Бүгінде қала маңындағы алқаптардың тынысын кеңейтуге айрықша көңіл бөлінуде. Бұл шаһардың үш жылдық даму жоспарында да айқын көрініс тапқан. Осы бағытта атқарылып жатқан ілкімді істер жетерлік. Соның нәтижесінде алқап тұрғындары кезең-кезеңімен инфрақұрылымның игілігін сезініп, таза ауыз сумен, тақтайдай тегіс жолмен қамтамасыз етілуде.
Әсіресе жол мәселесі тұрғындарды көптен толғандырып келеді. Күні кеше осы түйткілдің түйіні тарқатылып, «Шалғай Қарасу» алқабындағы К.Кенжетай, Бақтияр баба, С.Әбдиев көшелері мен Қ.Мұхамеджанов көшесінің 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13 бұрылыстарына шағал төселді. Бұл жол құрылысын мердігер «KATSA» ЖШС жүргізсе, техникалық қадағалаушы – «КЦУП» ЖШС.
Алқаптағы көптен күткен мәселенің шешімін тауып келе жатқанына тұрғындар да қуанышты.
– Бұл алқап облыс орталығының құрамына қосылғалы біршама жылдың жүзі болды. Алайда содан бері жолдың зардабын тартып келеміз. Әсіресе көктем мезгілінде балалардың мектепке баруы қиынға соғады. Жедел жәрдем көліктерінің де діттеген жеріне жете алмай қалған кездері аз емес. Бүгін міне, жағымды жаңалыққа куә болып отырмыз, – дейді алқап тұрғыны Серікбай Тұрғынбеков.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта өзге де алқаптарда жалғасын таппақ.
Құрбанәлі Шахабай