Қалалық қоғамдық-саяси газет

Үш еселенген бақыт

0 225

Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев бір ай бұрын үшемді дүниеге алып келген көпбалалы ана Қожагелдиева Эльвираның жанұясына құттықтап келді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суретті түсірген Кирилл БЕРДЕЦКИЙ

Сәбилер жоспарланған мерзімнен бірнеше апта ерте жарық көрген. Сондықтан олар алғашқы күннен қарқынды терапия бөлімшесінде жатып шыққан.
– Батырлардың бауы берік болсын! Үшемді дүниеге алып келіп, қазақтың демографиясын көбейтіп отырған отбасына берекелі ғұмыр тілеймін. Үш батыр елі үшін туған ер болып өссін, – деді қала әкімі Қайрат Әскербекұлы.
«Алып анадан» демекші, Ислам, Аслан, Марғұлан есімді үшемге ғұмыр сыйлаған ананың күні бүгін 4 ұл, 2 қызы бар. 34 жастағы ана шаңырағының осындай шаттыққа кенелгеніне қуанышты. Қала әкімі ұсынған алқызыл раушан гүлдерімен қоса жүзі бал-бұл жайнап, жүрегіндегі аналық махаббатын жасырмады.
– Өзімнің бұрыннан 1 балам, 2 қызым бар еді. Енді сол төртінші баланы дүниеге әкелсек деп ойлап жүріп, үш батырды бір күнде дүниеге алып келіп, төбеміз көкке жетіп жатыр. Бала бар үйде бақыт бар. Алланың біздің үйге берген үлкен сыйына алғысым шексіз. Әрбір шаңырақ осындай қуанышты сәттерге, сәбидің сыңғыр күлкісіне бөленсін, – деді көпбалалы ана.
Қала әкімі Қайрат Әскербекұлы бұл отбасыға кір машинасын сыйлыққа ұсынды. Ал үшемге балалар қоларбасын сыйлады. Жуырда көпбалалы ана Эльвира облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қабылдауында болып, көп жылдан бері пәтер кезегінде тұрғанын, қазіргі таңда пәтер жалдап тұрып жатқанын айтқан болатын. Қала әкімі пәтер мәселесі жыл соңына дейін шешімін табатынын жеткізді.
Үш ұл үш жүздің басын қосып, сәйгүлігінің шашасына шаң жұқпайтын батырдан болғай!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.