Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Шер-ағаңша күндіз журналист, түнде жазушымын»

0 165

Биыл облыстық «Aq jol» газеті бір ғасырлық белесті артқа тастап, жаңа дәуірдің парағын ашты. Осы уақыт ішінде үнпарақтың үні биік мінберлерге жетіп, журналистердің мақалалары талай түйткілдердің түйінін тарқатты. Сондай-ақ беделді басылым Жамбыл жері ғана емес, күллі қазақ журналистикасына ұстахана болғаны да шындық. Қай кезде де билік пен бұқара арасына алтын көпір болып жүрген басылымның мерейтойына орай газеттің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаманмен сұхбаттасқан едік.

– Хамит Ерболатұлы, «Aq jol» газетін басқарған жас редакторлардың бірісіз. Әңгіменің әлқисасын еңбек жолыңыздан бастасақ. Қаламға деген құштарлығыңыз қай кезден оянды?

– Адам жас шағында арманшыл болады ғой. Мен де мектеп бітіріп, болашаққа қадам басатын кезде мұғалім болуды армандадым. Қазақ тілі мен әдебиеті сабағын жақсы көрдім, жақсы оқыдым. Ептеп өлең жаза бастаған кезім еді. Алайда адамның дегені бола бермейді екен. 2003 жылы Тараз қаласына келіп, Тараз педагогикалық институтына құжат тапсырып, оқып жүрген кезім еді. Сол баяғы мұғалім болсам деген арман ғой. Бірақ ойламаған жерден журналистика саласына бет бұрдым. 2005 жылы облыстық «Ар-ай» жастар газеті ашылды. Міне, сол газеттің тұңғыш бас редакторы, марқұм Болат Бекжановтың қолдауымен сол газетте журналистік жолымды бастап кеттім. Ол кісі үш ай сынақ мерзімінен соң, жұмысқа бірден қабылдады. Ол кезде жиырмаға толмаған бозбала шақ, көп нәрседен хабарымыз жоқ. Ақпарат жазудың өзі әуелі қиынға түсті. Сол кезде мен сияқты көптеген жастарды жұмысқа қабылдаған Болат ағамыз бәрімізге білгенін үйретті. Мені журналистика саласында алғаш шыңдаған орта «Ар-ай» газеті болды. Одан кейін өздеріңіздің «Жамбыл-Тараз» газетінде жұмысымды жалғастырдым. Мұнда да Эльмира Мырза-Ғали, Болат Бекжановтар басшылық жасады. Мықты журналистермен қатар еңбек еттік. Елордадағы «Астана ақшамы» газетінде де бір жылға жуық жұмыс істедім. Газеттің сол кездегі бас редакторы Ерболат Қаменов, бірінші орынбасары Талғат Батырхан, орынбасары Ғалым Қожабеков, шолушы Мақсот Ізімұлы секілді ағаларымыз мұнда да ары қарай шыңдалуыма әсер етті. Қайта айналып, 2013 жылы «Ар-ай» жастар газетіне әуелі шығармашылық топ жетекшісі, кейіннен мәдениет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып келдім. Ал 2017 жылы республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болып ауыстым. Бас басылымның сол кездегі басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі жұмысқа шақырып, бір облыстың меншікті тілшілігін табыстап, үлкен сенім артты. Ел газетінде де елімізге белгілі мықты журналистермен бірге еңбек еттік. «Egemen Qazaqstan» да мені шыңдады. Тәжірибеме тәжірибе қосты. Алайда адам өмір бойы үйренумен өтеді деп ойлаймын. Бүгінде өздеріңіз білетіндей, «Aq jol»газеті, «Знамя труда» және «Ар-ай» газеттері «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамында шығады. Бас директор Оралхан Дәуіт те – тәжірибелі журналист. Мұнда да ұжым үлкен. «Aq jol» газетінің өзінде 25 адам жұмыс істейді. Бұл азаматтардың бәрі де еңбекте ысылған, өмір көрген журналистер. Ары қарай да бірге жұмыс істеп жүрген әріптестерден үйренетін нәрсе жетеді.

– Сізді көпшілік ақын ретінде жақсы таниды. Бірнеше жыр жинағының авторысыз. Жалпы жеке шығармашылығыңыз журналистік қызметіңізге қаншалықты әсер етуде?

– 2008 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің арнайы бағдарламасы бойынша «Жалын» баспасынан «Ағаштың бүрі» атты өлеңдер жинағым және 2013 жылы аталған бағдарлама шеңберінде «Жазушы» баспасынан «Қараша хаттары» атты өлеңдер кітабым шықты. Жақсының жақсылығын айту керек, сол 2008 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында өткен жас қаламгерлердің республикалық І форумында менің кітабымның шығуына Ғалым Жайлыбай, Амангелді Кеңшілікұлы, Маралтай Райымбекұлы, Алмас Темірбай сияқты азаматтар қолдау көрсетті. Ал 2013 жылы да сондай бір қолдау көрдім. Ойламаған жерден белгілі ақын, ғалым Жанат Әскербекқызы хабарласып, «Жазушы» баспасының директоры, атақты ақын Есенғали Раушановтың бір топ жастардың кітабын шығарып берейін деп жатқанын, оның ішінде менің де бар екенімді айтты. Міне, екі кітаптың да жарық көру тағдыры осындай болған.
Көпшіліктің пікірінше, газет жұмысы уақытты алады деген түсінік бар. Дегенмен ақын-жазушылардың бәрі дерлік басылымдарда еңбек еткенін де ұмытпаған жөн. Шерхан Мұртазаның бір сұхбатында «мен күндіз журналист болдым, түнде жазушы болдым» дегенін оқып едім. Жалпы барлық кезде бәрімізге де солай болуға тура келеді. Дегенмен өлең жоспарлы түрде жазылмайды. Адам газетте жұмыс істемесе де, өндіртіп ештеңе жазбауы мүмкін. Мұның бәрі де адамның тағдырына, пешенесіне жазылған нәрсе деп ойлаймын. Ал талант пен ізденіс – өз алдына бөлек әңгіме. Қазір нарық заманы. Ақынға да, басқаға да жұмыс керек. Ал шығармашылық адамының қолынан жазу келеді. Бұрынғыдай қаламақы деген мәселе жоқ. Сол үшін де жұмыс істеуге тура келеді.

– Қазақстан Жазушылар одағы тарихындағы Жамбыл облыстық филиалының ең жас төрағасысыз. Өзіңіз осы филиалды басқарғалы қандай жұмыстар атқарылды? Алда қандай жоспарлар бар?

– Ұлықбек Есдәулет ағамыз Қазақстан Жазушылар одағына төраға болып сайланғанда, одақ филиалдарына жетекші ретінде жастарды қабылдады. Расын айту керек, жазушы Несіпбек Дәутайұлы ағамыз сол кезде филиалдың басшысы еді. Ол кісі де жастарды қолдап, Ұлықбек ағамызға мені өзі айтып, сенім артты. Бірден айту керек, филиалдың қолында қаражаты жоқ. Бірақ біз облыс әкімімен, тиісті сала басшыларымен кездескенде, өңірдегі әдебиет әлеміндегі қаламгерлерге қолдау көрсету керек екенін айтып жүрміз. Облыста бүгінде Қазақстан Жазушылар одағының 16 мүшесі бар. Бәрі де елге танымал азаматтар. Бүгінде қаламгерлер үшін кітап шығарудың өзі машақат. Әсіресе жастарға қолдау болса дейсің. Мәселен, кезінде облыстық жастар саясаты басқармасының қолдауымен Табиғат Абаилдаевтың «Миллениум», Жанғазы Ахметтің «Мен сондаймын», Арайлы Жақсылықтың «J.A.S» атты кітаптары шықты. Облыстық деңгейде түрлі әдеби-мәдени шаралар ұйымдастырылуда. Жоспар да, арман да көп қой. Ең басты- сы – Жамбыл өңірі ақын атындағы өңір болғандықтан, республикалық деңгейде поэзия фестивалі өтсе екен деп ойлаймын. Әулиеата өңірінен шыққан ірі тұлғалардың атында ел көлемінде дәстүрлі түрде еске алу кештері, түрлі байқаулар өтіп тұрса деген ой да жоқ емес.

– Әулиеата топырағында жас ақындардың қалың шоғыры қалыптасып келеді. Олардың дені бүгінде Жазушылар одағының мүшесі. Өңіріміздегі жас ақындардың әлеуетін, шығармашылық деңгейін қалай бағалайсыз?

– Шынында да, Әулиеата өңірінде талантты жас ақындардың шоғыры қалыптасып келеді. Олардың біразы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Көптеген республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпаздары да бар. Біраз ақын қыз-жігіттердің кітаптары жарық көрген. Бұл – қуатты толқын. Өйткені ешкімге, ештеңеге жалтақтамай жыр жазатын, біреуге ұнасын деп емес, өз көңіліндегі сөзді айтатын ақындар дер едім. Бәрін де өлеңнен, әдебиеттен хабары бар адамдар жақсы таниды.

– Сіз ата басылым «Aq jol» газетіне бас редактор болғалы көп уақыт өте қойған жоқ. Десе де, осы мерзім ішінде газетке қандай өзгерістер әкелдіңіз? Басылымның құрылымы қаншалықты түрленді?

– Қарап отырсақ, «Aq jol» газетіне елімізге белгілі көптеген қалам қайраткерлері бас редактор болыпты. Талай тегеурінді тұлғалар түрлі қызметтер атқарған. Тарихи басылымның осы күнге жетуіне, осындай дәрежеге биіктеуіне жүз жылдық газет тарихында еңбек еткен барлық азаматтың елеулі еңбегі бар. Мәселен, Сыдық Абланов, Жайық Бектұров, Ғайса Сармурзин, Кемел Тоқаев секілді қайраткер тұлғалардың тарихтағы орны айрықша. Баттал Жаңабайұлы, Арғынбай Бекбосын секілді азаматтардың кешегі кеңестік кезеңнің өзінде газет арқылы халықтың сөзін айтқаны ұмытылмас оқиға. Жалпы «Aq jol» газетінде еңбек еткен барлық тұлғалардың еңбегін бір-бірінен бөле-жара қарауға болмайды. Бәрі де құрметке лайық кісілер. Себебі газеттің тарихи атын сақтап қалуына барлық азаматтың табан ақы, маңдай тері сіңген. Және қадау-қадау тұлғалардың, сайыпқыран саңлақтардың салған сара жолын ары қарай жалғастыру – енді бізге жауапкершілік әрі мәртебе. Енді бұл басылымның бас редакторы болып келгенімізге көп бола қойған жоқ. Келе салып, пәлендей бір нәрсе жасап қойдық деуден де аулақпыз. Ойлар бар, жоспарлар бар. Мұндағы ұжым, әрине, осал емес. Бәрі де шетінен қалыптасқан мамандар. Тек түрлі өзгерістерді бірлесіп жұмыс атқарудың нәтижесінде уақыт көрсетеді. Ең бастысы – газетті ел оқитын, ішінен керегін табатын басылымға айналдыру.

– Күні ертең «Aq jol» газетінің ғасырлық мерейтойы аталып өтпек. Айтулы күннің мерекелік дайындығы қандай? Сондай-ақ оқырман қауымды қандай жаңалықтармен қуантпақсыздар?

– «Aq jol» сияқты жүз жылдық тарихы бар газеттің мерейтойын өткізу де үлкен жауапкершілік жүктейді. Жалпы биыл 1 мамыр күні газеттің жарық көргеніне 100 жыл толды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Aq jol» газетінің 100 жылдығына орай өзінің құттықтау жеделхатын жолдап, ұжымның мәртебесін көтерді. Бұл ретте «Aulieata-Media» ЖШС-нің сол кездегі бас директоры Нұрбек Бекеннің, «Aq jol» газетінің сол кездегі бас редакторы Оралхан Дәуіттің және жалпы медиахолдинг ұжымындағы барлық азаматтардың еңбегі көп деуге болады. Міне, сол бастамамен өңірде жыл бойына іс-шаралар легі жалғасып келеді. Талас ауданы әкімдігінің қолдауымен журналистер арасында газет ардагері Баттал Жаңабайұлы атындағы бильярдтан турнир өтті. Сарысу ауданы әкімдігінің қолдауымен облыстық деңгейде ақындар мен журналистер арасында байқау ұйымдастырылды. Өткен айда Астана қаласында Ұлттық академиялық кітапханада «Aq jol» газетінің 100 жылдығына орай «Қазақ баспасөзі: кеше мен бүгін» атты дөңгелек үстел болды. Аталған жиында Мемлекет басшысының екі бірдей кеңесшісі Бауыржан Омаров пен Мәлік Отарбаев, Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Парламент Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай, Жанарбек Әшімжан, еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрінің баспасөз хатшысы Нұрбек Әмиша, республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли, «Елорда-Ақпарат» ЖШС бас директоры Олжас Сыдықбек, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Қуат Әуесбай, «Айқын» газетінің бас редакторы Амангелді Құрмет, «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Шәмшидин Паттеев, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр және өзге де елімізге танымал азаматтар қатысты. Жиынды Парламент Мәжілісінің депутаты, жерлесіміз Мейрамбек Төлепберген жүргізді. Әрине, жыл бойына өтіп жатқан шаралар тек бұл емес. Күні ертең «Aq jol» газетінің ғасырлық мерейтойы Тараз қаласында аталып өткелі отыр. Өңірдің бас басылымына арналып облыс орталығынан көше аты берілді. Мерекелік шараларға құрметті қонақтар келеді деп күтілуде. Газеттің жүз жылдық жылнамасын қамтитын «Ғасыр шежіресі» атты кітап жарық көрді. Мерекелік медальдер шығарылды. Әріптестер түрлі марапаттарға ұсынылды.

– Газеттің ғасырлық мерейтойы Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығымен тұспа-тұс келуде. Мұндай сәйкестік мерекелік көңіл-күйге қалай әсер етуде?

– Шерхан Мұртаза – сөз жоқ, ұлы тұлға. Бір өңір ғана емес, бүкіл қазақ мақтанатын қайраткер. Жазушының шығармашылығын көзі ашық, көкірегі ояу барлық азамат біледі. Екі айтулы күннің қатар келуі тағдырдың сәттілігі болар. Бұл тек жауапкершілік жүктейтін міндет. Енді осынау міндетті абыроймен бәріміз бірге алып өтуді тілеймін. Осындай рухани мерейтойларға қолдау көрсетіп отырған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов мырзаға алғыс айтамыз.
– Бүгінде журналистика мамандығын тәмамдаған студенттердің басым көпшілігі телеарнаға барып, танымал болғысы келеді. Газетте еңбек еткісі келетіндер некен-саяқ. Жалпы жас журналистерді басылымдарға қалай тарта аламыз? Жас журналистер мектебін қалай қалыптастыруға болады?

– Қазақта «Талғамға талас жоқ» деген сөз бар. Бұл әркімнің өз таңдауы деп ойлаймын. Бірақ адамның құр танымалдылығынан келетін пайда жоқ. Және танымал болу жолында алашапқын болып, өзінің барлық мүмкіндігін оған құрбан етудің де керегі жоқ деп білемін. Бір анығы – журналист газетте жұмыс істесе де, телеарнада жұмыс істесе де, өзінің мүмкіндігін, талантын көрсете алатындай деңгейде болуы керек. Танымал адамның бәрі абыройлы емес, ал қарапайым, ешкім танымайтын адамдардың ішінде де таланттар жетерлік. Шынында да, қазір жас журналистердің мектебі туралы мәселе бар. Қазір түрлі әлеуметтік желілер көп. Көпшілік журналист кім, блогер кім, шынында, шатасып қалды. Қазір қырық құбылған дүниеде таңдаудың өзі сәт сайын өзгеріп кете беретін сияқты маған. Әрине, елімізде де, Тараз қаласында да журналистика саласында білім алып жүрген жастар бар. Егер адамның көңілінде журналист боламын, осы саланың шыңына шығамын деген мақсат болса, ол, сөзсіз, бұл салаға келеді. Ал бос даңғазаға әуес, кез келген мәселені байыппен емес, хайппен қарағысы келетін адамның журналистикаға келе қоюы екіталай шығар. Жалпы, менің ойымша, еліміздегі журналист мамандығын дайындайтын жоғары оқу орындары осы мамандықты бітірген жастарға белгілі бір мерзімге журналист ретінде жұмыс атқаруды міндет етіп қою керек сияқты.

– Жергілікті басылымдар қазіргі таңда жекеменшікке өтуде. Алайда олар қайтадан мемлекеттің қарамағына келеді деген сыбыс бар. Сіз үшін газеттердің тәуелсіз болғаны дұрыс па, әлде мемлекеттің иелігіне өткені тиімді ме?

– Бұл енді еліміз бойынша ілгеріректе қолға алынған тірлік қой. Мен экономист емеспін. Сондықтан мұның қандай тиімділігі бар екенін білмеймін. Бірақ егер қандай да газетті журналистикаға жаны ашитын, өзі де газетті білетін адам жекеменшікке сатып алатын болса, ол газет өз жолымен шыға береді деп ойлаймын. Ал оны бизнесі үшін, жеке басының пайдасы үшін алатын болса, ол газет болудан қалады. Әрі журналист мамандығының да мәртебесін түсіреді деп білемін. Онсыз да қазір қоғамда журналистикаға қатысты қаңқу сөз көп. Қазақ «Сөзде қаңқу жаман» дейді. Одан кейін, әрине, жастардың бұл салаға келе қоюы қиындау болады. Мәселен, қазір мықты журналистер үшін қандай мәселе көтеремін десе де, еркіндік пен мүмкіндік бар. Ал енді өзі алған адам менің басылымым тәуелсіз екен деп хайп қуып, кісінің жеке өміріне араласып, тағдырын қазбалап кетсе, ол өсек-аяңның, алыпқашпа әңгіменің ар жақ, бер жағы болып қалады. Оның ғұмыры да ұзаққа созылмайды.

– Қазір қандай кітап оқып жүрсіз? Мерзімді басылымдарды қаншалықты жиі қарайсыз?

– Біраз кітап оқыдық. Адамға ой саларлық шығармалар өте көп. Бүгінде ағылшын тілді ауған жазушысы Халед Хоссейнидің «Батпырауық қуған бала» деген романын оқып жатырмын. Бұл кітап «Үздік шетел әдебиеті» сериясына енген. Романның негізгі арқауы – Әмір мен Хасеннің тағдыры. Кітапта шынайы достық, адалдық пен сатқындық, ақталу мен мойындау сияқты бір-біріне кереғар құбылыстар шынайы, шебер тілде суреттелген.
Мерзімді басылымдарға да арнайы жазылып, жиі қарап тұрамын. Қазір әрбір газет-журналдың сайттары бар десек те, мен үшін газет пен журналды қолға ұстап оқып, көңілге түйсінудің маңызы зор.

– Қос мерейтой қарсаңында жамбылдықтарға, әріптестеріңізге қандай тілек тілейсіз?

– Жамбыл өңірі еліміздің басқа да аймақтары сияқты таланттарға кенде емес. Биыл тау тұлға Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы аталып өтуде. Бәріңізге белгілі, Шер-ағаң – жазушылық пен журналистиканы қатар алып жүрген тұлға. Еліміздің барлық басылымында дерлік абыроймен еңбек етті. Тараз қаласында Шерхан Мұртаза ескерткішінің ашылуы, кітаптарының жарық көруі, байқаулар мен мүшәйралардың ұйымдастырылуы, бұл – қазақ әдебиеті мен журналистикасына көрсетілген құрмет. Осы күнге дейін Жамбыл жерінде де журналистердің мықты буыны қалыптасты. Барлық қаламдас-әріптестерге Шерхан ағамыздың абыройын, жолын берсін дегім келеді. «Aq jol» газетінің ғасырлық белесі де құтты болсын! Жазар көбейсін, әріптестер!

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.