Қалалық қоғамдық-саяси газет

Үш ауысымды мектептердің мәселесі шешілуде

0 170

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев өзі жетекшілік ететін салалар бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде кеңінен баяндады.

Оның айтуынша, ағымдағы жыл басынан бері облыста барлығы 10 000-нан астам қоғамдық-саяси, мәдени іс-шаралар өткізілген.
– Облыста бүгінгі таңда 81 бұқаралық ақпарат құралы болса, оның ішінде 45 баспа құралы, 3 телеарна, 33 ақпараттық агенттік жұмыс істейді. Биылғы жылы облыстық мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа 900,0 миллион теңге қаржы қаралды. Сондай-ақ 2020 жылы бастау алған «Бейбітшілік пен келісім» пилоттық жобасы а.ж. Тараз қаласы мен аудандардағы этнос өкілдері тығыз орналасқан елді мекендерде жалғасын тауып, жыл соңына дейін белгіленген барлық елді мекендер қамтылатын болады. Мониторинг аясында анықталған тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін мәселелер Қауіп-қатерлер картасына енгізіліп отырады, – деген Еркін Құлымбайұлы білім саласындағы ілкімді істерді де тілге тиек етті.
– Биыл облыста білім саласына 238,4 миллиард теңге қаражат бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 1,2 есеге артты. Сонымен қатар 27 білім нысанының құрылысына 7,8 миллиард теңге қаржы бөлініп, бүгінде оның 14-і пайдалануға берілді. Ал 13 нысанның құрылысы 2023 жылы аяқталады деп жоспарланған. Бұл жұмыстардың нәтижесінде 2 үш ауысымды, 2 оқушы орын тапшылығы бар, 16 тозығы жеткен мектептің мәселесі шешіледі. Биылғы қадамдық жоспарға сәйкес, 2 197 орындық 24 балабақша ашу көзделген еді. Жыл басынан бері 1 600 орындық 12 жекеменшік балабақша ашылды. Өңірімізде қосымша білім беруге де ерекше ден қойылуда. Облыс бойынша 78 мектептен тыс мекемеде 68 570 оқушы, 39 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 30 410 бала және жалпы білім беретін мектептерде 126 000 оқушы қосымша білім берумен қамтылған. Бұл 75,5 пайызды құрайды, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Бұдан бөлек, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды сапалы біліммен қамтамасыз ету бойынша да жұмыстар атқарылуда екен. Айталық, 2022-2023 оқу жылында 7 922 мүмкіндігі шектеулі баланың 6 233-і оқумен және тәрбиемен қамтылған. Ал мектепке дейінгі ұйымдар- дың – 80, мектептердің 88,9 пайыз-ында инклюзивті білім беру үшін тиісті жағдайлар жасалыпты.
Мәдениет пен спорт саласында да атқарылған жұмыс ауқымды екен. Мәселен, аймақта 4 мәдениет нысанының құрылысы, 32 нысанның күрделі және ағымдағы жөндеуі жоспарланып, қазіргі таңда 1-інің құрылысы, 23-інің жөндеу жұмыстары аяқталған. Бұған қоса есепті мерзімде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 475,3 мың адамға немесе облыс тұрғындарының 39,1 пайызына жеткен.
Брифинг соңында БАҚ өкілдері Еркін Құлымбайұлына сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптар алды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.