Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шетелде діни білім алу үшін ресми жолдама қажет

0 296

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген уақытта біздің алдымызда білікті кадрлар мен озық үлгідегі түрлі сала мамандарын даярлау мәселесі тұрды. Мұның ішінде дін саласы да бар. Қазір әлемнің кез келген жерінде білім алып жүрген қазақстандықтарды кездестіруге болады. Дегенмен шетелде білім алуға ниетті жастарды назарда ұстау аса маңызды болып тұр.

2001 жылға дейін елімізде дінтану мамандығы бойынша жүйелі оқыту моделі болмағандықтан, елімізден діни білім алуға көптеген азаматтар шетел асқаны мәлім. Ол кезде Сауд Арабиясының білім беру мүмкіндігі мен студенттерге жасалатын жағдайы бізден көш ілгері еді. Сауд Арабиясы Корольдігі бізден барған азаматтарға білімді ғана емес, жатын орны мен үйіне барып қайтуының билетіне дейін тегін берді. Тіпті жылына бір рет қажылыққа тегін баруларына да жағдай жасады. Әрине, ол кезде Қазақстандағы діни білім беру ошақтары Сауд Арабиясымен бәсекелестікке түсе алмайтын. Жастарымыз Арабияның ұсынған осындай мүмкіндігін пайдаланып, сол елге діни білім алуға аттанды. Өкінішке қарай, болашақ «діндарлар» өздері білім алған елдің діни ағымының жетегіне түсіп, ғаламтор арқылы елімізге жат ағымның уағыздарын айтып, өздерінің қатарына кіруге шақыруды белсенді жүргізді. Сауд Арабиясы елінде оқып жүріп, алғашында-ақ дәстүрлі емес салафи ағымына бет бұрған. Сол арқылы басқа тұлғалардың дәстүрлі емес салафи ағымына бет бұруына өз септігін тигізген.
Қазіргі таңда ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы рұқсатынсыз бірде- бір студент Сауд Арабиясының діни оқу орындарына түсе алмайды. Себебі соңғы уақытта өзге елде дін саласында білім алып жүрген кейбір жастардың түрлі келеңсіз жағдайларға ұшырап жүргендігінен қоғам хабардар. Білім іздеп кеткен кей жастардың темір торға қамалып, тіпті кейбірінің жат ағымның жетегінде кетіп жатқанына да мысалдар жеткілікті. Өйткені шетелдегі жастардың түрлі саяси-діни ұйымдармен байланыс жасауына, түрлі идеологиялық үрдістерге бой алдыруына шектеулер назардан тыс қалуда.
Қазірде Түркия, Мысыр, Пәкістан және өзге де мемлекеттерден жастарымыз діни білім алып келуде. Сондықтан шетелге діни білім алуға кеткен әрбір азамат потенциалды қауіптің көзіне айналып үлгерді. Өзге елге дін үйренемін деп кетіп, сол елдің тұрғылықты діни танымын, діни тәжірибесін, діни санасын өзімен қоса алып келіп жатады. Қазақтың рухани дүниетанымы негізінде қалыптаспаған қабаттар адамның діни санасы діни фанатизмге әкеліп соқтырады.
Бұл мәселені шешудің жолдары жоқ емес. Шешудің тетіктерін, әдістері мен шарттарын салыстырмалы зерттеуді қолға алып, өз бетімен діни білім алуды шектеу керек. Егер бұл шектеу жүзеге аспаған жағдайда, оның алған дипломын да жарамсыз деп тауып, ол студентті өз еліміздің университеттерінде арнайы екі жылдық бағдарлама негізінде қайта оқыту керек. Ал алғашқы бакалаврлық діни білімді өз елінде, демек, Қазақстанда жалпы білім беру стандарттарына сәйкес тәмамдап, ары қарай шетелде магистратура, докторантура бағдарламалармен жалғасып жатса, онда тосқауылсыз құба-құп.
Сондай-ақ ҚР АжҚДМ Дін істері комитеті мен Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, діни білім алу үшін ұсынылатын шетелдік теологиялық жоғары оқу орындарының тізімін жасақтады. Яғни шетелде діни білім алғысы келетін азаматтар ҚМДБ жолдамасы арқылы аталған оқу орындарында білім ала алады. Егер құзырлы орган тарапынан рұқсат берілмесе, ешқандай шетелдегі діни оқу орнына түсе алмайды.
Қазіргі таңда жүйесіз діни оқуды шетелде алу керек деген қажеттілік негізсіз. Себебі елімізде медресе-колледждер, университеттер ашылып, осы бағытта жүйелі, сапалы білім беріп жатыр. «Дінтану», «теология», «исламтану» мамандықтары бойынша Алматы, Астана, Шымкент қалаларында жоғары оқу орындарында білім берілуде. Оқытушы-профессор құрамы да жеткілікті, біліктілігі де жоғары. Сондықтан еліміздегі діни оқу орында-ры шетелдегі діни оқу орындарынан кем емес.
Сонымен қатар биылғы жылдан бастап Тараз қаласында «Тарих-дінтану» қосарланған мамандығы ашылып, талапкерлерді қабылдауда. Бұл мамандықтың тиімділігі жалпы білім беретін мектептерде 9-сыныптарда өтілетін «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің оқыту жүйесіне, сапалығына өз үлесін қосады. Осы пәнді жүргізетін тарихшы мұғалімдердің орнын алмастырады.
Бүгінгі әлеуметтік жағдайда елімізде белгілі бір идеологиялық білім ретінде дінге деген қажеттілік бар. Сол себептен, Қазақстан қоғамының түрлі этностық, конфессиялық сипатын ескере отыра, соған қоса ұлттық діни мұраны сақтап қалатындай қазіргі зайырлы қоғамға, заман талабына сай дінтану пәнін оқыту, дінтанушы мамандар аса қажет және бұл тақырып қашанда өзекті болып қала бермек.

Б.АЛПЫСБАЕВ,
Жамбыл облысы әкімдігі
дін проблемаларын зерттеу орталығының инспекторы,
дінтанушы-магистр

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.