Қалалық қоғамдық-саяси газет

Үш айлық нәрестеге күрделі ота жасалды

0 1  463

Тараздық нейрохирургтер үш айлық нәрестеге күрделі ота жасады. Науқастың жағдайымен жіті танысқан соң, ақ желеңді абзал жандар уақыт созбай, нәрестенің өмірін сақтап қалу үшін жұдырықтай жұмылып, шұғыл шешім қабылдады.

Бұған дейін де бірнеше мәрте сәбилерге күрделі операция жасаған дәрігерлер бұл жолы үш айлық нәрестеге өмір сыйлау үшін аянып қалған жоқ. Гиппократ антына берік азаматтар сәбидің ата-анасымен келісе отырып, сәбиді толық тексерді.
Мидың қалыпты дамуына кедергі келтіретін бас сүйегінің туабітті ассиметриясы бар періштенің жағдайы мәз еместігі анық. Облыстық көпсалалы балалар ауруханасының нейрохирургтеріне үш айлық сәбидің ата-анасы шағымданғаннан кейін періштенің жағдайы ауыр екенін дәрігерлер де түсінген.
Әбігерге түскен дәрігерлер сәбидің жағдайын толықтай тексерген. Нәтижесінде, аспаптық диагностикадан кейін, соның ішінде миға жасалған КТ-дан соң дәрігерлер балаға сагиттальді краниосиностоз диагнозын қойған. Бұл – бір немесе бірнеше бас сүйек тігістері мерзімінен бұрын өсіп, бас сүйегінің деформациялануына және мидың қалыпты дамуына кедергі келтіретін ауру. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай диагноз мың баланың біріне ғана қойылады екен. Сондықтан да мұны сирек кездесетін жағдай деуге де болады.
Дерттің күрделілігін ескере отырып, баланы операцияға мұқият дайындаған соң, нейрохирургтер Саят Жұмабаев, Мирдас Мурадов, Мирсаид Байматов және реаниматолог Равшан Пулатовтың қатысуымен эндоскопиялық патч-краниотомия жасалды.
Нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Саят Жұмабаевтың айтуынша, краниостенозға арналған эндоскопиялық реконструктивті операциялар алты айға дейінгі балаларға жасалады екен. Ол мұндай кішкентай балаға операция жасау өте маңызды деп есептейді. Сондықтан дәрігерлер эндоскопияны қолданған.
«Бұл – арнайы педиатриялық нейроэндоскоптарды, басқа да эндоскопиялық құралдардың зақымдануын болдырмайтын арнайы конструкциялы бор мен жоғары жылдамдықты бұрғыларды қолдана отырып шамамен 3 сағатқа созылатын күрделі операция. Дәрігерлер мұндай операцияға тыңғылықты дайындалады. Барлық манипуляция 4-5 сантиметрден аспайтын кесу жолымен бейнебақылау арқылы жүзеге асырылатынын айта кеткен жөн. Мұндай операциялар аз қан жоғалтумен және қысқа мерзімді оңалту кезеңімен сипатталады. Операциядан соң және бақылау компьютерлік томографиясынан кейін 3-4 күн өткен соң балалар стационардан шығарылады», – дейді С.Жұмабаев.
Қазіргі уақытта нәрестенің жағдайы жақсарған. Дәрігерлердің сөзіне сенсек, басындағы шағын тыртықтар көп ұзамай мүлде көрінбей қалады екен.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.