Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Үшбұлаққа» мыңнан астам ақ амур жіберілді

0 194

Таза табиғат, жасыл желек пен мөлдір су – баршамыздың ортақ байлығымыз. Сол байлықты сақтау мақсатында әртүрлі экологиялық жобалар қолға алынуда. Осыған орай, қала тұрғындарының сүйікті демалыс орны саналатын «Үшбұлақ-2» жағалауы жыл өткен сайын жаңа жобалар арқылы көркейіп келеді.

Осындай жобалардың бірі – су айдынына мыңнан астам ақ амурдың жіберілуі. Бұл жоба «Алтын бұлақ» балық шаруашылығы мен «Жасыл Ел-Тараз» мекемесінің бірлесіп атқаруы арқылы жүзеге асты. Мақсат – каналдың экожүйесін сақтау, судың сапасын арттыру және табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіру.
«Жасыл Ел-Тараз» мекемесі директорының орынбасары Айдын Бейсековтің айтуынша, ақ амур – балдырларды азық ететін, су айдындарын табиғи түрде тазартатын ерекше балық. Сондықтан оны «су қоймасының нағыз санитары» деп атайды.
– Ақ амурдың көбеюі судың сапасын арттырып қана қоймай, басқа да балық түрлерінің өсіп-өнуіне қолайлы жағдай жасайды. Балдырдан арылған су мөлдір әрі таза күйінде сақталып, табиғи тепе-теңдік орнығады. Бұл – тек табиғатты қорғау шарасы емес, тұрғындардың салауатты өмір салтына қосылған үлес, – дейді Айдын Жарқынбекұлы.
Мамандардың айтуынша, ақ амурдың бір ғана басы жылына 30-40 килограмм балдыр жеп, су экожүйесінің тазалығын қамтамасыз етеді. Сондықтан мыңнан аса балықтың жіберілуі жағалаудың болашағын қорғаудың маңызды қадамы болып отыр.
Дегенмен қала тұрғындары мен табиғат жанашырларын алаңдататын мәселе – балықты заңсыз аулаушылардың көбеюі. Сондықтан су айдынына жіберілген балықтарды қорғай отырып, жағалауды таза ұстау әрбір тұрғынның борышы. Тек осылай «Үшбұлақ» табиғатының әсем келбеті ұзақ жылдар бойы сақталып, қала тұрғындары мен қонақтарына демалыс пен тынығудың керемет орны бола береді.
«Үшбұлақ – 2» – тек демалыс орны емес, әрбір тұрғын үшін табиғатты қорғаудың символына айналған қасиетті мекен. Мұны сақтау – әрқайсымыздың міндетіміз.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.