Қалалық қоғамдық-саяси газет

Саяжайлар самаладай жарқырайды

0 513

Шаһарда орналасқан саяжай алқаптары инфрақұрылымның игілігінен бір сәтке де тыс қалған емес. Бұл тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстар да ауқымды. Айталық, таяу күндері 28 саяжай алқабы электр желісімен қамтамасыз етілмек.

Ресми мәліметке сүйенсек, 2021 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 28 саяжай және «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Қызыл-Абад», «Казарма», «Жиделі» тұрғын алқаптарын электр желісімен қамту бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары сәуір айында басталған. Өткен жылдың соңына дейін нысандардың құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, қабылданған. Жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес, тұрғын алқаптардағы 5771 тұрғын үйге электр желілері орнатылған. Алайда аталған нысанды тұрақты электр желісімен қамтамасыз ету мүмкіндігі жоқ екен. Себебі техникалық шартқа сәйкес, «Тараз қаласы «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Қарасу» алқаптары үшін жаңа 35/10 кВ қосалқы станциясын салу» жобасы электр желісіне қосылу нүктесі болып табылады. Сондықтан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы тарапынан құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілмек. Аталған нысанның құрылыс жұмыстары аяқталған соң, тұрғын алқаптар тұрақты электр желілерімен қамтамасыз етілетін көрінеді.
Осыған орай құрылыс бөлімі тарапынан аталған тұрғын алқаптарды уақытша электр желілерімен қамтамасыз ету үшін жұмыстар қарастырылып отыр.
«Қазіргі таңда «Қызыл-Абад», «Көлтоған», «Жиделі» тұрғын алқаптары тұрақты электр желісімен қамтылған. «Казарма» тұрғын алқабына уақытша электр желісін қосуға техникалық шарт алынып, шартқа сәйкес жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сондай-ақ шаһардағы 28 саяжай, «Шөлдала», «Құмшағал» алқаптарын уақытша электрмен жабдықтау жобасы бойынша ағымдағы жылдың 21 сәуірінде №ТҚЭ-0088/22 сараптамадан оң қорытындысы алынды. Жобалаушы мекемесі – «TMK Engineering» ЖШС. Ал нысанның мердігері – «Каз Коммерц Строй» ЖШС. Пригородный станциясынан және КХП станциясынан жобаға сәйкес уақытша электр желісімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта тұрғын үйлерді абоненттеу жұмыстары басталуда. Аталған тұрғын алқапты электр желісімен қамтамасыз ету жұмыстарын шілде айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Алайда қосылған желілер арқылы электр көзінің қуаттылығы алқаптардың соңына жетпеу қаупі бар. Нақты электр қуатының жетпейтіндігін толық абоненттеу барысында анықталады. Осыған орай Айша бибі станциясына қосымша қосылуға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу қажет», – делінген бөлімнің ресми мәліметінде.
Қалай десек те, саяжайлар самаладай жарқырайтын күн жақын.

 

Лаура Абайқызы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.