Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шешендік өнер шежіредей құнды

0 409

Халық ауыз әдебиеті, соның ішінде шешендік өнер – ұлтымыздың асыл мұрасы. Ата дәстүрді ұлықтап, келер ұрпаққа жеткізуді алдыңғы аға буын өзінің парызы деп біледі. Жамбыл облыстық билер кеңесінің отырысында кеңес мүшелері мен қоғам белсенділері өткен дәуірдегі аузы дуалы аңыз адамдардың өнерін қоғамға насихаттаудың маңызы туралы кеңінен айтты.

Сәндібек Піренов

Тәрбиелік мәні жоғары жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев ашып, баяндамашыларға кезекпен сөз беріп отырды. Ол өз сөзінде аға буын мен кейінгі жастардың арасындағы сабақтастық жайында айтып, шешендік өнерді дәріптеу ортақ міндет екенін атап өтті. Ал облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов ұлттық өнерді сонау Майқы биден бастап бүгінгі зайырлы қоғамдағы сөйлеу мәдениетіне дейінгі аралықты кезең-кезеңге бөліп баяндады. Сондай-ақ Оңласын Қарабайұлы технологиялар дамып, заман ілгерілеген сайын рухани байлық саналатын шешендік өнерді заман көшімен жандандырудың маңызына ерекше тоқталды. Осыдан кейін Руханият және тарихтану орталығының директоры, тарих ғылымдарының магистрі Сауран Қалиев «Халық ауыз әдебиетіндегі шешендік өнер» тақырыбында баяндама жасады.

– Шешендік өнерді алғаш ғылыми тұрғыда зерттеген – Шоқан Уәлиханов. Одан кейін Кеңес үкіметінің басшылығымен Ташкент қаласында Түркістан археология әуесқойларының үйірмесінің қызметкерлері зерттеді. 1895-1896 жылдары Әулиеатаға қырғыз, қазақтың тілін білетін Василий Бартольд деген түркітанушы ғалым ғылыми сапармен келген. Ол халық арасындағы шешендік өнерге ерекше ықыласпен қараған екен. Бөлтірік шешен туралы аңыз әңгімелер ел арасында тараған деген пікірді растап, қағаз бетіне түсірген алғашқылардың бірі сол зерттеуші еді. Осылайша шешендік өнерді зерттеушілер пайда бола бастады. Кеңес үкіметі қалыптаспай тұрып қазақ қоғамы көшпелі мәдениетті ұстанды. Сәйкесінше халық ауыз әдебиеті жақсы дамыды. Әрбір әулеттің шежіресі болса, сонымен бірге қабаттасып шешендік өнері жүрді. Аталмыш дәстүрлі құндылықты үш кезеңге бөліп қарастыруға болатындай. Яғни Кеңес үкіметіне дейін, Кеңес дәуірі тұсындағы және Тәуелсіздік жылдарындағы шешендік өнердің қалыптасуы. Келешекте халық ауыз әдебиетінің ішіндегі шешендік өнерге ерекше көңіл бөлініп, жоғары оқу орындарында пән ретінде енгізсе де артық болмас еді, – деді Сауран Қалиев.

Осыдан кейін сөз алған облыстық «Ғұмыр-дария» газетінің директор-бас редакторы Жаңабай Миллионов, Талас аудандық билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы, Жуалы аудандық билер кеңесінің мүшесі Аманжол Дүрәліұлы би-шешендер жайлы деректерді бүгінгі күнмен байланыстыра отырып баяндады.

Еліміздің әр аймағында Ардагерлер кеңесі болса, бүгінде соның жанынан Билер кеңесін құру мәселесі де өзекті болып отыр. Кеңестің негізгі бағыты – әлеуметтік мәселелерді, жанжал, талас-тартыстарды орайы келсе екіжақты бейбіт келісімге шақыру арқылы төрелігін айту. Бұл ұлттық дәстүрді жаңғырту жолындағы маңызды қадам деп түйдік. Әрине, Ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған билер алқасының мүшелері жастарға ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар көрсетуді де ұмыт қалдырмайды. Ендігі кезекте өңірдің барлық елді мекендерінде Билер кеңесі ашылып, мәселелер ертедегі үрдіспен шешіле берсе деген тілек бар.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.