Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сенатордың құрылыс қарқынына көңілі толмады

0 105

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет.

Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», – деген болатын. Бұл тұрғыда билік пен бұқараның арасында алтын көпір орнататын халық қалаулыларына артылатын жауапкершіліктің жүгі тым ауыр. Десе де, Президент ұсынған бұл тұжырымдама өз жемісін беріп келеді.
Күні кеше облысымызға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбековтің жұмыс сапарымен келіп, бірқатар нысандардың тыныс-тіршілігімен танысуы – осы сөзіміздің айғағы. Бекболат Серікбекұлы әуелі шаһардағы Айша бибі көшесінде орналасқан көпірді көріп, айналма жолдың мәселесіне қанықты. Ықшамаудандар мен шеткі алқаптарды жалғап тұрған көпірді бүгінде жарықтандыру аса қажет. Алайда оған керекті қаржыны облыстың бюджеті көтермейтін көрінеді. Сондықтан да бұл мәселені халық қалаулысы тиісті министрліктің назарына ұсынып, шешімін табуға ниетті. Бұдан кейін ол «Арай» тұрғын алқабында құрылысы жүргізіліп жатқан 600 орындық мектепке ат басын бұрды. «БазисДорСтрой» ЖШС-нің мердігерлігімен салынып жатқан білім ордасының құрылысына 1 миллиардтан астам қаржы бөлінген. Бүгінде барлық қабаттарда бетон құю мен кірпіш өру, сылақ сынды жұмыстар атқарылуда екен. Жоспар бойынша оқу ошағы ағымдағы жылдың қараша айында пайдалануға берілмек. Алайда Бекболат Орынбеков құрылыс жұмыстарының қарқынына көңілі толмайтынын жасырмады.

– Жаз айының да ортасына жеттік. Санаулы күндерден кейін балалардың мектепке баратын уақыты да келеді. Сол кезде балғындардың жаңа оқу жылын осы мектепте қарсы алғандары дұрыс. Сол үшін белгіленген қараша айы тым кеш. Себебі бұл алқапта мектеп мәселесі бұрыннан аса өзекті. Алқаптың аумағы кеңейіп келе жатқандықтан, балалардың саны өсуде. Амалсыздан ата-аналар ұл-қыздарын өзге мектепке апаруға мәжбүр. Енді оларды тағы қараша айына дейін күттірудің қажеті қанша? Одан да қарқынды күшейтіп, балалардың алғашқы қоңырауы осы мектепте соғылуына мүмкіндік жасаған жөн, – деді сенатор.
Келесі кезекте халық қалаулысы «ТаразЭнергоОрталық» АҚ 4-ші аумақтық жылу беру қазандығына аялдады. 1963 жылы құрылған мекеме электр және жылу энергиясын тасымалдаумен айналысады. Негізгі қызмет түрі – электр қуатымен қамтамасыз ету, газ бен парды өндіру және бөлу, ауа баптау. Бұдан әрі Бекболат Серікбекұлы «Арай-2» ықшамауданындағы әлеуметтік азық-түлік дүкенінің, 200 орындық облыстық онкологиялық аурухананың, 150 орындық мүгедектерді оңалту орталығының жұмысына және «Барысхан» тұрғын алқабындағы 600 орынға арналған мектептің, 150 орындық мүгедектерді оңалту орталығының құрылысына қанықты.
– 200 төсек-орынды облыстық онкологиялық диспансердің республикамыз үшін де маңызы өте зор. Өкінішке қарай. елімізде осы кеселге шалдыққандардың қарасы көп. Сондықтан да мұндағы медициналық қызмет талапқа сай болып, барлық керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі керек. Мемлекетіміздің де ең бірінші ұстанымы – тұрғындардың денсаулығының мықты болуы. Бұл тұрғыда жаңадан бой көтеретін 150 адамға арналған мүгедектерді оңалту орталығының да рөлі ерекше болмақ. Сол үшін мұндағы құрылыс жұмыстарының дер кезінде аяқталуы аса маңызды, – деді Бекболат Серікбекұлы.
Сенатордың жұмыс сапары одан әрі Жуалы, Т.Рысқұлов және Шу аудандарында жалғасады.

Құрбанәлі Аманкелдіұлы 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.