Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шаһарда діни ахуал тұрақты

0 325

Қала әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің отырысы өтіп, онда бірқатар мәселелер қаралды.

Зере ҚУАНЫШ

Жиынды қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев ашып, жүргізді. Күн тәртібіне шығарылған «Тараз қаласындағы діни ахуал туралы» тақырыпта қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбекова хабарлама жасады.

– Бүгінгі таңда қалада 4 конфессия бойынша 58 діни бірлестік пен филиал, 11 намазхана мен 1 құлшылық жасау орны тіркелген. Олар «Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігінің 33 мешітімен 11 намазхана, христиан бағытындағы 21 діни бірлестігі мен 4 филиалы және 1 құлшылық жасау үйі (2 православиелік діни бірлетігі және 1 филиалы, 1-Рим Католик, 18 протестанттық діни бірлестіктері мен 3 филиалы және 1 құлшылық жасау үйі). Дін бағытындағы бөлім жұмыстары Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы және «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы», басқа да дін саласына қатысты нормативтік-құқықтық актілерінің талаптары мен бөлім Ережесіне негізделген. Ағымдағы жылы қалада орналасқан оқу орындарында дін тақырыбында 77 іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шаралар жастар арасында патриоттық тәрбиені нығайтуға, діни сауаттылықты арттыруға және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған. Халықтың діни сауаттылығын арттыру мақсатында қала әкімінің өкімімен 7 ақпараттық-түсіндіру тобы құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Топтың құрамында қала әкімдігінің бөлім басшылары мен қызметкерлері, білікті дінтанушфы теолог пен психолог мамандар, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен қала имамдары бар, – деді бөлім басшысы.

Жиында белгілі болғандай ағымдағы жылы 37 ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 3000-ға жуық адам қамтылыпты. Ал жастарды деструктивті діни ағымдарынан сақтау және діни сауаттылықтарын арттыру мақсатында 29 кездесу, 3 «дөңгелек үстел» отырысы, 2 сауалнама, 1 кеңес беру және 2 ақпараттық материалдар топтамасы таратылған. Барлығы 37 іс-шара өткізіліп, 2375 жас қамтылған.

Баяндамашыға өз сауалын жолдаған «Жамбыл-Тараз» газетінің директор-бас редакторы, қалалық мәслихаттың депутаты Эльмира Мырза-Ғали «Иегово куәгерлерінің» бірімен болған әңгімені ортаға салып, деструктивті ағым өкілдерін тек ислам діни бірлестігінен ғана іздемей, өзгелердің де жұмысын назарға алу керектігін баса айтты.

– Қоғамның саяси-әлеуметтік дамуына селқос, экономикасының жетілуіне енжар, демографиялық жылжуына жаны ашымас бұл діни ұйым қашанғы қазақ жерінде миссиясын жалғастыра береді? Қаншама жастың тағдырын ұрлап, санасын улап, алмаға түскен жегі құрттай іштен ірітіп жата бермек? Біз радикалды ағымды тек сақалдылар мен қысқа балақтардың арасынан іздеп, нысанаға алғанда бұлар тып-тыныш өз ұпайларын түгендеп жүр емес пе? Бұларға қарсы сөз айта алатын теолог бар ма? Кешенді жоспар дайын ба?, – деген Эльмира Иниятқызы бұл мәселені аяқсыз қалдырмауды жеткізді.

Сондай-ақ жиында «Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы тарапынан діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша атқарылған жұмыстары туралы» сөз болды. Қалалық «Кеңесхан қажы» мешітінің бас имамы Амантай Садиев аталмыш тақырыпта баяндама жасады. Күн тәртібіне шығарылған екі мәселе бойынша жиынға қатысушылар жарыссөзге шыққан азаматтарға сауал жолдап, жауап алды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.