Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шер-аға туралы қызықты деректер

0 1  819

Биыл дүниеге келгеніне 90 жыл толған Халық жазушысы, жерлесіміз Шерхан Мұртазаның өмірі мен шығармашылық жолы – өскелең ұрпаққа зор үлгі, мол тағылым. Тау тұлғаның торқалы тойына орай оқырман қауымға қаламгердің ғұмырбаянынан қызықты деректерді ұсынуды жөн көрдік.

● Жазушы 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Шерхан – хинди тілінде «шер» сөзі «аң патшасы» дегенді білдіреді. Бұл ныспы «бала аса құрметті, елге сыйлы азамат болып өссін» деген тілекті меңзейді екен.
● Алғашқы кітабы 26 жасында «Құрылысшы Дәку» деген атпен жарық көрген. Оның еңбектері ТМД және шет тілдеріне аударылған. Қаламгер Тұрар Рысқұлов жайында 5 кітап жазған. Бір қызығы, Шерхан Мұртаза алдымен жазушылық немесе журналистігімен емес, ақындығымен танылған. Алайда Зейнолла Қабдоловтың сынынан кейін өлең жазуды мүлдем доғарған.
● Шер-аға – тек жазушылық, аудармашылықпен ғана айналысып қоймай, спортты да жанына серік еткен атлет. Ол Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған студенттік шағында бокспен айналысып, факультет намысын қорғап, орта салмақтарда жүлдегер де атанған. Бұдан бөлек, бильярд пен тапанша атудан да алдына жан салмаған.
● Бүгінде көрермен көзайымына айналып, 30 жыл бойы экраннан түспеген «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының «Таңшолпан» бағдарламасын алғаш әзірлеген де Шер-аға еді. Тікелей эфирдегі алғашқы жұмысының тұсауын өзі кесіп, «Таңшолпан» деген атты да өзі қойған болатын.
● Әр тұлғаның жеке әуестігі болады. Мысалы, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев оттықтарды жинауға әуес болса, белгілі сыншы Сағат Әшімбаев қаламсап жинапты. Сол сияқты Шерхан Мұртаза асық пен төсбелгі жинауға құмартқан.
● Шерхан Мұртаза бірталай басы-лымда бас редакторлық қызмет атқарған. Айталық, 1970-1972 жылдары «Жазушы» баспасы жанындағы Балалар мен жастар әдебиеті бас редакциясының және «Жалын» альманахының, 1972-1975 жылдары «Жұлдыз» журналының, 1980-1989 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің, 1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы болды. Ол бас редактор болып келгенде, 30 мың таралыммен таралған газеттің оқырманын 150 мыңға жеткізді. Ал «Жұлдыз» журналы Шерхан Мұртазаның уақытында 4-5 мың данадан 255 мың данаға дейін өскен. Бұл – рекордтық көрсеткіш.
● Шер-ағамыз тек Алматымен ғана шектелмей, Ақмола, Қарағанды және Қостанай облысында «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі ретінде қысқа уақыт жұмыс істеген.
● Шерхан Мұртаза туысқан қырғыз әдебиетінің шоң өкілі, Қырғызстанның Халық жазушысы Шыңғыс Айтматовтың барлық шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады. Тіпті жас кезінде ертегіші Х.Андерсонның ертегілері мен еуропалық бірер жазушының да туындыларын қазақ тіліне аударған.
● Жазушы мерейтой, туған күнді атап өту дегенді жақтырмаған. «Адамды жасы көріктендірмейді, оны еңбекқорлық пен қарапайымдылығы көріктендіреді» дейді екен ол үнемі.
● Шерхан Мұртаза барлық шығар-маларының арасынан «Қызыл жебе» романына көп көңіл аударған. Советтік Ресейдің жоғарғы билігінде болған бірінші қазақ Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қайраткерлігі туралы баяндалатын бұл шығарма Ш.Мұртаза шығармашылығының басты құжатына айналды.
● «Буржуазиялық националист пен түрікшіл» деп айыпталып, ату жазасына кесілген Тұрар Рысқұловты жазғаны үшін автор Ш. Мұртазаға «неотүрікшіл» деген кінә тағылған. «Жұлдыз» журналына жариялауға дайын болған нұсқасына тыйым салып, көзін де жойған. Роман Қазақстан партиясының институты мақұлдаған рецензиясынан кейін ғана жарық көрген.
● Шерхан Мұртаза білім алған мектепте Мұхамеджан Қаратаев қазақ әдебиеті пәнін жүргізсе, Алаш Орда үкіметінің мүшесі, әйгілі саяси қайраткер Жақып Ақбаевтың қызы Аргуния химия пәнінен сабақ берген.

Дайындаған Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.