Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шер-аға мен ахмет арасындағы рухани сабақтастық

0 141

Қазақ халқында тарихта есімі алтын әріптермен жазылып қалып жатқан тұлғаларды жарық жұлдыз- ға теңейтіндігі белгілі. Бұл жарық жұлдыздар күндіз әлемге нұрын шашатын болса, қараңғы түнде бағдаршам тәрізді адасқанға жол көрсетіп, жөн сілтейді. Осы жақсы­лардың арқасында қоғам мен өмір нұрланып, дүние көріктене түседі. Мұндай ұлық туған тұлғалардың жеткен жетістіктерінің арқасында халықтың да беделі үстем болып, өсіп-өркендейді [1:10б.].

«Халқының қамын ойлайтын, сол халықтың бүгініне де, ертеңіне де қалтқысыз жан-тәнімен қызмет ететін адам – жақсы адам!.. Халқының мүддесіне шын берілген мұндай жандар қашанда лаулап жанып жүреді. Әділет, қара қылды қақ жару, адамгершілік, ізгілік мұндай адамдардың бойларына біткен тума қасиеттері…» [2:27б.] – демекші, халқының қолын жақсылықтарға жеткізіп, туған еліне шынайы қызмет жасап, мемлекетіміздің идеологиясының қалыптасуына елеулі үлес қосқан жарық жұлдыз – жанынан жалынын аямай жұмсаған азаматтардың бірегейле- рі – Ахмет пен Шерхан. Қазіргі таңда тәуелсіз Қазақстан жұртшылығы үшін үлкен ұғымға айналған, елінің сүйіспеншілігіне бөленген айбарлы есімдер.

Қазақ әдебиеті мен тарихында бұл есімдердің өмірі мен шығармашылық, қайраткерлік жолдарында көптеген ұқсастықтар мен сабақтастықты байқадық. Зерттеу мақаламызда қос тұлғаның сабақтастығы төңірегінде кеңінен қозғамақпыз.

Адам баласы өзінің туған, жаратылған топырағына тартып туады, содан нәр алып өседі. Орыс халқының ұлы жазушысы М.Горький айтқандай: «Жазушылық – өзгеше өмірбаяннан басталады». Шыр етіп жарық дүние есігін ашқан сәттен-ақ Ахмет пен Шерханның сол өзгеше өмірбаяны басталған еді. Әкесінен тірідей ерте айырылған олар жетімдіктің тауқыметін көре бастады. Үмбетей батырдың немересі Байтұрсын Шошақұлы да, Бердімбет байдың баласы Мұртаза да жазықсыз жала жабылып, Сібірге айдалған бейбақтар болды. «Жетімдік – жұрттың қабағын оқитын ілім» деген бар. Әкесінің інісінің тәрбиесін алған Ахметтің де, ылғи да жетімдігін, әкесіздігін айтып, «менде балалық шақ болған жоқ» деп шағына беретін Шерханның жетімдігі – жаутаңкөз жетімдік емес. Олардың жетімдігі – әз аты күстаналанған әкеге деген сартап сағыныш, бір өзі бірнеше ер азаматтың батпан-батпан міндетін көтеріп алған талайсыз шешеге аяныш, таршылықтың тырнағында шырылдап кете барған балалыққа жоқтау, аласапыран дәуірдің астында аяусыз жаншылған аяулы тағдырларға нала. Алайда қаршадай жасынан ел басына түскен қиындықтарды көріп, сезініп өскен Ахмет пен Шерхан халқының бар игі қасиеттерін – салт-дәстүрін, сенім-нанымын бойына сіңіріп, ділін ұғынып, тілін қасиет тұтты.

«Табиғаты сұлу Торғай даласындағы Сартөбек деген жерде, Торғай, Қараторғай, Ұлы жыланшық өзендері шиырлап кесіп өтетін, содан да жері көкорай шалғын-ды», – делінген [3:4б.] Ахметтің туған жері мен Шерхан Мұртаза дүниеге келген Жуалы өңірі, Мыңбұлақ мекені өзінің тамылжыған табиғатымен қатар, ұлтының мақтанышына айналған көптеген жайсаң азаматтарды дүниеге әкелген. Арғы замандар перзенттерін айтпағанда, кешегі өткен Бауыржан Момышұлын айтса да жетерлік. Қаршадай кезінен бастап ел басына түскен қиындықтарды солармен бірге көріп өскен Шерхан Мұртаза сол халқының бар жақсы қасиеттерін пір тұтты. Заман қанша қытымыр болса да, ол кезде халықтық асыл қасиеттер қалыбын әлі бұзбаған болатын. Ал мұндай рухани қуат болашақ жазушы үшін өмірлік нәр беріп отыратын қайнар бұлақ болған.

Ал «Ақымет өзінің алдындағы ұлы Абай идеясын жалғастырушы, алға апарушы ретінде көш басында тұрды. Ол осы идеяны жай ғана уағыздаушы емес, сол идеяларды жүзеге асыруға өзінің ерен іс-әрекеттерімен, қимыл-қызметтерімен нақты үлес қосқан белсенді қайраткер ретінде танылды» [5:4б.]. Осындай алдыңғы буын қайраткерлердің ізін жалғап, киелі жердің ұрпақтары саналатын Ахмет пен Шерхан нешеме еңбектерден соң халқының сеніміне ие болып, жоқтаушысына, үмітіне, айбарына айналған ірі тұлғалар.

Туған халқының мұң-мүддесін толымды түрде білдіру, жұртының жанына батқан ауыртпалықтармен күресу – қазақ зиялыларының саяси қызметінің басты сипаты. Қазақты іштей жегідей жеген рушылдық пен жікшілдік және бас біріктіруге, ұлттық бірлікке ұмтылған қозғалыс – міне, осы екі нәрсе үнемі қатар жүрген қоғамдық процесс бағыттары. Бұл – Шерханның Тұрар өнегесін зерттеушілікпен саралап талдағаннан кейінгі әділ тұжырымы. Осы тұста Әлихан, Ахмет және Міржақыптардың «Қазақ» газетінің Семей алашшылдарының «Сарыарқасының», «Абайының», «Мұстафа Шоқайдың», «Бірлік туының», Көлбай Тоғысовтың «Алаш» пен «Үш жүзінің» бүкіл қазақты тегіне, байы мен жарлысына қарамай, ұлттық ынтымақ пен ауызбірлікке шақырудан жалықпаулары шындығын бейнелейтін маңызды жайттар Тұрар тәрізді Шерханды да халық тағдыры, елдің бүтіндігі терең толғандырады. Осы тұста біз Шерханның Ахмет сынды зиялы қауыммен рухани сабақтастығын аңғарамыз.

Ахмет те, Шерхан да қолына қалам ұстап, аумалы-төкпелі замандағы ел тағдырын, азамат жайын қалың-қалың кітап етіп жазған, сонда да шаршамаған, қайта ұлт, қайсар тұлға алдындағы перзенттік парызы жігерлендіріп, талай «сарсаңға» қасқайып төтеп берген.

Жалпы А.Байтұрсынұлының да, Ш.Мұртазаның болмысында сан түрлі қасиеттер бар. Оларды біз – әмбебап тұлғалар десек, қателеспейміз. Олар – бір бойларына шығармашылық талантты яки қаламгерлікті, қайраткерлікті, редакторлық қызметті, публицистиканы, ана тіліне деген жанашырлықты, ұстаздықты сыйғыза білген ұлт арыстары.

«Суреткерлік парыздың халық мүддесіне сәйкес ойдағыдай орындалуы – сол суреткер сыры мен сымбатының әрқашан нақты көрінісі әрі нақты өлшемі екендігі ешқандай дау тудырмайды» [7:149б.]. Қаламгерлік жолдарында қос тұлғаның да негізгі тақырыбы – ұлт тағдыры, ұрпақ бақыты, халық бірлігі, ана тілі мәселесі болды.

Ахмет – М.Әуезовтің сөзімен айтқанда, қазақ халқының рухани көсемі. Оның ұланғайыр еңбегі сан саладан көрінеді [4:5б.].

Сол тәрізді, Шерхан да ғибратты ғұмыр кешіп, толағай туындыларды өмірге әкелген, қарабайыр халықтың мұңы мен мұқтажына жауап бере білген, қасқайып тұрып шындықты айтқан, «қазақ орманының жолбарысы» атанған Шерхан Мұртазаның қазақ әдебиетіндегі орны айрықша. Расында да, «Жолбарысы бар орманды өрт шалмайды» деп қазақ бекерден-бекер айтпаса керек. Қаламгер туындыларының өзінде қазақ халқының ұлттық болмысы, дара тұлғасы, рухани дүниесі айнытпай беріліп отырады [1:3б.].

Олай болса, Шерханды да Ахметпен қатар Әуезовше ұлт көсемдеріне баласақ, қателеспейміз.

Ахмет пен Шерхан – қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар дара тұлғалар. Қаламгерлік пен журналистік тізгінді қатар алып келе жатқан тұлғаларды жан-жақты зерттеп, қаламынан туған дүниелерді жанрларға бөліп талдау, оның ішіндегі очеркистік қырын арнайы саралау үлкен парыз. Шерхан Мұртазаның шығармашылық пен қайраткерлік жолы қазақ журналистикасы арқылы қалыптасып, сол арқылы оқырманға танылған. Қырық жылдан астам уақыт қаламын қолынан түсірмеген майталман жазушы ел өмірі, ұлт тағдыры, тұрмыс-тіршілігі, жақсысы мен жасығы туралы кестелі ойларын ортаға салып, қазақ әдебиетіндегі публицистика жанрының қанат жаюына сүбелі үлес қосқан бірегейлердің бірі.

Ахмет те, Шерхан да – шебер тілді публицист.

«Публицистика – ақиқат өмірдің сырлы суреті, оның арқауы – шындық» [1:108 б.]. Ол – дәуір үні, замандас келбеті, журналистің өмірге әлеуметтік көзқарасы, өзі өмір сүріп отырған кезеңнің бет- бейнесі. Екі тұлғаның да шығармалары халқының тағдырымен тығыз байланысты әрі өзінің өмірбаяны сияқты.

Өз дәуірлерінің ащы шындығы мен болмыс-бітімін тайсалмай, ашық ұсына білу – қос тұлғаның өзіндік ерекшеліктері. «Күндіз журналист, түнде қаламгер болған» атақты редакторлардың қолы тиіп кеткен басылымның жанданып жүре беретіні де тегін болмаса керек. Қазақ баспасөзінің негізін қалаған, тұңғыш басылымдардың бірі «Қазақ» газетін жандандырып, ұлт идеологиясының құралы ете білген Ақыметтің қазақ баспасөзінің тарихындағы орны ересен. Сондай-ақ Қазақстанда бес республикалық басылымды басқарған бас редактор, бес романнан тұратын эпопея жазған жазушы жоқ. Шерхан Мұртазаның публицистикалық жолының өзінде де ол замана зәрулігін, уақыт проблемасын, қоғам сұранысын, заман қиындығын тайсалмай жазып, батыл жеткізген публицист.

«Тіл көркемдігі мен сөз сұлулығы жасанды жалт-жұлтта, күлдібадам болуда емес, сөздің табиғилығы мен қарапайымдылығында, нақтылығы мен тазалығында жатады», – дейді З.Қабдолов.

Жалпы Ахмет Байтұрсынұлы мен Шерхан Мұртаза публицистикасы поэтикасын қарастыру барысында төмендегідей жайттарды аңғардық:

– Жанр әралуандылығы.

– Сюжет пен композицияның беріктігі.

– Публицистика стилінің очерк жанрында кейіпкер тілінің негізгі ерекшелігінің сақталуы. Яғни кейіпкер сөзі жергілікті тұрмыс жағдайына қарай түзелген.

– Автордың тіл тазалығы, кірме сөздерді, фактілерді орнымен пайдалануы.

– Публицистік туындыларын цитаталар және дәйектемелермен әрлендіруі.

– Тіл көркемдігін арттыратын құбылту мен айшықтауларды, тұрақты тіркес пен мәтелдерді шебер қолдануы.

Қос тұлғаның қаламынан күрескерлік, азаматтық рухқа толы дүниелер өмірге келді. Егемендігімізге қол жеткізіп, тәуелсіздікке ие болған халқымыздың ұлы көшінің болашаққа жетуі, өзіндік мемлекеттік идеологиясының қалыптасуы Ақымет пен Шерхан сияқты көш бастар азаматтарға байланысты болды.

Ахмет қазақ баспасөзінің негізін алғашқылардың бірі болып қаласа, Шерхан қазақ баспасөзіндегі жаңа тұрпаттағы жаңа буынның төлбасы, редакторы бола білді. «…Менің жұмысым – жалғыздың жұмысы. Қаруым – қалам. Өрісім – қағаз» дейтін жазушының қазіргі тәуелсіздік заманындағы жердің, елдің иесіміз деген қазақтың шешілмеген мәселесі шаш етектен келіп, оның кедергісі өзгеден емес, өз қағынан жерігендерден шығып отырғанда, оның бір күні ойсыз, ұйқысы тыныш өтуі мүмкін бе? Жалпы ой іште өлмеуі керек. Әсіресе халқымен біте қайнасқан, халқының басына түскен қайғы, ауыр күн арқасына аяздай батып, айтар сөзін аянбай айтқан шын жазушы үшін.

«Ұлттық мәні бар саяси-әлеуметтік және мәдени мәселелерді көтеріп, шешуде мерзімді баспасөздің атқарар қызметінің маңыздылығын Ахмет Байтұрсынұлы жақсы түсінді. Сондықтан да ол шын мәніндегі жалпыұлттық газет шығару ісіне көп күш жұмсады» [6:11б.].

Біз сөз қылып отырған халқының мүддесін ойлаған гуманист суреткерлер, азамат қаламгерлер, қаламы жүйрік публицистер өз замандарының ащы шындықтарын үкімет басшыларының өзіне де батыл айта алды.

«Қазақтың ұлттық азаттығын, елдігін аңсап, осы жолда қам жеп жүрген азаматтардың бәрі патша үкіметінің қырын қабағына ілініп, абақтыға түсе бастаған. Қарқаралыда мұғалім болып жүргенде Ахаңды әділетсіздікке, патша үкіметінің саясатына қарсы наразылық білдіруші болғаны үшін бақылауға алып, соңына түседі… Осы тұста ол:

Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбым жоқ,

Өкімет, өр зорлыққа не бар шараң?!..» немесе:

«Қинамайды-ау, абақтыда жатқаным,

Қиын емес, дарға асқаны, атқаны.

Осылардың маған ауыр бәрінен

Өз ауылыңның иттері үріп, қапқаны!», – деп ащы шындықты шыжғырып айта білді [3:19б.].

Сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Советінің председателі Н.Ә.Назарбаевпен жүргізген «Қуатты орталық. Қуатты республика…» аталған сұхбатына назар аударып көрелік:

« – Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сә- лем – сөздің анасы. Сәлемнен кейін көп созбай, бірінші сауал: Қазір Қуатты Орталық, қуатты республикалар керек деп жүрміз» деп бастаған алғашқы жолдарынан бастап-ақ Орталықтың республикаларға билік жүргізіп отырғанын, жай билік жүргізіп қана қоймай, жергілікті басшылықпен санаспай, республика өндірген өнімді, шикізатты өздеріне түк қалдырмай алып отыратынын айта келіп, сұрағын былай аяқтайды: – Сонда деймін-ау, Орталық қандай, республика қандай? Өз дәулетіне өз қолы жетпейтін қандай республика?!

Н.Назарбаев: – Ондай өкінішті фактілердің болғаны рас. Сіздің айтып отырғаныңыздың жаны бар. Күні кешеге дейін оқтын-оқтын Қазақстан Одақ үшін масыл республика деген күңкіл сөздер естіліп қалып жүрді. Ал шындық қандай? Дәл қазір бүкіл одақ бойынша халықты тамақтандыру үшін 48 миллион тонна бидай керек болатын болса, соның 13,5 миллион тоннасын Қазақстан береді. Одаққа біз республикада өндірілген мақтаның 72 процентін, жүннің 60 процентін шикізат ретінде өткіземіз… Ал сол жүнді өзіміз, мысалы, матаға, костюмге айналдырсақ ше? Миллиардтың астында қалар едік… Қазақстанда шығарылатын өндірістік өнімнің 7 проценті ғана республикаға тән, 93 проценті Одақтық-республикалық қорға түседі. Мұны бізге ондаған жылдар бойы «мемлекеттік қажеттілік», «қорғаныс қажеттілігі», «елдің қамы» деп сендіріп келеді. Бір ғана мысал: Қазақстаннан жыл сайын шетелге 800 миллион доллардың өнімі жөнелтіледі. Оның ішінде мұнай, көмір, түсті металл, т.б. бар. Соншама доллардан бізге көк тиын да тимейді…».

Мінеки, қаншама шындықтың беті ашылған. Қазір мұны біз өткен тарих дегенімізбен, дәл сол кезде әсері үлкен болғаны анық. Бүгінде сол Одақты, сол орталықты аңсап жүргендер ойланар ма екен деп те бұл цифрларды толық келтіріп отырмыз. Ойы ұшқыр, қаламы жүйрік публицистің келесі сұрақтары да көпшіліктің көкейіндегісін дөп басқан күрделі мәселелер еді:

«Жергілікті халықтың өз елінде, өз жерінде азшылық болуы, әрине, қасірет. Мұны қиыр Терістікті мекендеген аз халықтардың өмірінен айқын көріп отырмыз» деп қазақ халқының сонау патша заманынан бері басынан кешкен қилы сұрапылдарды тізбелей келіп: «Осы және басқа да түрлі себептердің салдарынан тіл проблемасы асқындап шыға келді. Тіл проблемасы – тікелей ұлт проблемасы. Ал біз болсақ, бізде ұлт проблемасы әлдеқашан шешілген деп масайрадық… Таяу болашақта тіл статусы конституциялық жолмен бекітілмек. Осыған орай бір жақ «Қазақ КСР-інде мемлекеттік статус тек қазақ тіліне берілсін» десе, келесі жақ «жоқ, қазақ тілі мен орыс тілі қатар мемлекеттік тіл болсын» дейді. Егер мемлекеттік тіл болып қос тіл қатар қолданылса, қазақ тілі орыс тілінің тасасында қалып қоймай ма?!»

Қандай сұрақ десеңізші! Атан түйе тарта алмас салмақ жатқан жоқ па әрқайсысында. Осы сұрақтың өзінде қаншама проблема көтерілген. Қазақ халқының бүкіл тағдыры қозғалып тұр ғой?! (Сұхбатта он үш сұрақ қойылды). Сұрақ қоюдың да мәнісі бар. «Анау қалай?», «Мынау қалай?», «Анаған қалай қарайсыз?», «Мынаған қалай қарайсыз?» деп жалаң-жайдақ қоюға да болады сұрақты. Бірақ Ш.Мұртаза қойған сұрақтардың жөні де, түрі де бөлек. Әрбір сұрағы өзінше бір үлкен мақсатпен қойылып, жауап бермесе болмайтындай сүйегіңнен өтіп, жүрегіңе жетіп жатады.

Ал енді Шерхан Мұртазаның еліміз егемендік алғаннан кейін Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевпен жүргізген сұхбатында қандай мәселелер көтерілген, соған бір сәт көңіл қоялық.

Сұрақ: – «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген, сірә, сол шығар. Ал енді ол аз болса, сақалы сапсиған «Известия» газеті «Назарбаев Қазақстандағы орыс тілді жұртшылықтың тұтқыны» деп соқты. Бұл қалай?

Жауап: – Тағдыр мен тарих солай жаратқан. Ол рас Қазақстанда тұратын 17 миллион халықтың тек 7 миллионы ғана қазақтар. 10 миллионы өзге ұлттың өкілдері. – Мұндай жағдай Өзбекстанда да, Қырғызстанда да …Украинада да жоқ. Сонда қалай, әлгі 10 миллионды көзге ілмеу керек пе? Қазақтың жерін «халықтар достығының лабораториясы» жасаған мен емес… Өткен өтті. Өткеннің бәріне тас лақтырып, топырақ шашу тағы қиын…» [1:119б.].

Мінеки, публицистиканың күшімен, қаламның құдіретімен Шерхан Мұртаза халқына осылай да қызмет етеді. «Көркем әдебиет – ауыр артиллерия болса, публицистика – кавалерия» дейді Шерхан. Оның да өз тактикасы бар, өз мақсат-міндеті бар. Оған да анау-мынау адам командир бола алмаса керек.

Жалпы алғанда, Ахмет пен Шерханның өзіндік публицистиканың тақырыбы мен редакторлық идеясы бар.

Ахмет Байтұрсынұлы да, Шерхан Мұртаза да – ең әуелі қоғам қайраткерлері. Үлкен ұғымға айналған ірі тұлғаларды заманның белгілі бір кезеңдері дүниеге әкелетіндігі белгілі. Кез келген адамды өз уақытының перзенті деп қарасақ, ұлы тұлғаларды сол өздері өмір сүрген дәуірдің тарихи-әлеуметтік қажеттілігі заңдылығынан сырт алып қарауға да болмайды. Қазақ халқының басынан да нешеме киліккен қасірет, бірінен-бірі өткен тауқыметтер өтті. Дегенмен мұның бәріне тапалып қалмай, тістене шыдап баққан тәкаппар қасиетке ие ерен тұлғалар болды. Қиналған кездерде өз қорғаушысын, өз жоқтаушысын туғызып отырды. Сонымен қатар қос тұлға – тамаша ұстаздар. Ұстаз болғанда да жай ұстаз емес, рухани ұстаздар. Рухтандыратын ұстаздар. «Жас адамның тағдыры көбіне қолдаушысына байланысты» деп көк өрім талапты жастарға жол ашқан, жарыққа шығуына көп ықпал еткен Шерхан Мұртаза қазақ руханиятында «Шерханның шекпені» деген ұғым қалыптастырды. «Ол жылдары «Лениншіл жаста», «Жалында», «Жұлдызда», «Қазақ әдебиетінде» Шерхан Мұртаза емес, басқа редактор отырса, қазіргі «Шер-ағаңның шекпенінен шықтық» деп шалғайына жармасып жүргендер болар ма еді, болмас па еді, кім біліпті?!», – деген Әбіш Кекілбаев.

Тіл жанашыры ретіндегі қос тұлғаның еңбегі мен жасаған іс-әрекеттері өз алдына бір зерттеу мақаласы болатындығын атап айтқымыз келеді.

Қорыта айтқанда, қай жерде де – әдебиетте де, баспасөзде де, қиын да жауапты қайраткерлік, қоғамдық жұмыстарда да Ақымет пен Шерханның өз орны бар, қайталанбас, қайсар да өжет үні бар. Қазақ елінің ел болып, ұлттық идеологиясының қалыптасып, дамыған мемлекетке айналуы жолында аянбай қызмет жасай білген, бір емес бірнеше сала мен қызметті игеріп, тарихи құндылықтарды дәріптеп, әдебиетті дамытқан, баспасөзді қарыштатып, драматургияны кемелдендірген, публицистиканы қару қылып, газетті өрісі ете білген, қазақы философияны нықтап, ұлттық болмыстың қалыптасуына ықпал жасаған қос тұлғаның әмбебап екендігі ешқандай да дау тудырмайтыны сөзсіз ақиқат.

Біз Шерхан Мұртаза бейнесінен қазақ халқының аяулы перзенті, елі үшін еңіреп өткен, халқы үшін қайраткерлік, күрескерліктің ұлы үлгісін көрсеткен Ақыметтің тұлғасын танығандай боламыз. Ерліктер сабақтастығы үзілмесін, лайым…

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Саурықов Е.Б., Кембаева А.Т. Шерхантану. Оқу құралы. Тараз: ТИГУ баспасы, 2018 – 245 б.
  2. Ыдырысов Әбілфайыз. Тұлғалар. Алматы: Қазақ университеті, 2010. – 318 б.
  3. Кәкішев Самырат. Ахаң туралы ақиқат. – Алматы: Қазақстан: Шапағат, 1992. – 112 бет.
  4. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы – Алматы, «Ана тілі», 1992, 448 бет.
  5. Ойсылбай Айсұлу. Ахмет Байтұрсынұлы: «Әдебиет танытқыштағы» қазіргі әдебиет теориясы. Монография. – Алматы: «Елтаным» баспасы, 2015. – 200 бет.
  6. Ұлттың ұлы ұстазы (Халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері, ғалым, ағартушы Ахмет Байтұрсыновқа арналады): «Ұлы тұлғалар» атты ғылыми-библиографиялық серия/ Құрастырушы: В.Қ.Күзембаева. – Алматы: ҚР БжҒМ. Орталық ғылыми кітапхана, 2001. – 305 б.
  7. Жұмабек С.Е. Шерхан Мұртаза. Жұлдызы нұрлы суреткер (Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның шығармашылық жолы жайында). Роман-монолог. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2002. – 152 бет.

Айнұр КЕМБАЕВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ А.Байтұрсынұлы атындағы «Қазақ тіл білімі» кафедрасының  І курс докторанты, филология магистрі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.