Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шаһар тазалығы – жіті назарда

0 217

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте несие арқылы салынған көпқабатты үйлердің қаражатын келісімшарт міндеттемесіне сәйкес бюджетке кері қайтару мәселесі қаралып, талқыға түсті. Сондай-ақ «Қала күні» мерекесіне дайындық жұмыстарының барысы да күн тәртібіне көтерілді.

Жиында ең әуелі қала әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Пәрімбеков сөз алып, 2021 жылы «Коммуналдық тұрғын үй қорының тұрғын үйін жобалау және салу, реконструкциялау» бағдарламасы бойынша №15 ықшамауданда көппәтерлі тұрғын үй құрылысын салуға облыстық бюджеттен кредит есебінен 13 223,2 млн теңге бөлінгенін баян етті. 2021 жылғы 13 сәуірдегі №1,2 келісімшарт негізінде кредит қарыз алушыға 2 жылға 4,25 пайыз жылдық сыйақы ставкасымен берілген. Несиені өтеу кестесіне сәйкес, 2023 жылдың шілде айында 6 215,1 млн теңге және қараша айында 7 008,0 млн теңге қайтарылуы тиіс болған. Алайда талдау барысында 2023 жылдың 1 қыркүйегіне «Азаматтарға пәтерлер сатудан түсетін түсімдер» сыныптама коды бойынша жылдық жоспар 12 851,6 млн теңгені құраса, жинақталған қаражат 2 038,5 млн теңге немесе 15,9 пайызды құраған.
Бүгінгі таңда №15 ықшамауданда құрылысы жүріп жатқан, пайдалануға тапсырылған көппәтерлі тұрғын үйлердің инженерлік-коммуникация мен абаттандыру жұмысының аяқталмауы пәтер сатылымына кері әсерін тигізуде. Сондай-ақ несиені толық және уақытылы қайтармау қаупі де туындаған.
Қала әкімі Бақытжан Орынбеков бұл мәселенің маңыз-дылығын айтып, сала мамандарына нақты тапсырма жүктеді.
Келесі кезекте сөз алған қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлназ Сматилдаева «Қала күні» мерекесіне орай 55 шара өткізу жоспарланып, оның бүгінде 28-і ұйымдастырылғанын айтты. Сондай-ақ күнделікті аумақтық округтерде «Туған жерім – Таразым» атты мерекелік іс-шаралар легі жалғасып жатқанын жеткізді.
Аппараттық кеңесте округтердегі тазалық мәселесі де жіті қаралды. Шаһар басшысы әр округ бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, соның нәтижесінде округ инспекторларының жұмысы бағаланатынын қатаң ескертті.
Жиында нысандардың жылыту маусымына дайындығы, мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамту және жол құрылысы да қаралып, жауаптыларға нақты тапсырма берілді.

Саян Тілеужан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.