«Шөлдала» алқабында «Арданай» балабақшасы пайдалануға берілді. Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру мекемесінің салтанатты ашылу рәсіміне Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекқызы, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов пен алқап тұрғындары қатысты.
Әуелі Ұлана Сламбекқызы тұрғындарды қуанышымен құттықтап, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатынын жеткізді. Бұдан кейін Сембек Әбітайұлы ақжарма тілегін арнап, балабақшаның лентасын қиды.
75 балаға шақталған балғындар мекенінде қазіргі таңда 9 педагог тәлім беруде. «Мектепке дейінгі мекемеде инновациялық технология арқылы ұлттық ойындарды қолдану» шығармашылық бағытында жұмыс жүргізетін балабақша топ бөлмелері, медициналық кабинет, музыка залы және бейнебақылау камераларымен жабдықталған.
Аман ЕСЕН