Ұлы даланы мекендеген қазақ халқының әдет-ғұрып, тыныс-тіршілігі жайлы жазылған дүниелері – алтынға бергісіз баға жетпес құнды, сүбелі, шоқтығы биік еңбектер. Бір ғана «Шамандықтың қалдықтары» еңбегінің өзінен көп нәрсені көңілге түйесің. Түркілердің батырлық эпостарын (мысалы, қырғыздың «Манасын», қазақтың «Едігесін» алыңыз) да алғаш әлемге танытқан Шоқан болатын. Сондықтан ғалымның қаламынан шыққан еңбектерінің тарихи құндылығына, сірә, ешкім дау айта алмас.
1904 жылы Ресейдің география қауымдастығы Шоқан Уәлихановтың жеке кітабын басып шығарды, оның алғы сөзін жазған академик Н.И.Веселовский былай деп толғанады: «Как блестящий метеор, промелькнул над нивой востоковедения потомок казахских ханов и в то же время офицер русской армии Чокан Чингизович Валиханов. Русские ориенталисты единогласно признали в лице его феноменальное явление и ожидали от него великих и важных откровений о судьбе тюркских народов, но преждевременная кончина Чокана лишила нас этих надежд…».
Шоқан мұрасы әлі толық зерттеліп бітпегендігін біз жоғарыда атап өттік. Жалпы оның қазақ халқының тарихын, діни наным-сенімдерін, этнографиясын, хандары мен батырларын, өлең жырларын, аңыз әңгімелерін, шежіре мен ауыз әдебиетін жазған ғылыми еңбектері қазіргі тарихшылар мен әдебиетшілерге әлі де үлгі.
Реті келгесін, соңғы кезде Шоқан төңірегінде жүрген мына бір келеңсіз қашпа, қаңқу әңгімені де көпшілікке жеткізгеніміз жөн болар. Кейбір бүгінгі «жаңа тарихшыларымыз» ғалым Ш.Уәлихановтың халқымыздың алдындағы еңбегін жоққа шығарып, ел арасына «Ол орыстардың жансызы болған, Ресей империясына қызмет еткен, яғни ол – ұлтымыздың сатқыны. Сондықтан оны тым мадақтаудың, асыра дәріптеудің орны жоқ» деген теріс пікірді, яғни бүйректен сирақ шығарып жүргендері қынжылтады. Қазақ ұлтының бетке ұстар белгілі азаматын неге ханталапайға салып, онымен мақтанудың орнына қаралап, даттауға, тіпті қара суды теріс ағызуға дайын тұратын «тарихшы-саясаткерлердің» іс-әрекеттері кімге керек?!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.