Қалалық қоғамдық-саяси газет

Саяси науқан қорытындыланды

0 177

Ағымдағы жылдың 9 маусымында өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын Тараз қаласында әзірлеу мен өткізудің қорытындысы жарияланды.

Арайлым ШАБДЕНОВА
Суретті түсірген Юрий КИМ

Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен жиынға облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов, қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай және барлық сайлау учаскелерінің комиссиялары қатысты. Күн тәртібіне шығарылған алғашқы мәселе бойынша, яғни ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын Тараз қаласында әзірлеу мен өткізудің қорытындысы туралы Тараз қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Арын Асқарбеков хабарлама жасады. Жалпы саяси науқанда қала бойынша 117 сайлау учаскесі жұмыс жасаған. Оның 96-сы ашық, 21-і жабық учаскелер. Ал учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің саны 1081 адам болса, оның 68,4 пайызы сайлау комиссияларында бұрыннан жұмыс жасап келе жатқандар екен. Сайлаушылардың саны 20 мамырдағы көрсеткіш бойынша 246216 адамды құраса, 18-ге жаңа толған сайлаушылар саны 15467 адам болса, олардың 9280-і өз таңдауларын жасаған. Биылғы сайлаудың бір ерекшелігі – кейбір сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі жандарға өз таңдауларын жасау үшін қолайлы жағдай жасалыныпты. Қала бойынша 15 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат анықталса, оның 8112-сі дауыс беруге қатысқан.
– ҚР Президенттігіне үміткер ретінде тіркелген кандидаттардың сенімді өкілдеріне барлығы 403 арнайы куәлік беріліп, тіркеу жүргізілді. Үгіт-насихат материалдарын орналастыру кезінде қандай да бір заң бұзушылық, тұрғындар тарапынан арыз-шағым болмады. Аталған кезеңде Тараз қалалық сайлау комиссиясына 3 өтініш түсіп, тіркелді. Бір өтінішке түсінік берілсе, екіншісі толық қанағаттандырылды, ал үшінші арызды иесі өтініш жасап, қайтарып алды. Сонымен қатар әлеуметтік желіде жарияланған 9 факті бойынша тиісті жауап егжей-тегжейлі берілді. Қала бойынша сайлау заң аясында ұймдастырылды. Саяси науқанда өз деңгейінде ұйымдастырылған жұмыстарға қарамастан, кемшіліктер орын алды. Ол бойынша алдағы уақытта тиісті шараларды қолданамыз, – деді комиссия төрағасы Арын Ілиясұлы.
Сондай-ақ қалалық сайлау комиссиясының төрағасы орын алған олқылықтарды болдырмау үшін жергілікті орган мен облыстық сайлау комиссиясының төрағасына бірқатар ұсыныс-тілегін жеткізді. Жиында сөз алған облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов саяси науқанда шетел бақылаушыларының берген бағасын ортаға салып, жұдырықтай жұмылған комиссия мүшелеріне белсенділіктері үшін алғысын білдірді. Жиын соңында сайлауда белсенділік танытқан азаматтар марапатталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.