Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Саялы Сарысудың серпінді жастары

0 146

Жастар – әр ұлттың келешегін айқындайтын стратегиялық күш. Олар – бүгінгі қоғамның тынысы, елдің ертеңгі кемел келбеті. Әрбір ұлттың болмысы, рухани деңгейі, интеллектуалдық әлеуеті мен мәдениеті алдымен оның жастары арқылы көрініс табады. Сол себепті оларға қарап, мемлекеттің болашақтағы орнын, дамуын, мүмкіндігін бағамдауға болады.

Бүгінгі қазақ жастары – азат елдің ұрпағы. Олар шектеусіз білім алып, еркін ойлап, өз пікірін ашық жеткізуге, жеке жолын таңдау мен бәсекеге қабілетті болуға толық мүмкіндікке ие. Бұл – тұғырлы тәуелсіздігіміздің мәуелі жемісі. Қазіргі буын жаһандану дәуірінің көшінен қалмай, әлемдік өзгерістерге тез бейімделе алатын, технология мен ғылымды игеруге ынталы, білімге құштар, шығармашыл жастарымен ерекшеленеді.

Алайда, елдің болашағы жарқын болу үшін жастардың өзіне жүктелер жауапкершілік те аз емес. Жастар – ұлттың ар-намысы, елдің үміті. Олар неғұрлым білімді, тәрбиелі, отансүйгіш болса, мемлекеттің іргесі де соғұрлым берік болады. Бұл тұрғыдан келгенде, жастар тек қоғамның айнасы емес, сонымен қатар сол қоғамның бет-бейнесін қалыптастыратын шешуші фактор екені белгілі.  Егер жастарымыз еңбекқор, адал, білімге ынталы, рухани бай, әділ болса, еліміз де де өркениетті, тұрақты әрі кемел мемлекетке айналады. Сондықтан жастарға дұрыс бағыт беру, оларға сенім арту – ел дамуының басты шарты.

Қазіргі таңда жастарды жан-жақты қолдап, олардың барлық жағынан дамуына жағдай туғызу – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар Сарысу ауданында өз жемісін беруде. Айталық, бүгінде аудандағы 14 пен 35 жас аралығындағы жастардың саны 12 382 адамды құрайды. Бұл өңір тұрғындарының 28 пайызы. Жастар саясатын жүзеге асыру аясында 2025 жылдың 6 айдағы қорытындысы бойынша бүгінге дейін 642 іс-шара өткізіліп, оларға 10 023 адам қамтылды. Оның ішінде  рухани адамгершілік, әскери патриоттық, спорттық, мәдени шығармашылық, құқықтық, діни, психологиялық танымдық, жастарға кеңес беру, экологиялық мәдениет, этносаралық келісім және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу секілді негізгі бағыттар бойынша  476, ал волонтерлік бағытта  169 іс-шара ұйымдастырылды. Тағы бір айта кетерлігі,  

Жастар ресурстық орталығына қатысты 1 нысаналы индикатор белгіленген. Атап айтсақ, 2025 жылға арналған «Жасыл ел» жобасы аясында маусымдық жұмыспен қамтудың индикаторлық көрсеткіші бойынша 100 жасты маусымдық жұмыстарға тарту  жоспарланған. 2025 жылдың сәуір және мамыр айында «Жасыл ел» еңбек жасақтарының құрамына барлығы 50 жас жұмысқа алынды. Нәтижесінде, аудан аумағындағы жалпы көлемі 3 000м2 аумақ тазаланып, 6 тонна күл-қоқыс шығарылды және 200 ағаш егілді. Алдағы уақытта 50 жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Қоғамның ең белсенді, ең сезімтал әрі үміт күттіретін бөлігі – жастар. Елдің болашағы осы буынның қолында екені  ақиқат. Алайда, жастар арасындағы қылмыс қоғамды алаңдатып отырған маңызды мәселе екені белгілі.  Бұл – жай ғана статистика емес, тұтас қоғамның дерті. Себебі бір жастың қателігі  бір отбасының қайғысы, бір болашақтың үзілуі десек, артық емес. Әрине, бұған себеп болатын жайттар өте көп. Мәселен, кейбір жастар заңды білмеуден немесе еркіндікті шектен тыс түсінуден барып, жауапкершілікті сезінбейді. Олар «бұл менің өмірім, не істесем де өзім білемін» деген ұстаныммен жүреді. Бірақ заң барлығына ортақ. Бір рет жасаған қателік  өмірдің бүкіл ағысын өзгертуі мүмкін. Темір тордың арғы жағында жастық жалын сөніп, жарқын болашақ мәңгіге көміліп қалады.

Қылмыстың жеңілі болмайды. Ұрлық, төбелес, интернеттегі алаяқтық, жол-көлік ережесін бұзу, тіпті кибербуллингтің өзі заң жүзінде жауапқа тартылатын әрекеттер. Әсіресе жасөспірімдер арасындағы мектептегі күш көрсету, буллинг, топпен зорлық жасау сияқты әрекеттер – қоғам үшін аса қауіпті сигнал.

Сондықтан, жастар арасындағы қылмыстың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Бұл іске ата-ана, мұғалім, жергілікті билік, тіпті қатарластары да атсалысуы керек. Осы мақсатта «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері тарапынан «Қоғам сақшысы» жобасы аясында түнгі зерделеу, құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша кездесулер, дөңгелек үстел, семинар, акция, арнайы әзірленген бейнебаяндар, ақпараттық түсіндірме жұмыстары секілді жалпы 92 іс-шара ұйымдастырылды.

Қазіргі қоғамда жастардың рухани дүниесі мен дүниетанымына ерекше назар аудару – уақыт талабы. Әсіресе діни білім мен сенім мәселесінде жастар дұрыс бағыт пен сенімді ақпарат көздеріне мұқтаж. Себебі, соңғы жылдары әлемде де, елімізде де жастардың радикалды діни ағымдарға арбалып кетуі сияқты өкінішті оқиғалар жиілеп кетті. Бұл – діни сауаттылықтың төмендігінен, теріс идеологияның еркін таралуынан туындаған мәселе. Сондықтан да жастар арасында діни сауаттылықты арттыру – елдің рухани қауіпсіздігі мен тұтастығын сақтаудың басты кепілі.

Діни сауаттылық – адамның өз дінінің негіздерін дұрыс түсінуі, шынайы діни құндылықтар мен жалған түсініктерді ажырата алуы, әртүрлі діни көзқарасқа сабырлы әрі парасатпен қарай білуі. Бұл тек Құран аяттарын жаттау немесе намаз оқуды ғана емес, дінді терең түсініп, оны ұлттық болмыс пен заман талаптарына сай ұғынып өмірде қолдана білуді білдіреді.

Діни сауатты адам   қоғамда бейбіт өмір сүруді мақсат тұтатын, діни төзімділік пен адамгершілікке негізделген ұстанымда болады. Ал сауатсыздықтың салдары  адасу, шектен шығу, радикалдық бағыттарға ілесуге апарып соқтырады.

Жастық шақ – ізденіс пен өз орнын табуға ұмтылыс кезеңі. Бұл уақытта адам өмірдің мағынасы туралы, әділет, шындық пен сенім жайында көп ойланады. Осындай кезеңде рухани ізденістегі жастарға дұрыс бағыт көрсетілмесе, олар жалған діни уағызшылардың, интернеттегі экстремистік контенттің құрбанына айналуы мүмкін.

Теріс ағым өкілдері көбіне дәл осы жас буынды нысанаға алады. Олар өз идеологияларын тартымды етіп көрсетіп, «нағыз дін» ретінде ұсынуға тырысады. Мұндай жағдайда жастардың діни сауаттылығы, сыни ойлау қабілеті және отаншыл санасы мықты болмаса, оларды адастыру оңай.

Бүгінгі жастар  тек білім мен технологияны меңгерген азамат қана емес, рухани бай, ақиқат пен әділеттілікті ту еткен тұлға болуы керек. Олар діннің атымен жасалатын кез келген теріс әрекетке қарсы тұрып, қоғамға шынайы исламның бейбіт әрі мейірімді дін екенін дәлелдей алуы тиіс. Ол үшін жастардың  заң мен діннің ара-жігін ажырата білуі, зайырлы мемлекеттің талабын түсінуі және бірлік пен татулықтың мәнін ұғынуы аса маңызды. Демек, жастардың діни сауаттылығын арттыру – ұлттың рухани қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең маңызды тетігі. Бұл – тек дін жолындағы емес, ұлттың тұтастығын ойлаған әр азаматтың борышы. Шынайы діни білім  адамның ішкі жан-дүниесін нұрландырып, оны сабырлы, әділ, мейірімді, отансүйгіш етіп тәрбиелейді. Сондықтан жастардың діни сауаттылығын арттыру мақсатында ауданымызда ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтсақ, бұл бағытта жыл басынан бері 40 іс-шара өткізіліп, оларға 560 жас қамтылды. Сондай-ақ, Дін проблемаларын зертттеу орталығы оңалту бөлімінің қызметкерлерімен 10 радикалды діни ағым өкілдеріне зерделеу , сонымен қоса аудан тұрғындарына, мекеме, ұйым қызметкерлеріне, колледж және мектептерде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

2025 жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланғаны баршаға белгілі. Бұл туралы ел Президенті өткен жылы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауында «Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз.

Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін  жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі», – деген болатын.

Расында,  бұл бастама – ел дамуының негізі саналатын еңбек адамына, нақты өндірістегі мамандық иелеріне көрсетілген үлкен құрмет. Сондай-ақ бұл – тек символикалық шешім емес, қоғамның көзқарасын өзгертуге бағытталған маңызды әлеуметтік әрі экономикалық қадам. Өйткені кез келген елдің экономикасы  алдымен шынайы еңбекке, нақты іске, кәсіби шеберлікке сүйенеді. Ал осы жолда жұмысшы мамандықтарының орны ерекше.

Бүгінде жоғары оқу орнын бітіру  табыс көзіне айналар жалғыз жол емес. Керісінше, техникалық және кәсіптік білім алған жастардың бірден жұмысқа орналасып, нақты табыс табуы – әлемдік трендке айналды. Елімізде де соңғы жылдары колледждер мен кәсіптік білім беру орындары жаңарып, дуальді оқыту жүйесі (оқу + тәжірибе) дамып келеді. Әсіресе, бұл ауыл жастары үшін үлкен мүмкіндік. Жоғары оқу орнына түсе алмаған, немесе өз кәсібін ерте бастағысы келетін жастар жұмысшы мамандықтарын меңгеру арқылы өз болашағын өз қолымен қалыптастыра алады. Қазіргі таңда жеке ісін ашып, кәсіби құралмен жұмыс істейтін жас шеберлер, кәсіпкерлер, дизайнерлер  қоғамда жаңа бағыт қалыптастыруда. Сондықтан жастарға бағыт беру, жұмысшы мамандықтарына деген көзқарасты өзгерту – бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Аудандық Жастар ресурстық орталығы тарапынан «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында және жастардың кәсіптік шеберлігін арттыру мақсатында «Үздік аспаз – 2025» аспаздар сайысы, «Профи-2025» кәсіби байқауы, «Еңбектен тапқан бақытын» тақырыбында ардагер ұстаздар мен білімгерлердің ашық сұқбаты және жұмысшы жастар туралы арнайы бейнебаяндар түсірілді.

Баршаға белгілі, биыл Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен аймақта «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы бастау алды.  Бүгінгі жаһандану дәуірінде рухани құндылықтар мен ұлттық болмысты сақтау – елдің болашағы үшін аса маңызды. Бұл тұрғыда ұлттың санасын жаңғыртуға, ел азаматтарын терең тарихымен, әдебиетімен, мәдениетімен қайта қауыштыруға бағытталған бастамалардың мәні зор. «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы деумізге толық негіз бар. Бұл жоба – жай ғана науқан емес, қоғамдық сананы жаңғыртудың тетігіне айналған, білім мен кітапқа деген құштарлықты оятатын мәдени қозғалыс.

Аталмыш жарқын жобадан Сарысу жастары да шет қалмай, өз үндерін қосуда. Нақтырақ тоқталсақ, осы жоба аясында арнайы іс-шаралар жоспары әзірленген еді. Соған сәйкес 35 іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Жас оқырман» жобасы шеңберінде челлендждер, бейнебаяндар түсіріліп, байқаулар мен кездесулер өткізілді.

Бұдан бөлек, жасөспірімдердің мамандық таңдауына бағыт-бағдар беру мақсатында «Мамандық таңдау – маңызды іс» жобасы әзірленіп, аудандағы мектептердің жоғары сынып оқушыларымен түрлі маман иелерінің қатысуымен мотивациялық кездесулер ұйымдастырылды.

Қазіргі заман – өзгерістер мен мүмкіндіктер кезеңі. Бұл кезеңде қоғамның қозғаушы күші саналатын жастарға үлкен сенім артылып отыр. Жаңа идеяларға бай, еркін ойлы әрі жігерлі жастар ел болашағы үшін маңызды рөл атқарады. Осы орайда олардың шығармашылығын қолдау, достықты дәріптеу және белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру  – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.

Жастардың шығармашылық әлеуеті – қоғамның интеллектуалдық және мәдени дамуының негізі. Олар өнерде де, ғылымда да, технологияда да жаңа белестерді бағындыруға қабілетті. Мұндай қабілеттер тек жеке дамуға ғана емес, ұлттың өркендеуіне де әсер етеді. Бүгінде жастардың қатысуымен түрлі жобалар, стартаптар, әлеуметтік бастамалар іске асуда. Бұл олардың бойындағы жаңашылдық пен креативті ойлаудың айғағы. Алайда жастардың жетістігі тек дара шығармашылықпен шектелмеуі керек. Олар бірін-бірі қолдап, бірлік пен татулықты алға қоюы қажет. Достық пен өзара түсіністік – кез келген қоғамның берік іргетасы. Ұлтына, дініне немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан жастардың өзара сыйластығы мен ашық диалогы – тұрақты әрі әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам. Бұл  бір жағынан бірлесе әрекет етіп, ортақ болашақ үшін жұмыла жұмыс істеудің көрінісі екені де даусыз.  Сонымен қатар, заманауи жас азамат тек белсенді ғана емес, саналы, жауапты тұлға болуы тиіс. Қоғамдағы өзгерістерге бейжай қарамай, өз ойын ашық білдіре алуы, дұрыс шешім қабылдай білуі  азаматтық ұстанымын айғақтайды. Волонтерлік, қоғамдық жобаларға қатысу, экологиялық бастамаларды қолдау немесе білім саласында тәуелсіз пікір білдіру сияқты әрекеттер   жастардың елге деген жанашырлығын көрсетеді. Осындай қасиеттерді дамыта отырып, біз ертеңгі қоғамды жауапты, әділетті және өркениетті ете аламыз. Бұған  Сарысу ауданында да ерекше екпін түсіріліп отыр. Бұл сөзімізді осы бағыттағы іс-шаралар айғақтайды.

Жастардың білімін арттыру мақсатында «Ойлы болсаң озып көр» атты жоғары сынып оқушылары арасында аудандық интеллектуалды сайысы өткізілді. Сонымен қатар Жайылма ауылында «Өнегелі ана, өнерлі қыз», Ұ.Сыздықбайұлы ауылында «Fashion show» ұлттық киімдер, Қазақстан Халықтар Ассамблеясының 30 жылдығына орай Ә. Бүркітбаев ауылында «Алғысым шексіз қасиетті Қазақ еліне» атты  этнос өкілдері арасында өнер байқаулары ұйымдастырылып,  Ұлыстың Ұлы күніне орай алты бақан аясында салт-дәстүрді насихаттайтын көріністер көрсетілді. Сондай-ақ  ауданда ұлттық өнерімізді ұлықтап, жастар арасында күй өнерін кеңінен насихаттауға бағытталған «Күй құдірет –  күй кие» атты аудандық жас күйшілер байқауы өткізілді. Бұдан бөлек, жастарды әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтеуге шақыру, патриоттық тәрбие беру мақсатында «Әскерге бару азаматтық парызың» тақырыбында Жуалы аудандық әскери комитетіне және даңқты қолбасшысы Б.Момышұлының 115 жылдығына орай Жуалы ауданындағы батырдың мұражайына арнайы экскурсиясы ұйымдастырылды.

Қазіргі заман жастары үшін мүмкіндіктер мол. Алайда, арасында бағытынан жаңылып, уақытын ұтымсыз өткізіп жүргендер де аз емес. Уақыт – қайтарымсыз ресурс. Әсіресе, адамның қалыптасу кезеңінде, яғни жас кезінде әрбір сағат, әрбір күн болашақтың іргетасын қалайды. Сондықтан жастардың бос уақытын тиімді әрі мағыналы өткізуі  олардың жеке дамуының, қоғамға пайдалы тұлға болып қалыптасуының басты шарты деуге болады. Әрине, бос уақыт –  тек демалу ғана емес, өзіңді дамытуға, жаңа нәрселер үйренуге, қоғаммен араласуға, қызығушылықтарды кеңейтуге арналған кеңістік. Сондай-ақ, бос уақытын тиімді өткізген жастар қоғамнан алшақтамайды. Керісінше, олар қоғамдық белсенділікке араласып, өз ортасына, қаласына, еліне пайдасын тигізуге ұмтылады.

Жастарды қолдау, шығармашылығын дамыту және оларды қоғамдық өмірге кеңінен тарту мақсатында «Махаббат – мәңгі ертегі» атты лирикалық кеш, Алаш арысы М.Жұмабаевтың туған күніне орай Арыстанды ауылында «Сен сұлу» атты кеш, Ш. Қалдаяқовтың 95 жылдығына орай «Ән аға» атты кеш, Саудакент ауылында «Өткен күннің әуенімен» атты ретро кештер көпшілікке ұмытылымас әсер сыйлады. Бұл кештер жастардың шығармашылық қабілетін шыңдап, өнерді кеңінен тануға мүмкіндік берді. Жергілікті өнерпаздар мен жас белсенділер осы алаңда өз өнерлерін ортаға салып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді

Жастар ресурстық орталығы алдағы уақытта да жас буынның әлеуметтік, мәдени және кәсіби дамуына бағытталған өзге де тың жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Себебі, ел ертеңі  саналы, білімді, белсенді жастардың қолында. Сондықтан бұл бағыттағы ілкімді істер алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Мадина Пірімбек,

Сарысу аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.