Күләш ӘБДІКЕШОВА,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы
Тарихы терең шаһарымызды дамытып, келбетін айшықтау бағытында қыруар жұмыстар атқарылуда. Жемісін берген жарқын жобалар да баршылық. Соның нәтижесінде қаламыз күннен-күнге құлпырып келеді. Бүгінде шағын аудандардың ішіндегі арықтар суға толып, талдарға нәр беріп тұр. Алайда кейбір жерлерге бұл әлі жете қойған жоқ. Сондықтан мұны аяқсыз қалдырмай, керісінше, одан әрі ілгерілету керек. Терек-талдарымыз көгеріп, жайнап тұрса, көрген жанды тамсандырмай ма? Сондай-ақ ұлт қайраткері Д.Қонаевтың мүсінінің айналасын абаттандыру жұмыстары көңілді құлазытады. Келер жылы даңқты тұлғаның дүниеге келгеніне 110 жыл толады. Соған орай ескерткіштің айналасына шырша, тал егіп, абаттандырса нұр үстіне нұр болар еді. Облыстық драма театрдың алдында орналасқан А.Тоқпановтың еңселі ескерткішінің маңына да дәл осындай көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, өз алдына жасыл аймаққа айналдырған жөн деп санаймын. Шаһарымыздың жасыл желекке оранғаны қалаға ат басын бұрған туристердің жанына жылулық сыйлап, жақсы әсер қалдырады. Бұл өз кезегінде қала экологиясының тазаруына да септігін тигізеді. Ал таза экология – зор денсаулық кепілі. Бұған Ардагерлер кеңесі қолдау көрсетіп, барынша атсалысуға әзір.