Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шаһар айнасына айналған медиа-орталық

0 342

Қазіргі ақпараттық қоғамда билік пен қоғам арасындағы тиімді байланыс орната білу маңызды. Бұл ретте мемлекет пен азаматтар арасында диалог орнатуға ықпал ететін құралдардың бірі – жұмысы жүйеленген баспасөз қызметі. Тараз қаласында аталған ауқымды жұмысты қала әкімдігінің медиа-орталығы атқарып келеді. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күнінде көне шаһардағы игі істерді тараздықтардың назарына ұсынып, тұрғындар тарапынан түсетін түрлі сауалдарға жауап беруді негізгі міндеті деп білетін орталық қызметкерлерінің күнделікті тіршілігін бүгінгі мақаламызға арқау етуді жөн көрдік.

Қала әкімдігінің медиа-қызметін құру жұмыстары 2020 жылдың шілде айында басталған болатын. Ал «Тараз қаласы әкімдігінің медиа-орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ресми ашылу салтанаты қараша айында өткен еді. Бүгінгі таңда орталықта 13 қызметкер жұмыс істейді. Олардың ішінде журналистер, SMM, дизайнер және бейнеқұрастырушы мамандар бар. Құрылғанына көп болмаса да атан түйеге жүк болар жауапты жұмысты жүргізіп келе жатқан мекемені Балнұр Бектұрғанова басқарып отыр.
– Мекеменің басты мақсаты – қала туралы ақпаратты шоғырландыру. Медиа-орталықтың креативті тобының ең маңызды міндеттерінің бірі – қала құрылымдарынан келіп түскен ақпараттар легін жинақтап, өңдеп, БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы тарату. Сондай-ақ ресми парақшаларға қала тұрғындарынан келіп түскен сұрақтарға жауап беріп, Тараз қаласы жайлы медиа-ресурстардағы ақпараттардың мазмұнын сараптау. Бұдан бөлек, орталық қызметкерлері республикалық БАҚ пен интернет ресурстарда әкімдік жайлы шыққан ақпараттарға тұрақты мониторинг жүргізу, олардың қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар дайындау, әкімдік имиджін көтеруге бағытталған роликтер мен инфографикалар, баннерлер әзірлеу секілді күнделікті жұмыстармен айналысады, – дейді мекеме басшысы Балнұр Бектұрғанқызы.
Қала әкімдігінің медиа-орталығы – заманауи техникалық құралдармен жабдықталған, қоғаммен байланыс және журналистика саласындағы мамандар тобы шоғырланған ақпараттық орталық. Бұл – журналистер, қоғамдық ұйымдар мен азаматтардың өкілдері қала әкімдігінің өзекті жаңалықтарына, түсініктемелеріне және ресми мәлімдемелеріне қол жеткізе алатын орын.
Мекеменің негізгі ұстанымдарының бірі – ашықтықты қамтамасыз ету. Қала әкімдігінің медиа-орталығы БАҚ өкілдері мен жұртшылыққа жергілікті биліктің қызметі туралы сенімді және жедел ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұл шешім қабылдау процестерінің ашықтығын арттыруға және билік пен азаматтар арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етеді.
Келесі кезекте орталық жұртшылықпен өзара іс-қимылды реттеуге назар аударып келеді. Мұнда баспасөз конференциялары, брифингтер және басқа да шараларды ұйымдастырылады. Онда билік өкілдері журналистердің сұрақтарына жауап беріп, жұртшылықпен маңызды мәселелерді талқылай алады. Бұл әртүрлі тараптар арасында диалог пен пікір алмасу үшін платформа жасауға мол мүмкіндік туғызып отыр.
Ал медиа-орталықтың басты қызметі ақпарат тарату болып қала беретіні белгілі. Мекеме қызметкерлері азаматтарға қаладағы өзекті оқиғалар мен жобалардың дамуы туралы хабардар болуға көмектесетін ақпараттық материалдар дайындап, әкімдіктің ресми парақшаларына орналастырып отырады.
Жалпы орталық жұмысы қаланың дамуына және оның имиджіне айтарлықтай әсер етеді. Өйткені мұндағы негізгі жұмыс легі қала билігінің оң имиджін қалыптастыру, маңызды жобалар мен жетістіктерге назар аудару, сондай-ақ азаматтардың мемлекет саясатынан хабардар болу деңгейін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар медиа-орталықтың инвесторлар мен туристердің назарын аударуға ықпал етуде де еңбегі зор. Тиімді коммуникация мен ақпараттық қолдаудың арқасында қала әкімдігінің медиа-орталығы экономиканың дамуына және қала үшін жаңа мүмкіндіктерді тартуға ықпал ететін қолайлы іскерлік және туристік атмосфераны қалыптастырады.
Осылайша орталық билік пен қоғам арасындағы диалогты орнатуда маңызды рөл атқарып келеді. Ол мемлекет пен азаматтар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға айтарлықтай әсер етіп, ашық қоғам құруға ықпалын тигізуде.
– Медиа-орталық осы уақыт аралығында көптеген іс-шараларға атсалысып, көптеген бейнематериалдар дайындады. Қаламыздағы көптеген жаналықтарымен бейнероликтер арқылы қала тұрғындарын шаһарымызда жүзеге асырылып жатқан жаңашыл жобалармен, ілкімді істермен және өзге де жаңалықтармен таныстырды. Орталық әлеуметтік желідегі ресми парақшаларға қала тұрғындарынан келіп түскен сұрақтарына жауап беріп қана қоймай, ол шағымдар бойынша мәселелердің оң шешім табуына ықпал етті, – дейді Б.Бектұрғанова.
Медиа-орталық бұрынғы облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғимаратында орналасқан. Жаңадан құрылған мекемеге қажетті жағдай жасау мақсатында онда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толыққанды қызмет атқаруға қажетті барлық қондырғылармен қамтамасыз етілген. Мұнда қонақ қабылдайтын, арнайы тікелей эфирге шығатын студия мен монтаж, ақпарат жасалатын арнайы бөлмелер бар. Барлығы қажетті құралдармен жабдықталған.
Тараз қаласы әкімдігінің медиа-орталығы – жалпы қоғам мен қала әкімідігі арасындағы алтын көпір. Бұқара мен биліктің арасындағы байланыс орнататын мамандар құрамы.
– Жалпы қоғамда жасы кіші, бірақ үлкен жауапкершілікті арқалап жүргендерді «Бесіктен белі шықпай жатып…» деп менсінбейтіндер бар. Бұл ретте адамды есейтетін жас емес, өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен кәсіби тұрғыда өсуге, дамуға деген құлшынысы деп білемін. «Адам жаспен емес, жауапкершілікпен өседі» деген тұжырымды санаға сіңіріп, орталық жұмысының алға басуы жолында бар күш-қайратымды салып, шыңдалып келемін, – дейді мекеме басшысы.
Мемлекет басшысы айтқандай: «Қазір әлемде «life-long-learning» деген ұғым кең тарап жатыр. Яғни өмір бойы оқу деген сөз. Бұрынғы «Бір дипломым – бүкіл өміріме азық» деген ұстаным ескірді. Әрбір адам еңбек нарығына қажет қабілеттерді меңгеріп, заманға бейімделе алса, әрдайым сұранысқа ие болады». Осы ұстанымды жадында мықтап ұстаған Балнұр Бектұрғанқызы бір ғана бағытпен тұрақтап қалуды құптамайтын, сан салада ізденіске, өзіне шектеу қоймайтын, еңбексүйгіш, мақсатқа талпынушы тұлға ретінде ұжымды ауызбіршілікке тартып, креативті идеялармен қызмет атқаруда. Алдында тұрған міндеттерді шешуге басшылық және оперативтік құрам күшін шебер бағыттаушы қызметкер.
Медиа-орталықта негізгі екі бөлім бар. Бірінші – имидж бөлімі және кері байланыс. Медиа-орталық жұмысының негізгі міндеттері – қаланың тыныс- тіршілігін көрсету, шаһардың позитивті медиа-образын қалыптастыру, ортақ медиа кеңістігін ұйымдастыру. Сонымен қатар облыс орталығындағы мекемелердің қызметін ақпараттық сүйемелдеу жүйесін құру және оның жұмысын ұйымдастыру. Республикалық және жергілікті ресми бұқаралық ақпарат құралдарымен қарым-қатынас, бұқаралық коммуникация құралдарында қала туралы және өткізілетін іс-шаралар туралы ақпараттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, мерзімді баспа басылымдарын, блогосфераны, әлеуметтік желілерді, виртуалды қоғамдастықтарды, бейнехостингтерді қамтитын қаланың БАҚ жұмысын үйлестіру, қаланың қызметі туралы ақпараттық материалдардың сенімділігі мен өзектілігін бақылау да мекеме жұмысының басым бағыттарының бірі.
– Толығырақ тоқталсақ, имидж бөлімінде қазақ және орыс тілді журналистер бар. Атап айтқанда, Шолпан Оразбаева, Көкен Оршабеков, Екатерина Иващенко күнделікті әлеуметтік желімен қоса ресми сайт, телеарна, қалалық журналистерді ақпаратпен қамтамасыз етеді. Олар екі тоқсандық арнайы медиа-жоспар құрастырып, үздіксіз ақпарат материалдарын дайындап, ресми сайтқа ақпараттарды да уақытылы шығарып, өз идеяларын ортаға салып, креативті тұрғыда графика дизайнері Гаухар Момынжановамен жұмыла жұмыс істейді.
Күнделікті ізденістің арқасында берер материалдары да оң ақпаратпен қаламыздың халыққа білмейтін қырлары мен сырларын айқындап көрсетеді. Бейнероликтер түсіру, монтаждап, өңдеу – күн жоспарындағы жұмыстың бірі. Мобилографикалық тұрғыдан да жетік маманның бірі Дәурен Нысанбаев күнделікті жиналыс, іс-шаралар, қаладағы оң бағыттағы жаңалықтар мен өзгерістерді видео, фотомен қамтамасыз етеді.
Айта кететіні медиа-орталықтың мамандары 24/7 режимінде қызмет атқарады. Аптаның 7 күнінде де кері байланыс жасап, шұғыл ақпарат көздерімен, қалада болып жатқан шараларды тікелей назарда ұстайды. Апталық, айлық кесте, яғни медиа-жоспар бойынша қала әкімдігі бөлімдерінің атқарған жұмыстары, «Тараз – тарихымыздың алтын діңгегі», мемлекеттік мекемелердің жұмысы, қала әкімдігі бөлімдерінің және мекемелер басшыларының қатысуымен өтетін тікелей эфирлер, атаулы даталар, «Кәсіпкерлік және өндіріс», «Дейін – Кейін», «Тараздағы басты іс-шаралар» секілді айдарлармен жарияланымдар, ақпараттық баннерлер мен бейнероликтер ұсынып отыру жүйелі жолға қойылған жұмыс реті, – дейді Балнұр Бектұрғанқызы.
Әкімдіктің медиа-қызметі қала әкімдігіне қарасты бар бөлімдер, мекемелермен тікелей байланыста. Әр салаға қатысты халық сауалын жедел әрі тез жауап беруді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар шешімі бар, жуық арада шешілетін мәселелерді де жұртшылыққа жариялап отырады.
Сондай-ақ қаладағы оң өзгерістерді – автобус берілу, қоғамдық көлік бағытын ұзарту, мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты жағдайлар мен қала оқушылары, спортшылар, жалпы қала азаматтарының әрбір жетістігін насихаттауға атсалысады.
Сонымен қатар бөлім басшылары мен жауапты сала мамандарының арнайы қатысуымен «Ашық сұхбат алаңы» тікелей эфир өткізіледі. Қала тұрғындарының көкейде жүрген сауалдарын әкімдіктің ресми парақшаларына жолдай алады. Қала тынысы мен тіршілігін тек хабарлап қана қоймай, мамандар ресми парақшамен жедел ақпарат, пайдалы хабарландыру мен ісшара кезінде тікелей эфирге ел назарына шығады.
– Қазір кез келген азамат ойда жүрген сауалын қоя алады. Кері байланыс бөлімі халықтан келген сан сауалдың шешімін табу бойынша жауапты бөлімдермен байланысып, жолданған сұрақтың жауабын беруге әрекет жасайды. Жамбыл облысы «Жамбыл-109» порталы арқылы Тараз қаласы әкімдігіне қатысты күнделікті түсетін сауалдар да тікелей медиа-орталық мамандарының назарында.
Кері байланыс бөлімінің мамандары мемлекеттік органдарға ортақ жүйелер арқылы облыстық атқарушы органдармен байланысып отырады. Олар түскен бар сауалды күнделікті зерделеп, құзырлы мекемелерге ұсынып отырады. Бұдан бөлек әлеуметтік желілерге түскен өтініш-сауалдарды қадағалап, сұраныстың жауапсыз қалмауы қадағаланады. Бұл жұмысқа жауапты маман – Назерке Болатова.
Сонымен қатар Альбина Тұрғынбай мен Айдана Теңгебайдың да атқаратын жұмыстарының ауқымы кең. Олар апта ішінде істелген барлық істің қорытындысын шығарып, жалпы есебін шығарады, – дейді медиа-орталықтың басшысы.
Жоғарыда айтқанымыздай, ақпарат ағыны тоқтаусыз алға жылжыған заманда қала тұрғындарын өзекті, маңызды, ең бастысы, уақытылы ақпаратпен қамтамасыз етіп отыру – аса маңызды іс. Аталған жұмысты абыроймен атқарып келе жатқан медиа-орталықтың жұмысы бас бармақпен бағалауға тұрарлық деп білеміз. Осы орайда орталық қызметкерлерін бүгінгі Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтай отырып, жұмыстарына табыс, істеріне сәттілік тілейміз! Мерекелеріңіз құтты болсын, әріптестер!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.