Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Шипа іздегендерге шуағын шашқан Перизат

0 128

Мамандық таңдауда қателеспеген және білімі мен білігін елге қызмет етуге арнаған адам әрқашан өзінің жүрек қалауымен келген саланың құзар шыңына шығып, халықтың алғысына бөленері сөзсіз. Әсіресе, дертке дауа, емге шипа табатын ақ халатты абзал жандардың орны бөлек. Біздің ең қымбат байлығымыз – өміріміз де осы сала қызметкерлерінің кәсібиліктеріне тікелей байланысты. Олардың көмегімен ауруымыздан айығып, келешекке үмітпен қараймыз.

Бүгінде алдына барған әр науқасқа ерекше мейіріммен қарап, жылы сөзімен көңіліңді көтеріп, өмірге деген құлшынысыңды арттыратын білікті дәрігерлер арамызда аз емес. Солардың қатарында №5 қалалық емхана бас дәрігерінің медицина бөлімі жөніндегі орынбасары Перизат Маханованың шоқтығы биік. Аталған емханаға жолыңыз түсіп бара қалсаңыз, жүзінен шуақ төгілген Перизат Құттыбайқызының ем алушыларға асқан ыждағаттылықпен хал-жағдайын біліп, ақыл-кеңесін айтып жатқанын көресіз. Білікті дәрігерге керек қасиеттің бірі осы емес пе?! Көзінде күн күлімдеген абзал жанның алдына келген әрбір адамды баурап алатын ерекшелігі де осында.

Халқымызда «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген жақсы сөз бар. Денсаулықтың қадірін ауырған кезде ғана білетініміз жасырын емес. Сол кезде бірінші кезекте міндетті түрде дәрігерге жүгінеміз. Дәрігердің тексерістен бөлек жылы қабақ танытып, жылы сөйлегенінің өзі адамға күш-қуат береді. Сондықтан «Адам өмірінің арашашысы», «Ақ халатты абзал жандар» деген атаулардың дәрігерлерге тегін берілмегеніне осы кезде көз жеткізесіз. Перизат Құттыбайқызының да осы айшықты атауларға әбден лайық екенін нық сеніммен айта аламын. Өйткені, қарапайымдылық пен кішіпейілділік секілді асыл қасиеттер оның бір бойынан табылады. Барлық науқаспен тікелей қарым-қатынас орнатып, қажетті кеңестерді бөлісуден ешқашан жалыққан емес.

Перизат Маханова «емханаға қаралушы әрбір пациент сапалы, қолжетімді, өзіне қажет және тиісті медициналық көмек пен қызметті жоғары деңгейде алуы керек» деген қағиданы берік ұстанып келеді. Оның білгір дәрігер ғана емес, білікті басшы ретінде ең әуелі жұмыскерлердің тәртібі мен әдептілігіне назар аударып, әсіресе тұрғындарға деген сыпайылық пен адамгершілікті сақтауды қызметкерлерден қатаң талап ететінін, өз міндеттеріне аса зор жауапкершілікпен қарайтынын өзге ем алушылар да, әріптестері де бір ауыздан растайды. Осының өзі – оның өз ісінің нағыз шебері екенінің жарқын дәлелі.

Адам баласы жер бетіне пайда болғаннан бастап аурудан алыс болмаған. Науқастанған адамның ем алуы үшін дәрігерге жүгінуі жылдар бойы бұзылмай келе жатқан құбылыс. Адамдардың сырқаттануы мен дәрігерлерге деген мұқтаждығының тарихи төркіні тереңде. Тіпті ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) өзі аурудың алдын алуға аса мән беріп қана қоймай, амалын көрсетіп, дәрігерлерге ерекше құрмет көрсеткен екен. Қазір де жер бетінде дәрігерліктен абыройлы мамандық жоқ деуге болады. Бірақ оған артылар жауапкершілік жүгі де соншалықты ауыр. Сондықтан кез келген адам ақ халат киіп, ант қабылдап, адам жанын ажалдан арашалай алмайды. Ал науқастың тәніне ем беріп қана қоймай, жанына да жылы сөзімен дем беретін Перизат Құттыбайқызы дәрігер болуға жаралған жан. Осы ретте білікті маманға шынайы ризашылығымды білдіре отырып, төл мерекесі – Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Деніне саулық, шаңырағына шаттық, еңбегіне жеміс тілеймін! Арқалағаны алғыс, көргені құрмет осындай алтын қолды дәрігерлеріміз барда медицина саласының көкжиегі одан әрі кеңейіп, биік белестерді бағындырарына сенімім кәміл.

 Батырхан Қарабаев,

№5 қалалық емхананың ем алушысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.