Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шаһарда жаңа басшы

0 237

ҚР Президент әкімшілігі мен Тараз қалалық мәслихатының келісімімен, Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Қарабалаев Айтқазы Дәулетқұлұлы Тараз қаласының әкімі болып тағайындалды.

Арайлым Шабденова Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Тараз қаласы әкімдігінің аппаратында өткен актив жиынында аймақ басшысы Асқар Мырзахметов қала активіне шаһардың жаңа басшысын таныстырып, бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Өңір басшысы облыс орталығы болған соң қала әкіміне жүктелетін жауапкершіліктің салмағы да жеңіл болмайтынын атап өтіп, әлеуметтік мәселелерді шешуде, экономиканы көтеруде табандылық пен жүйелі жұмыс керектігін баса айтты.

– Жылды қорытындылайтын уақыт таяу. Бүгінде қала бойынша әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселелер жетерлік. Соның ішінде энергетика саласы бойынша қала маңындағы саяжай-алқаптарын газдандыру мен таза ауыз су тарту. Бүгінде 35 алқаптың 28-і көгілдір отынмен қамтамасыз етіліп отыр. Қала бойынша 138 көше мен қиылыстарға жол салынып, кейбірі асфальттанды. Сонымен қатар қаладағы коммуналдық мәселелер, оның ішінде шаһардағы бағдаршамдар мен электр желілерін жүйелеу қажет. Қаладағы жолдарды реттеу, жолаушылар тасымалындағы қоғамдық көліктерді электронды билеттендіру, аялдамаларды бірыңғай типке келтіру бойынша хаттамалық тапсырмалардың әлі күнге орындалмағаны белгілі. Сондай-ақ құрылыс саласында да кері тарту бар. Мәселен, 14 мөлтек ауданның егжей-тегжейлі жоспары толық жасалмағандықтан жұмыс басталмай отыр. 2020 жылдың бюджетіне енуі керек бірқатар тапсырмалардың уақытылы орындалмауының салдарынан облыстың жұмысына да өз кедергісін келтіруде. Білім саласына келер болсақ, күні кеше орын алған келеңсіз оқиға бойынша бірқатар жауапты сала мамандары өз орындарынан кетті. Бүгінде облыс бойынша 442 мектептің әжетханасының 260-ы ғана іште орналасқандығы белгілі болды. Бұл орайда барлық жұмыс бірден жасалына салады деген сөз емес. Барлығының егжей-тегжейлі жоспарын, сметалық құжатын дайындау да үлкен жұмыс, – деген өңір басшысы жаңа әкімге осы орайда нақты шаралар қабылдау керектігін тапсырды.

Жиында сөз алған қаланың жаңа басшысы Айтқазы Қарабалаев: «Сенімдеріңізді ақтауға бар тәжірибемді жұмсайтын боламын. Облыс әкімі Асқар Исабекұлының берген тапсырмаларын тиянақты орындап, көне шаһардың одан әрі гүлденуіне барлығымыз бірдей атсалысайық!» – деп артылған жауапкершілікті сезінетінін, сенім үдесінен шығуға барын салатынын жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.