Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Шер-хан» қойылымы сахналанды

0 338

Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының 87-ші жаңа маусымының сахнасы белгілі Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай «Шер-хан» атты жаңа қойылыммен түрілді.

Қойылымның авторы да, қоюшы-режиссері де – белгілі режиссер, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов, ал қоюшы-суретшісі – суретші-сценограф Қалтөре Жұмағұлов болды.
Жазушының образын сахна майталманы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүніс Әлімбеков актерлік шеберлігімен сәтті сомдап шықты. Қаламгердің балалық кезі мен бозбала шағы қатар өрілген көріністерден қанша қиын күнді басынан өткізсе де, шындық пен ақиқаттың жебесіндей атылған Шер-ағаның тау тұлғасы мен қайтпас қайсар мінезі, биік болмысы дәл суреттелді. Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келген тыныс-тіршілігі, қалыптасуы, қазақ халқының тәуелсіздігі мен егемендігі жолындағы күрескерлік тұлғасы көрініс тапты.

Қойылымда бала Барысханды театрдың талантты жас актері, облыс әкімінің жастарға арналған «Әулиеата үміті» сыйлығының иегері Жорабек Төлеген сомдады. Шерханның анасы Айшаны – актриса Индира Мұстафаева, әкесі Мұртазаны – актер Жандар Қырықбаев бейнеледі.

Көрініс барысында жан тебірентерлік сәттер аз болмады. Бірде бала, бірде дана Шерхан болып толқып, тасыған театр өнерпаздары өз образдарын сомдау барысында рөлдерімен біте қайнасып жатты. Әсіресе қақаған қыста жаны мен тәні жаураған балаларын жылыта алмай дал болған анасының бейнесі көзге жас алып келді. Өр рухты Айша ананың отынға, ағаш біткеннен тек кереге бар екенін білген сәт: «Киіз үйдің керегесін отынға жаққанша, сирағымды неге жақпаймын?!», – деп өз аяғына балта ала жүгіргені жан түршіктіріп, сол кезеңнің қаншалықты ауыр болғанын көз алдыңа айнытпай елестетті.

Бірде аш, бірде тоқ болып жетілген балғын кезеңінде интернатта жатқан ашқұрсақ қаламгердің тойып тамақ ішпегені мәлім. Сөйте тұрып ілім-білімге құштар әрі өр мінезді, қайсар бейнесі бала Барысханды биіктетіп тұрды. Кейін толысқан, ақсақал жасына жеткен дана Шерхан: «Қазір мен еңбек ететін Астанада үлкен нан зауыты бар. Еш жұмысым болмаса да, сонда соғамын. Нан мол. Жаңа піскен нан ана сүтінің иісіндей», – деп толқиды. Бұл әсерлі оқиға да адам баласын өз ғұмырнамасында басынан кешкен қиын сәттерін ұмытпауға, барлық нәрсенің қадірін білуге жетелейді. Әсіресе нан қадірін де аштықты сезінген кісі білсе керек.

Сондай-ақ қойылымда қазақ тарихында өзіндік орны бар тұлғалар Бауыржан Момышұлы, Тұрар Рысқұлов, Домалақ ана бейнелері де көрініс тапты.

Құралай Сейсенбекқызы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.