Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шаттық күйі шарықта!

0 306

Шілде айының алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні. Қос ішекті, аққу мойынды қазақтың төл аспабы ел ішінде ұлттық құндылығымызды арттыру мақсатында Тұңғыш Президент саябағында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен «Домбыра – дастан» атты кеш барысында аталып өтті.

Құралай ІЗЕТБАЕВА

Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның қазақ ұлт аспаптар оркестрі мен Тараз қалалық мәдениет үйінің үйірме оқушыларының орындауындағы Түркештің «Көңілашар» күйімен ашылған концертте облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:

– Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Бүгінге дейін қазақтың әр шаңырағының төрінен табылған киелі домбыра тұрған жерге жын-жыбыр, жағымсыздық жуымайды деген наным бар біздің халықта. Домбыра – халқымыздың қуанышын да, мұңын да, тіпті қоғамына айтар ішкі үнін де айна-қатесіз әрі әсерлі әуенмен жеткізе білгендігімен құнды аспап. Сонысымен де қазақ үшін қадірлі, қасиетті. Бүгінгі ұрпақ та киелі аспабымызды қастерлеп, төрімізге қойып, құндылығымызды арттыруға тиіс, – деп барша тұрғындарды мерекемен құттықтады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған бұл шара бабалардан бізге жеткен қасиетті домбыраны жас ұрпаққа дәріптеуді көздеді.

Мерекелік шарада ҚР мәдениет қайраткері, күйші-композитор Аман Малдыбаевтың сүйемелдеуімен «Көне Тараз» күйі, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның қазақ ұлт аспаптар оркестрі мен әншілерінің, қала өнерпаздарының орындауымен Құрманғазының «Сарыарқа», «Балбырауын», М.Әубәкіровтің «Талас», Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым», «Әулиеата» күйлері көпшіліктің назарына ұсынылды. К.Әзірбаевтың «Бастау», «Домбыра», Ш.Қалдаяқовтың «Жаңарған Жамбыл», Н.Тілендиевтің «Өз елім» және тағы басқа әндер шырқалды. Күмбірлей төгілген күй мен әуелеген ән тыңдарман қауымның көңілінен шыққаны қуаныш лебі ескен жүздерінен байқалды.

Сондай-ақ Елорда күніне орай да қалада түрлі мәдени кештер мен спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Тараз-Арена» спорт кешенінде «Жайнай бер, менің Елордам!» атты жұмысшы жастар арасында спартакиада, «Тектұрмас» этнотарихи кешенінде «Елбасы мен Елорда – егіз ұғым» атты макеттер байқауы, Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында концерттік бағдарлама, көрме, Қайрат Рысқұлбеков саябағында «Жасай бер, жайнай бер, Елорда!» акустикалық кеш және «Ару қалам, асқақ ордам» атты мерекелік кеш өтті. Достық үйінің алдында этномәдени бірлестіктердің өкілдері арасында фестиваль, көрме, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағының амфитеатрында облыстық филармония, қалалық мәдениет үйінің, Шу және Қордай аудандары өнерпаздарының концерттік бағдарламасы мен спорттық ойындар, «Төрткөл» керуен сарайында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» атты қойылым көрсетілді.

Ал «Таразға тарту» жобасы аясында бірнеше нысан пайдалануға берілді. Энергетика және жол басқармалары «Спорт қалашығы» нысанын, Мемлекеттік сәулет құрылыс бақылауы басқармасы Айша бибі көшесін абаттандырды. Аумағында «Айша бибі» стэласы ашылып, гүлзарлар отырғызылып, әткеншектер орнатылды. Дене шынықтыру және спорт басқармасы Әулиебұлақ бастауының айналасын абаттандырды. Еңбек инспекциясы мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармалары бірлесе Еңбек скверін тарту етті. Салмағы 10 тонналық еңбек адамына арналған Құрмет тақтасы орнатылды. Қазақстанда алғаш рет Қаржыгерлер сквері Таразда ашылды. Осылайша, қала бойынша 42 нысан халық игілігіне табысталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.