Қалалық қоғамдық-саяси газет

Саулық үшін сапқа тұрды

0 213

Елдегі ахуалға байланысты облыста карантин режимі енгізіліп, дезинфекция жұмыстарына еліміздің Қарулы күштері тартылғанын газетіміздің өткен санында хабарлаған болатынбыз. Тәртіп бар жерде тындырымды тірліктің болатыны анық. Санитарлық саптағы сарбаздарға күнделікті жұмыс жоспары бекітіледі. Нәтижесінде халық көп қатынайтын орындарда залалсыздандыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Газетіміздің кезекті санында дезинфекция жұмыстарына жұмылдырылған әскрилердің бір күндік өмірімен танысып қайттық.

Сәндібек Піренов
Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

«Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек» деген Мұхтар Әуезов. Әскери тәртіптің қағидасы да – осы. Таңғы 9:00-ден 28903 әскери бөлімінде санитарлық топқа жауапты басшы подполковник Арман Чокоев Тараз гарнизонының барлық әскери бөлімдерінен жасақталған саптағы жүз сарбазға бүгінге жүктелген тапсырманы баяндады. Ал жауапты басшыға тапсырма жергілікті биліктен келеді. Соған сәйкес Арман Чокоев жоспарлы жұмыстар аяқталған соң, оның нәтижесін әкімдікке баяндап отырады екен. Әскери тәртіп солай. Осыдан кейін-ақ санитарлық сарбаздар 20 адамнан 5 топқа бөлініп, тапсырманы орындауға аттанды. Олар залалсыздандыру жұмыстарын қала аумағындағы шағын аудандарда, халық көп қатынайтын нысандарда, аялдамалар мен сауда орталықтарының маңында жүргізеді.
Ал біз қосылған топ 2-ші мөлтек ауданды залалсыздандыру жұмыстарына баратын болды. Ең алдымен әр сарбаз санитарлық талаптарды сақтай отырып, жеке өздеріне бөлінген қорғаныш киімінде болуы тиіс. Оны киіп-шешудің де әдісі бар екен. Алдымен сарбаз медициналық бетпердені шешпей, қолғапты, арнайы киім мен көзілдірік, аяқ киімді ретімен киеді. Яғни сақтық шаралары басты орында тұруы шарт. Сонымен, қорғаныш киімдері мен құралдарын сақадай сайлаған сарбаздар межелі жерге жетіп, әскери көліктен түскен бойда сапқа тұрды. Бұдан бұрын залалсыздандыру жұмыстарына бөлінген әр топқа жауапты командир бекітілген-ді. Біздің топқа жауапты 28903 әскери бөлімі радиобайланыс ротасының аға лейтенанты Азат Жанатұлы болды. Командирдің тапсырмасымен топтағы 20 сарбаз шағын аудандағы ойын алаңдары мен подъезд маңын залалсыздандыру жұмыстарына кірісті. Бұдан бөлек, көшелерді залалсыздандыруға «Арс-14» көлік техникасы көмекке келді. Бұл техниканың мүмкіндігі жоғары әрі сарбаздар канистрада залалсыздандыру жұмыстарына арналған сұйықтық таусылса, осы көліктен толтырып алады. Біз де канистраларымызды сұйықтыққа толтырып алдық. Бізге жүктелген тапсырмаға сәйкес алдымен подъездердің алдын залалсыздандыру керек болды. Мұнда сарбаздар екі-үштен бөлініп, бір лекпен қатар тұрып жұмыс жасауға кірісті. Алдымен әр сарбазға 5 және 16 литрлік канистра берілді. Канистраның көлемі екі түрлі болғанымен, ішіндегі сұйықтық бірдей. Яғни құрамында хлор қоспасы бар «рубеж» деп аталатын сұйықтықтың адам өміріне еш зияны жоқ екен. Біз сұйықтыққа толтырылған сөмке тәрізді канистраны арқаға тағып алдық. Айта кетейік, әлем елдері де залалсыздандыру жұмыстарын осы құралмен жасап жатқан көрінеді. Мен 28903 әскери бөлімнің прапорщигі Асхат Бектемісовпен бірігіп жұмыс істейтін болдым. Бір қарағанда жұмыс оңай көрінгенімен, мұның да өз әдісі бар екен. Бірінші залалсыздандыру жұмыстарын жүргізетін аумаққа барған соң, сол қолымызбен құрылғыны үздіксіз желмен толтыра оң қолымызбен тетікті басу арқылы кейін қарай шегіне басып жүріп отырдық. Асхат Бектемісовтің залалсыздандыру жұмыстарымен айналысып жүргеніне бір айдан асыпты. Өз ісіне әбден машықталған. Ол қазіргі ахуалға байланысты залалсыздандыру жұмыстарына атсалысуды өзінің әскери және азаматтық борышы деп есептейді. Бөлімше командирінің нұсқауы бойынша кез келген жұмысты атқаруға әзір екенін айтты. Мұндағы әр сарбаздың бойында жауынгерлік рухтың басым екені байқалады. Әскерилер «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының барлық бөлімдерінен тартылғанымен, елдегі жағдайға байланысты қазіргі мақсаттары ортақ.


Көп ұзамай, Асхат екеуміз жүктелген міндетті орындап біттік. Қорғаныш көзілдірігіміз буланып, қара терге түскеніміз тағы бар. Ендігі арнайы сақтандырғыш киімді шешудің өзі де бір жұмыс екен. Алдымен киімді шешпей тұрып, санитарлық дәрігерлер залалсыздандыру жұмыстарын жасайды. Бұл процес те сарбаздардың денсаулығына зиянсыз. Осыдан кейін әр адам өзінің қорғаныш киімдерін ретімен, яғни қолғаптан бастап шешеді. Шындығында, залалсыздандыру жұмыстарын айтпағанда, әскери тәртіп пен санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтаудың өзі үлкен жұмыс екен. Бүгінге міндеттелген тапсырманы орындап болған сарбаздар әскери бөлімде қайта сап түзеді. Онда әр топтың басшысы қала аумағындағы санитарлық жұмыстарға жауапты Арман Чокоевқа атқарылған жұмыстарды баяндады. Өз кезегінде Арман Чокоев жалпы бір күндік жұмыстың қорытындысын атқарушы органдарға жеткізеді.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында қала аумағын залалсыздандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Яғни Тараз қаласынан бөлек, Қызылорда және Түркістан облыстарында өңірлік қолбасшылықтың әскерилерінен санитарлық топ жасақталған. Соған қарап әскерилер коронавирус пандемиясының оңтүстік аймаққа таралмауы үшін күш біріктіргенін білуге болады. Індетті ауыздықтау мақсатында таң атқаннан сапқа тұрып, арнайы техникаларды сақадай сайлаған соң жұмысқа кірісетін сарбаздардың істерінде жүйе бар. Олар халықты үйден шықпауға шақырып, «Біз халықпен біргеміз!» деген ұранды ұстанып жүр. Енді олар елдегі ахуал оңалғанша қала аумағында залалсыздандыру жұмыстарын тоқтатпайды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.