Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында дау-дамайды шешудің тәсілдерін дамытуды тапсырған болатын. Ондағы мақсат – билер кеңесі арқылы кейбір дауларды сотқа дейін реттеп, татуласу рәсімдерін жан-жақты дамытуды жолға қою.
Алдағы уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты «Медиация туралы» заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. ҚР «Ардагерлер ұйымы» Жамбыл облыстық филиалының жанынан құрылып, бірнеше жылдан бері өнімді жұмыс істеп келе жатқан Билер кеңесі ақсақалдарының бұл туралы өзіндік ой-пікірлері жетерлік. Олар «Медиация туралы» Заңға билер кеңестері жайлы арнайы бап қосып, «Медиатор-би» деген атауды енгізуді ұсынады.
Елімізде «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төралқасының қаулысымен Ережесі бекітілген «Дәнекер» жобасы жүзеге асырылуда. Осы бағытта Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі мен кеңес жанындағы ақсақалдар алқасы атқарып отырған жұмыстар басқа өңірлерге үнемі үлгі болып келеді.
Медиацияны бітімгершілікке әкелетін жол деп білетін аймақ ардагерлері М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің бас ғимаратындағы мәжіліс залында «Шешендік өнер – асыл қазына» атты дөңгелек үстел отырысын өткізді. Аталған жиынға аймақ, аудан ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушы-ғалымдары, ұстаздар, білім мекемелері мен заң саласының қызметкерлері, студенттер қатысты.
Жалпы 2019 жылдан бері 7 алқа мәжілісін, 3 дөңгелек үстел, 22 семинар-кеңес ұйымдастырып, 209 қоғамдық қабылдау жасаған облыс- тық билер кеңесінің жұмысымен көзі қарақты аймақ жұртшылығы етене таныс. Кеңестің озық тәжірибесі алыс-жақын аймақтарға таратылып, мерзімді басылым беттерінде, БАҚ-та 107 мақала жарияланып, хабар түсіріліп, алты рет телеарналардан көрсетілген. Бұл жерде, әрине, аудандық, ауылдық билер кеңестерінің белсенділігі ең үлкен рөл атқаратынын айтпай кетуге болмайды. Мәселен, 2019 жылы 420 дау-дамайлық істер қаралып, оның 120-сы соттан тыс шешімін тапқан. 2020 жылы 490 дау- дамайлық істің 150-і соттан алынып қаралса, 2021 жылы қаралған 718 азаматтық істің 322-сі тараптардың татуласуымен тәмамдалған. 2022 жылдың бірінші жартысында «Отбасылық құқықтық істер» бойынша 212 іс қаралып, нәтижесінде 69 отбасы татуластырылды.
Мемлекетіміз бен қоғам дамуында азаматтардың жеке құқықтарының сақталуын қорғап, олардың өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ірілі-ұсақты, үлкенді-кішілі дау-дамайларды шешумен ғана айналыспайтын Билер кеңесі мүшелері өңір халқының тұрмыс сапасының жақсаруы үшін, сондай-ақ жас ұрпақтың кемел келешегі үшін жақсы күндерге уағыз айтып емес, өнеге көрсетумен жетуді мұрат етеді. Басты мақсат – зымыран уақытқа, зілмауыр заманға, қарбалас қоғамға, әрбір адамға тәлімді тірліктерімен, өрелі өнегесімен жан-жақты жағымды әсер ету.
Шешендік сөздің қадірін білу, халық арасында насихаттау әрбір зиялы адамның басты парызы деп ойлайтын Оңдасын Қарабайұлы өзінің облыстық билер кеңесінің төрағасы ретіндегі міндетіне аса жауапкершілікпен қарайтын жан. Заман талабы қанша нығайғанымен, ұлттық тіліміз, діліміз, дінімізді қарқынды дамытпайынша, қазақи рухымызды көтерудің оңай болмайтындығын сезінетін ол жиынға қатысушыларды ашық пікір алмасуға шақырды.
Тіл – адам қарым-қатынасының негізгі құралы болып табылатындықтан, әр қоғамның өзіне лайықты өмір сүру дағдысы қалыптасатыны сияқты, ойлау, сөйлеу мәдениеті де үздіксіз үрдіспен өсіп, өркендеп отыруы тиіс. Алайда осы үдерістің әр баланың ғаламторға байланып, әр адамның интернетсіз күн көре алмауына айналған бүгінгі таңда «Фейсбук», «Твиттер», «Инстаграм», «Тик-ток» сияқты әлеуметтік желінің шым-шытырық шырмауынан шыға алмай, қараңғы жүйесін көлеңкелеп қалғаны жасырын емес. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев астын сыза көрсетіп, батырып, баса айтқан осы жайт – бүкіл қоғамды жегідей жеген құрт, түпсана мен тұла бойды дендеген дерт.
Шешендік өнер ақындық өнермен аталас. Сондықтан бұл қасиетті де Жаратқан Иеміз кім-көрінгенге оп-оңай бере бермесі белгілі. Дегенмен Тәңірдің қалауымен тылсымнан қанға даритын осынау киелі өнерді тынбай оқу, үйрену, көру, игеру арқылы меңгеруге болады. Бұған ежелгі грек ойшылы, ғұламасы, ораторы Демосфеннің өмір жолы айқын мысал.
Ел аузында «Цицерон сөйлегенде халық көзіне жас алған, ал Демосфен сөйлегенде олар үйіне жетіп, шешеннің айтқанын істегенше асыққан» деп бекер айтылмайды. Демосфен алғаш шаршы топқа шыққанда, күлкіге қалып, жұрт оны ортадан қуып шыққан. Бірақ ішкі рухы мықты жан морт сынбай, керісінше, «мен қалайда шешен болам, жұртқа сөзімді тыңдатам» деп алдына мақсат қойып, жігерін қамшылаған. Тілі келмейтін «р» әрпін ол қарсы алдына күшікті қойып, соның ызасын келтіріп, ырылдағанына қарап үйренген. Сөйлейін десе қимылдап көтеріліп, селкілдеп кете беретін бір жақ иығын жоғарыдан қадалатын қылыш байлау арқылы жөнге келтірген. Ал кекештенбей, дауысын еркін шығару үшін теңіз жағасына барып, тілінің астына малта тастарды толтырып, толқыған теңіз шуылымен жарыса сөйлеген.
Басқосу барысында Жамбыл облыс- тық билер кеңесінің төрағасы Оңдасын Есіркепов «Шешендік – асыл өнер», облыс- тық «Ғұмыр-Дария» газетінің директор-бас редакторы, Қазақстанның Құрметті журналисі Жаңабай Миллионов «Көркем сөйлеу – жүйрік ойдың жемісі», Талас аудандық билер кеңесінің төрағасы, үздік өлкетанушы, тарихшы-журналист, облыстық «Үздік би» байқауының жеңімпазы Сәулембай Әбсадықұлы «Бөлтірік шешен Әлменұлы – қазақтың биі», М.Х.Дулати атындағы ТарӨУ «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының доценті Сәулет Шормақова «Халық ауыз әдебиетіндегі шешендік өнер», Жуалы аудандық билер кеңесінің мүшесі, ҚР Журналистер одағының мүшесі, үздік өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев «Төле би – заманындағы белгілі батырлар мен би- шешендердің, хандардың ақылшысы», Мойынқұм аудандық билер кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаев «Қылышбай би – шешен» тақырыптарында баяндама жасады.
Жамбыл облыстық сотының судьясы Дәулет Тасыбаев татуластыру рәсімдерін дамыту саласындағы ынтымақтастық жайлы, сот қызметі мен ақсақалдар алқасы және Билер кеңесінің арасындағы байланысты тиімді ұйымдастырудың жолын нұсқады.
Тыңдаушылар, қатысушылар арасында пікір-алмасулар мен талқылауларға ұласқан қызықты әрі тағылымды басқосуды Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры, тарихшы-ғалым Сауран Қалиев жүргізіп отырды, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев түйіндеді.
Жиын соңында «Үздік би-2022» облыстық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Аталған байқаудың бірінші орны Сейітхан Жұмашев бастаған Жуалы аудандық ардагерлер кеңесіне бұйырса, жуалылық Шора Ысқақов облыстың «Үздік биі» атанды.
Үміт БИТЕНОВА,
облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі,
журналист
Тараз қаласы