Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шебер қолды шопыр

0 324

Талант тасада қалуы мүмкін емес. Оған дәлел – Абылхан Өтепбергеновтің елуді еңсерген шағында ағаштан ою оюды ермек етіп, ұста атанғаны.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ол – бүкіл қазақ даласын шарлап шыққан көлік жүргізушісі. Осыдан төрт жыл бұрын Абылхан ағаның бойынан кенеттен сурет салу, қолөнер бұйымдарын жасау, ағаш ою өнеріне бейімділігі байқала бастаған. Қолөнерші бүгінде Жамбыл облысының Айша бибі ауылында тұрады. Мамандығы – зоотехник. Ол өзінің бойына бұл өнердің аяқ астынан пайда болғанын айтады.

– Бұл өнердің қайдан келгенін, қалай пайда болғанын білмеймін. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған айтысқа бардық. «Баласағұн» орталық концерт залының дәлізінде ашылған көрмеден көне ағаш ыдысты көрдім. Әдемі нақышты қошқармүйізге қарап тұрып сүйсіндім. Менің де жасағым келді, – дейді Абылхан Өтепбергенов.

Арада бірнеше күн өткен соң, үйінің ауласында жеміс бермеген зәулім өрік ағашына көзі түседі. Көлеңкесінен басқа пайдасы жоқ ағашты кесіп, кептіріп, қошқармүйіз жасауды қолға алады. Қолында ұсталық етуге лайықты құрал-сайманы жоқ болған соң, ол өз ойын іске асырып, ағашты оюға пышақ, балта, араны қолданады.

– Балталап, пышақпен жонып жасаған алғашқы қошқармүйізім келініме ұнап қалды. Сөйтіп, ол еңбегімді келініме сыйлап жібердім. Ол қошқармүйізді алып, Маңғыстауға кетті. Кейінірек екіншісін де жасап, сыйға тарттым. Артынша пиала, кесе, түрлі кәдесый атаулыны жасауға кірістім. Бастапқыда жасағандарым өзіме ұсқынсыздау көрінді. Сондықтан сұрағандарға беріп жіберетінмін. Жақында қолым икемге келгенін байқап, жасаған бұйымдарымды сатуды қолға алдым, – дейді ол.
Қолөнерші үйінде, яғни Айша бибі ауылында, кейде 20 шақырымды еңсеріп, Тараздағы ежелгі «Төрткүл» керуен сарайында жұмыс істейді. Мұнда облыстық туризм басқармасының қолға алуымен «Көне Тараз шеберлері» этножобасы іске асырылуда.

Бұл керуен сарайында осыдан 15 ғасыр бұрын Ұлы Жібек жолымен келе жатқан керуендер тоқтап тыныстаған. Сондықтан қайта жанданған «Төрткүл» керуен сарайы «Ұлы Жібек жолы» туристік бағдарының танымал нысандары тізіміне еніп отыр.

Абылхан ағаның айтуынша, олардың тұқымында көркемөнер шебері, қолөнершілер болмаған. Сондықтан болар, өзінің өнерін хобби деп атап, оны жүргізуші кәсібімен қатар алып жүр. Дегенмен оның қолынан шыққан бұйымдар Төрткүлге қыдырып келгендерді де, мамандарды да тәнті етіп отыр. Немересі Мәдина да атасының шеберлігіне қызығып, оны үйренгісі келетінін жасырмады. Енді Таразға келетін туристер Төрткүлде тек ұлттық тағамдарды ғана емес, жамбылдық шеберлер жасаған қолөнер бұйымдарын да алу мүмкіндігіне ие.

Көрікті керуен сарайына ат басын тіреп келген туристер алтыбақан теуіп, халық әндерін тыңдап, би билеп, көңіл көтереді. Ал ең бастысы – он саусағынан өнер тамған шеберлердің көз жауын алар бұйымдарын қалай жасап шығатынын да тамашалауға мүмкіндігі бар.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.