Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шекара шебі шегендеулі

«Шөлдала» заставасындағы бір күн

0 475

Жер – әр мемлекеттің басты байлығы. Тарихқа көз жүгіртсек, адамзат жаралғалы бері осыған дейін де, қазір де дүние жүзінде жанжал мен соғыс атаулының дені жер үшін болып жатқанын аңғару қиын емес. Жерсіз елдің ертеңі де, болашағы да жоқ. Ғұндардың атақты билеушісі Мөде «Жері жоқ ел бола алмайды, жері жоқ ел мемлекет құра алмайды» деп текке айтпаса керек. Әйгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы ертеректе қазақтың жері қазіргі аумағынан екі есе көп болғанын айтады. Қазір де егеменді еліміздің жері кең байтақ.

Қазақстан батысында – Еділдің төменгі ағысынан шығысында – Алтай тауларының етегіне дейін 3 мың шақырымға, солтүстіктегі – Батыс Сібір жазығынан оңтүстіктегі Қызылқұм шөлі мен Тянь-Шань тау жотасына дейін 1 650 шақырымға созылып жатыр. Әлемде жер көлемі бойынша тоғызыншы орындамыз. Барының берекесін берсін. «Барға – қанағат, өткенге – салауат».
Егемендіктің қазаққа берген сыйы – кең байтақ даласын жат көздің сұғынан қорғап, шекарасын дер кезінде сызып, іргесін бекітуі. Себебі кез келген мемлекеттің берік болуы шекарасының шегенделуінен басталады. Бұл жағынан алғанда, ел үшін маңызды шаралар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қабылданып, бекітілген болатын.


Ел тыныштығы мен егемендікті сақтаудың, аумақтық тұтастықты және шекараның мызғымастығын, еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету – үлкен саяси міндет. Осы міндетті басшылыққа ала отырып, еліміздегі шекарашылар мемлекетіміздің тыныштығы мен тұтастығының жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Шекара саласы көптеген түйткілді, түйінді мәселелермен тығыз байланыста өмір сүреді. Кез келген кикілжің мен түсініксіздік үлкен дауға, халықаралық деңгейдегі қатынастардың ушығуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан шекарашылардың алдында, ең бастысы, ел абыройы мен қолдарында бейбітшіліктің кілті тұр десек қателеспейміз. Шекара қызметіндегі әр офицер мен сарбаздың жүгі – осы. Көпшіліктің көңілінен шыға біліп, күнделікті қарбалас қызметінде мемлекеттік шекараның бекітілген талаптарға сай қорғалуын қамтамасыз ету оңай шаруа емес.
Жалпы осыдан 31 жыл бұрын 1992 жылғы 18 тамызда ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен КСРО-ның «Шығыс» шекаралық округінің базасында Қазақстанның Шекара әскері құрылған болатын. Кейін, 1995 жылы ол Шекараны күзету жөніндегі мемлекеттік комитет болып өзгерсе, 1997 жылдан бастап, Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарындағы Мемлекеттік шекара күзетінің күштері ретінде түрленді. Арада екі жыл өткен соң шекара қызметінің жұмыс ауқымы ұлғайғаны ескеріліп, Н.Назарбаевтың Жарлығымен шекарашылар Қарулы Күштер қатарынан алынып, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қарамағына берілді. Сөйтіп, осы күні Ұлттық қауіпсіздік сапында тұрған ел қорғандары есірткі трафигіне, экстремизм мен терроризмге қарсы күрестерге мамандандырылған. Бүгінде мемлекетіміздің шекарасы толық күзетке алынған. Оның жалпы аумағы 15 132 шақырымға жетіп отыр. Еліміздің іргесін қатаң бақылауда ұстап отырған маңызды қызмет иелерінің кәсіби мерекесі қарсаңында біз Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаментіне бағынысты «Шөлдала» шекара заставасына барып, шекарашылардың бір күндік тыныс-тіршілігімен танысқан едік.
Аталған застава 2012 жылы құрылған. Мұнда офицерлер, келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметкерлермен қатар, мерзімдік қызмет етуге келген жас жауынгерлер шекара учаскесінің тыныштығын күн демей, түн демей күзетуде. Қырғыз Республикасымен арадағы шекараның күзетінде тұрған заставаны капитан Шыңғыс Омаров басқарады. Оның айтуынша, шекарашылардың қырағы жұмысының арқасында шекараны заңсыз кесіп өтпек болған 100-ден астам адам қолға түсіп, 50-ден астам контрабандалық әрекеттің жолы кесілген.
– Заставаның негізгі қызметі – Қазақстан Республикасы шекарасының бұзылуын болдырмау және контрабандалық тауарлардың жолын кесу. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деп батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, біз әскерде жеке құрамды татулыққа, ауызбіршілікке, әскери бұйрықтарды мүлтіксіз орындауға, еліміздің тыныштығы мен мемлекеттік шекараны күзетуге, өз міндеттерін абыроймен ақаруға тәрбиелейміз. Сонымен қатар скери ұжымға арналған мәдени, тәрбиелік және спорттық шаралар тұрақты түрде өткізіліп отырады. Сондай-ақ жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында шекаралық аумақтағы елді мекендердің мектептерінде «Шекарашының жас достары» үйірмесі ұйымдастырылған. Еліміздің бейбіт өмірін күзету барлығымызға ортақ міндет болғандықтан, біз өзіміздің міндеттерімізді жоғары деңгейде атқаруға барымызды саламыз, – дейді застава бастығы.
Ел күзету аманатын арқалаған басшыға түсетін жүкті бөлісе көтеріп жүрген орынбасары Есбол Нұрланұлының да ұжым ісіне қосқан үлесі сүбелі екен. Ол шекара маңы тұрғындарына шекаралық саясатты түсіндіруде, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде жүйелі жұмыс атқарып келеді.
Застава жұмысымен танысуды енді бастағанымыз сол екен, мұнда Ұлттық қауіпсіздік комиеті Шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаменті бастығының тәрбиелік-идеологиялық және кадрлық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Саят Шубаев келді. Біздің мереке қарсаңында аталған бөлімшеге арнайы ат басын бұрғанымызды естіген ол Жуалы ауданында жүрген жұмыс сапарын уақытша тоқтатып, заставаның тыныс-тіршілігімен өзі таныстырып шығуды жөн көріпті.
Саят Серікұлының айтуы бойынша, құрылғанына 11 жыл болған застава облыс аумағында орналасқан 24 шекара бөлімшесінің бірі.
– Мұнда мерзімдік қызмет етуге келген сарбаздар еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылады. Өздеріңізге белгілі, олар 12 ай бойы Отан алдындағы борыштарын өтейді. Оларды майор, капитан шеніндегі офицерлер басқарады. Жалпы қазіргі таңда әскерде қызмет етуге барлық жағдай жасалған. Мұнда жайлы казармалар, офицерлерге арналған пәтерлер, спорт залы, асхана секілді барлық қажетті дүниелер қарастырылған. Сондай-ақ бөлімшеде әскерилермен қатар, қызметтік иттер мен жылқылар қызмет етеді. Олар заң бұзушыларды тез арада анықтап, қолға түсіруге көп көмегін тигізіп келеді, – дейді департамент бастығының орынбасары.
С. Шубаев жалпы шекарада қызмет ету оңай еместігін айтады. Күн мен түнге, ауа райының қолайсыздығына қарамай ел қорғанында тұратын азаматтар қашанда құрметке лайық екені рас. Заставада, комендатурада тікелей шекара қорғап жүрген азаматтардың жұмысы тіптен ауыр екенін айтқан Саят Серікұлы бізді бөлімше аумағындағы нысандармен таныстырып шықты.
– Заставаның негізгі әкімшілік ғимаратында басшылықтың кабинеттері, шекарашылардың дайындығын арттыру мақсатында сабақ өтетін сыныптар, олардың жатын орындары, демалыс бөлмесі, жуынатын бөлме, кезекшілердің орны, асхана секілді маңызды нысандар орналасқан. Сарбаздарға 3 мезгіл тамақ қарастырылған. Ал нарядқа шығатын жауынгерлер мен 2 сағаттан артық жұмыс істеген сарбаздар үшін қосымша ас әзірленеді. Осы тұста әскерилерге дайындалатын тағамдардың барлығы құнарлы, нәрлі екенін айта кеткен жөн. Олардың мәзірі арнайы мамандардың қатысуымен дайындалған. Сондай-ақ оларға барлық дәрумендер болуы үшін жеміс-жидек, көкөністер мен бал, сүт өнімдері, тәтті тағамдар да беріледі.
Сонымен қатар мұнда отбасылы қызметкерлер үшін арнайы пәтерлер қарастырылған. Бұдан бөлек, сержанттық құрам үшін арнайы жатақхана да бар. Олар мұнда қалаға қатынамай жұмыс істей алады.
Айта кетер жайт, мұнда үлкен спорт залы салынған. Мұндай ғимарат барлық бөлімшелерде кездесе бермейді. Оның ішінде футбол, волейбол және баскетбол секілді ойындар ойнауға жағдай жасалған. Сонымен қатар арнайы жаттығатын бөлме де бар. Мұнда сарбаздар жоспарға сәйкес, күнделікті 1-1,5 сағат спортпен шұғылдана алады. Застава аумағында монша, кір жуатын ғимараттар да қарастырылған.
Көліктерге арналған жабықжай, арнайы көлік жуатын орын да салынған. Олар қызметтік көліктердің ауа райына қарамай қызмет етуіне, күтімі жақсы болуына мүмкіндік береді.
Дәл осындай шапшаңдықты қамтамасыз етуде біздің қызметтік жылқылар мен иттердің де тигізіп отырған септігі мол. Оларға арналып арнайы қоражайлар тұрғызылған. Жануарлардың күтімімен осындағы сарбаздардың өзі айналысады. Қазір мұнда 4 ит сарбаздармен қатар қызмет етуде. Олар із кезгіш, күзеттік болып бөлінеді. Жалпы заставаның күзетіндегі шекара аумағының ұзындығына байланысты иттердің саны әрқалай болуы мүмкін.
Айта кетер мәселе, төрт аяқты шекарашылардың қызметі де бағаланады. Ол иттің қабілетіне байланысты болады. Мәселен, жақсы үйретілген жануар кемінде 2 сағаттық ізді алып, бірнеше шақырым сол ізді жоғалтпауы керек. Міне, осы секілді талаптарға байланысты қызметтік иттердің жұмысына баға беріледі. Алматы облысында орналасқан Шекара қызметінің кинология орталығында өсірілетін иттерге қойылатын талап жоғары. Осындай ауыр қызметті мүлтіксіз атқарып жүрген иттер мен кинолог мамандардың жұмысы ауыр. Мәселен, бөлімшеде қызмет ететін біздің кинолог маман, кіші сержант Қуанышбек Карбозов Тамерлан атты итімен бірге шекара шебінің шегендеулі болуын қамтамасыз етіп келеді, – дейді С.Шубаев.
Сержант Қуанышбек Карбозовты нағыз бейбіт күннің батыры деуге болады. Өйткені ол 2017 жылы «Көксай» шатқалында қар көшуі салдарынан омбы қардың астында қалған адамдарды құтқаруға қатысып, Енисей атты итімен бірге 10 адамды қалың қар астынан алып шыққан.
– Менің шекара қызметінде жүргеніме 14 жылдан асты. Осы уақыт аралығында мен төрт аяқты әріптестерімізбен тығыз байланысты жұмыс істеп келемін. Менің ойымша, қызметтік иттердің мемлекеттік шекараны қорғаудағы жұмысы орасан. Бұлардың да біздер секілді арнайы оқытылған жұмыс бағыты болады. Мәселен, кедендегі иттер тыйым салынған заттарды іздеуге машықтанса, шекара шебіндегі төрт аяқтылар адамның ізін табуға үйретілген. Бүгінге дейін осы көмекшілеріміздің арқасында мемлекеттік шекараны бұзған талай адам қолға түсті, – дейді ол.
Өзініңң ерлігі жайлы айтуды ұнатпайтын Қуаныш ол әрекетін азаматтық борышы деп білетінін ғана жеткізді. Сондықтан сонау қаралы күнгі жағдай жайлы өзіміз суыртпақтап сұрауымызға тура келді. «Аталған қайғылы оқиға болған күн қарапайым, басқаларынан еш айырмашылығы жоқ кезекті жұмыс күні болатын», – дейді Қуанышбек. Ол заставада күнделікті қызметін атқарып жүрген.
– Сол кезде «жауынгерлік даярлау бойынша жоспарлы сабақтар барысында №91678 әскери бөлімнің 17 қызметкері қар көшкінінің астында қалды» деген хабар келіп жетті. Оқиға орнына бірінші болып жетіп, қар астында қалған адамдарды Енисей атты қызметтік итіммен бірге іздеуге кірістік. Менің есебім бойынша көшкен қардың қалыңдығы шамамен 7 метрдей еді. Мұндай қалыңдықтан иттің иіс сезуі қиын. Алайда Енисей екеуміз қарды қазып, іздеуді жалғастыра бердік. Бір-екі сағаттан кейін ғана ит адамның иісін сезіп, бес метрлік тереңдіктен алғашқы жауынгерді алып шықтық, – дейді кіші сержант.
Қуанышбек Карбозов тәуліктік кезекшіліктен кейін қатты шаршағанына қарамастан, Енисеймен бірге дабыл тобының құрамында шатқалда қалған 17 адамды іздеуге қатысқан. Оның 10-ы осы Қуанышбек пен Енисейдің ерлігі арқасында аман қалды.
Құтқарылған сарбаздардың ата-аналары, жұбайлары мен балалары Қуанышбекке алғыстарын білдіріп, ақ баталарын берген. Осындай ерлігі мен жанқиярлығы үшін Қ.Карбозов ҰҚК Шекара қызметі Әскери кеңесінің шешімімен «2017 жылдың үздік шекарашысы» деп танылған.
2009 жылдан бері шекарада қызмет етіп келе жатқан оның жетістіктері аз емес. Мәселен, Қуанышбек бірнеше рет адал көмекшілерінің көмегімен шекара бұзушыларды құрықтап, контрабанданың жолын кескен. Ал шекара ведомствосының, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының және Тараз отрядының кинологтары арасында өткен жарыста «Үздік іздестіру тобы» аталымы бойынша бірнеше рет жеңімпаз атанған.
«Шөлдала» шекара заставасының тағы бір ерекшелігі – мұнда елімізде биылдан бастап енгізілген пилоттық жоба жүзеге асып жатыр. Яғни мерзімдік әскери қызметке шақырылған жас сарбаздар бұдан былай еліміздің өзге өңірлеріне жіберілмей, өзі туған аймақта қызмет етуге мүмкіндік алып отыр.
– Қазіргі таңда мемлекетімізде мерзімді әскери қызметке шақыртудың аумақтан тыс принципі жалғастырылуда. Яғни әскерге шақырылушылар өздерінің облыстарынан тыс мемлекетіміздің басқа өңірлеріне қызмет атқаруға кетеді. Алайда болашақ шекарашыларға бұл тәртіп енді қолданылмайды. Жамбыл облысынан шақырылған жастар үйінен бір қадам дерлік жерде борышын өтемек.
Әскерге шақырылушылар қатарындағы іріктеуден өткен жас сарбаздар ең алдымен Қордай ауданы бойынша шекара басқармасының базасында орналасқан техникалық және кәсіби даярлау бөліміне оқуға жіберіледі.
Қордай ауданы бойынша шекара басқармасы – бұл заманауи ғимараттары мен казармалары бар, тамақтану мен медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастырудың жоғары деңгейіндегі үлкен әскери қалашық. Оқу орталығының оқытушылары мен нұсқаушыларының құрамын тәжірибелі офицерлер мен кәсіби дайындықтары жоғары әскерилер құрайды, – дейді Ұлттық қауіпсіздік комиеті Шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары Саят Шубаев.
Жалпы жыл сайын Жамбыл облысынан 300-ге жуық жас Шекара қызметінің қатарына қабылдануда. Жаңа өзгерістер Отан алдындағы борышын өтеушілердің санын арттырады деген жоспар бар. Сондықтан шекарашылардың қатарына іріктеу бұрынғыдан да аса мұқият жүргізілмек. Атап айтсақ, жастардың өмірбаяндық деректері, физикалық және моральдық-психологиялық жағдайы, сондай-ақ шақырылушының мерзімді әскери қызмет өткеруге дайындығы егжей-тегжейлі зерделенбек. Осы сыннан сүрінбей өткен сарбаздар мерзімді қызметі аяқталғаннан кейін келісімшарт бойынша әскери қызметте қалу мүмкіндігі бар.
Қазіргі уақытта келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің ең төменгі жалақысы 250 мың теңгені құрап отыр. Сондай-ақ ай сайын тұрғын үйді жалға алу өтемақысы мемлекет есебінен төленеді. Тағы бір айта кетерлігі, қызмет өткеру барысында сарбаздардың ҚР ҰҚК Шекара академиясына және шет мемлекеттердегі басқа да жоғары әскери оқу орнына түсу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар мерзімді әскери қызметті өткерген және өзін жақсы жағынан көрсеткен азаматтар еліміздегі жоғары оқу орындарында тегін оқуға түсе алады.
Аталған пилоттық жоба аясында «Шөлдала» бөлімшесінде 3 сарбаз қызметін атқаруда. Соның бірі – Шу ауданының тумасы, ефрейтор Нарықбай Мақсатұлы.
– Шекара қызметі жылдамдық пен үлкен жанкештілікті талап етеді. «Жау жоқ деме – жар астында» деген мақалды жадына мықтап түйген сарбаздар мұнда «босаңсуға уақыт жоқ» деген ұран ұстанады. Әрбір секунд санаулы. Мемлекет атынан бұйрық алып, ел бекінісін күзетуге шыққан жауынгер алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Соған қарамастан, күн мен түнді елемей, ел шебін қызғыштай қорғайды. Бұл қызметте бұйрық талқыланбайды. Темірдей тәртіпке нағыз жаужүректері ғана шыдай алады. Қалай болған күнде де Отан қорғауың керек, бізді үнемі осыған дайындайды. Шекарашы әрдайым физикалық тұрғыдан, моральдық жағынан дайын болып тұруы керек. Мемлекеттік шекараны бұзған адамды кездестірген кезде сен Отан үшін өз жаныңды қиюға әрдайым дайын болу керексің.
Ата-анаңнан, туған-туыс, дос-жараннан алыстасың. Алайда әскери борышымды өз облысымызда өтеп жатқаным қуантады. Өйткені қажет жағдайда туыстарым маған еш қиындықсыз келіп, хал-жағдайымды біле алады. Жаңа пилоттық жобаның беретін мүмкіндіктері мол. Сондықтан замандастарымды әскер қатарында қызмет етуге шақырамын, – дейді жас сарбаз.
Жалпы «Шөлдала» заставасында өткізген бір күн ішінде шекара шебінде жүрген азаматтардың қызметі қаншалықты жауапты болса, соншалықты ауыр екенін анық аңғардық. Біз де бөлімшемен танысуымызды аяқтап, Таразға кері қайтуға дайындалып жатқанымызда, бақылау мұнарасынан шекара бойынан күдікті қимыл байқалғаны туралы хабар келіп жетті. Сол сәтте-ақ дабыл белгісі қағылып, санаулы секундтардың ішінде арнайы жасақ төрт аяқты шекарашы Тамерланмен бірге көлікке жүгіре мініп, сызық бойына аттанып кетті. Бір сәт те босаңсуға жол берілмейтін қырағы қызметтің өкілдеріне сәттілік тілеп, біз де жолға шықтық.
Шекара шебі әрдайым шегендеулі болсын!

Мұратхан Әлімхан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.