Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сенбілікке салғырт қарауға болмайды

0 402
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларындағы қала бюджетінің болжамды орындалуы мен шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму барысы қаралды. Сондай-ақ округтердегі тазалық, тұрғын үй мен мектеп құрылыстары сынды мәселелер талқыға түсіп, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берілді.
Ең әуелі сөз алған қала әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Абылайхан Умирбаевтың сөзіне сүйенсек, үстіміздегі жылдың 1 сәуіріне қала бюджетінің кіріс бөлігінің болжамды орындалауы 109,9 пайызды құраған екен. Есепті кезеңге жоспар 13272,5 миллион теңге болса, 1320,4 миллион теңгеге артық орындалады деп күтілуде.
Есепті кезеңде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамды көрсеткіші көңіл көншітуде. Мәселен, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 28 миллиард 230,9 миллион теңгені құраған. Ал нақты көлем индексі 113,0 пайызға жетеді деп күтілуде.
Ауыл шаруашылығы саласында 358,8 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 103,5 пайызды құрамақ. Осы сынды өзге бағыттар бойынша да оң динамика сақталған.
Кеңесте Бақытжан Әмірбекұлы қалада заңсыз қойылған дүңгіршектердің саны азамай тұрғанын тілге тиек етіп, бұл бағытта батыл шешімдер қабылдау қажеттігін айтты.
Сондай-ақ шаһар басшысы сенбілікке тек мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері шығатынын сынға алып, кәсіпкерлер мен тұрғындарды тазалық шарасына белсене атсалысуға шақырды. Бұған қоса екі айлық науқанға салғырт қарайтындардың есімдері мен мекеме атын ашық жария ету керектігін баса айтты.
Жиында бұдан бөлек, қаңғыбас иттер, мектеп құрылыстары, инвестиция тарту, жұмыссыздық, билбордтардың заңсыз ілінуі, бағаны тұрақтандыру, тұрғын үй саясаты сынды мәселер де қаралып, жауапты мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.