Қалалық қоғамдық-саяси газет

Үш жылдық меже екі жылда орындалады

Таразға биылдың өзінде 80 автобус жеткізілді

0 554

Тараз тұрғындары тарапынан айтылатын мәселелердің бірі – қоғамдық көліктің жайы. Автобустардың ескілігі, жүру жиілігінің ұзақтығы көп көтерілетін. Алайда аталған мәселе кезең-кезеңімен шешімін тауып, қаланың автопаркі жаңа автобустармен толығуда. Айталық, бүгін «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС Таразға 15 жаңа автобус жеткізді. Автопарк жүргізушілеріне жаңа автобустардың кілтін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков табыстады.

– Қаладағы қоғамдық көліктердің паркін жаңарту және санын арттыру жұмыстары қолға алынып, жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі жаңа автобустардың жеткізілуі – осының айқын көрінісі. Ендеше, бүгінгі жеткізілген көліктер қала тұрғындарының игілігіне жарасын дейміз.
Қала әкімдігі тарапынан тасымалдаушы компаниялардың алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Сондықтан олар тұрғындардың қауіпсіз қатынауына, жолаушыларға көрсетілетін қызметтің сапалы болуына баса назар аударуы қажет, – деген шаһар басшысы жүргізушілерге кілттерін табыс етіп, автопарк жұмысымен танысып шықты.
«ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС басшысы Рашид Пірмановтың айтуы бойынша, «Isuzu» маркалы су жаңа қоғамдық көліктер көршілес Өзбекстан мемлекетінде өндірілген. Олардың ұзындығы 9 метрді, ал жалпы сыйымдылығы 70 адамды құрайды. Автобустар төмен еденді, пандуспен және 6 бейнебақылау камерасымен жабдықталған. Әрқайсысының құны – 46,5 млн теңге.
Бұл автобустардың 10 бірлігі қалалық №29 бағыттағы ескірген автобустарды алмастырса, қалған бесеуі қалалық №12 маршруттағы кесте санын арттырады. Осылайша №12 бағытта қатынайтын 12 кестені 16 кестеге арттырып, жүру жиілігін 12 минуттан 8 минутқа дейін қысқарту көзделуде.
Жалпы Тараз қаласында жолаушылар тасымалын жандандыру, жетілдіру және тұрғындарды қоғамдық көлікпен толық қамтамасыз ету мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленген болатын. Соған сәйкес, жыл сайын қалаға 70 жаңа автобус жеткізу жоспарланған еді. Алайда биыл облыс орталығына 80 бірлік автобус жеткізіліп, жоспарлы меже артығымен орындалған. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін қосымша 50 автобус алып келу жоспарланып отыр. Осылайша қаланың автопаркін 3 жылда 200 автобуспен толықтыру жоспары 2 жыл ішінде-ақ орындалмақ.
Айта кетейік, автопарктердегі жылжымалы құрамдарды жаңарту үшін өткен жылы Тараз қаласына 73 жаңа автобус жеткізілген болатын.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.